![Жолсерік әнші қыз](/media/2023/10/02/174002139000.webp)
Ақылзатты бұл күнде ортасы жолсерік деп қана емес, әнші, әнші болғанда да «опера әншісі» деп таниды. Ол Жамбыл облысы, Құлан ауданы, Көгершін ауылында дүниеге келген. Әншілік атасы Сейітжапар мен әкесі Есімханнан дарыпты. «Әкем жылқы бағып жүріп дала төсін әнге бөлейтін. Бала күнімнен жанынан бір елі тастамай ауыл ішіндегі той-томалақта бірге ән шырқайтынбыз» дейді жолсерік өнерпаз. Жеткіншек шағынан опера әншілерінің туындыларын шырқап өскен Ақылзаттың ән салған даусын ауылдастары радио қосылып тұр ма деп ойлайды екен. Әншілікті кәсіби меңгеріп, өнер жолын таңдағысы келген. Бірақ мектепте оқып жүргенде Алматы қаласына ән байқауына қатысуға қаражат қолбайлау болып, өнерден бағытын аулақ бұруға шешім қабылдапты. Талантты қыздың тағдыры осылай теміржол саласымен қабысып кете барады.
Әлеуметтік желі жұлдызын жаққан жолсерік әншіні бұл күнде көпшілік көрген жерде қолқалап ән сұрайды. Тіпті тойға шақыратындар да бар екен. Бірақ ол өнерді табыс көзіне айналдырған емес. Өнер қашанда өзінің биігінен аласармайды. Таланттар түбінде танылады. Әнші қара орман тыңдаушының көңілін бұл күнде теміржолдың үстінде тербетіп келеді. Кәсіби игерген мамандығы теміржол саласына телулі таланттың орны расында да сахна болуға тиіс еді. Өйткені мұндай өнер екінің біріне қона бермейді. Жолыңыз түсіп, сіз отырған вагонда Ақылзат Сейітжапар қызмет атқарса, мерейіңіздің тасығаны. Діттеген жеріңізге дейін әнімен тербетіп жеткізеді.
Жолсерік әнші жайындағы бейнежазбаны төмендегі QR-код арқылы көруге болады.