Жемқорлық • 03 Қазан, 2023

Кісі өлімінен «бизнес» жасамайық

272 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда белгілі қаламгер Қорғанбек Аманжол әлеу­меттік желіде дүниеден озған адамның мәйітіне «тиіспеу үшін» жұрт патологиялық-анатомиялық бюро (ПАБ) бөлімшесінің яғни мәйітхана қызметкерлері жақынынан айырылған кісіден ақша дәметкені туралы ашына жазды.

Кісі өлімінен «бизнес» жасамайық

«Кеше кешке көрші ағай қайтыс болыпты. Аңқылдаған ақкөңіл жан өтті өмірден. Жаңа әзірде үйіне кіріп шы­ғып, кө­ңіл айттық, батамызды жа­садық. Ағайдың мәйіті үйге әкелінбепті. Мәйіт­ха­на қызметкерлері сой­май беру үшін 200 мың тең­ге сұ­рап­ты», дейді жеңгей. Осын­дай келеңсіздікке тоқтау, ты­йым бар ма, әлеумет? Әл­де, бұл заңдастырылған заң­­сыз­­дық па?», депті ол. Біз мәйітхана қызметкерлерінің әрекеті қол­да­­ныстағы заңнамаға қай­шы келеді, Ата Заңында өзін әлеуметтік мемлекет деп жа­риялаған елімізде кісі өлі­мі­нен «бизнес» жасауға жол беріл­м­еуге тиіс деген пікір біл­дірдік. Әріптес ағамыз бізден мәселенің мән-жайын нақты біліп беруімізді сұраған соң, қол­даныстағы заңнамаға тағы бір үңілуге тура келді.

2020 жылғы 7 шілдеде қа­­былданған «Халық ден­саулығы және денсаулық сақ­тау жү­йесі туралы» кодекстің 131-бабының 4-тармағында: «Ана, сәби өлімін немесе өлі тууды қоспағанда, өлім­нің зорлық-зомбылықтан бол­ғанына күдік болмаған кезде мәйіт­ті патологиялық-ана­то­миялық ашып қарау жүр­гі­­зілместен беруге рұқсат еті­­­леді. Өлімнің тікелей се­бе­бі анықталмаған кезде па­то­­­логиялық-анатомиялық диаг­ностика жұбайының (за­­йы­­бы­ның) немесе жақын туыс­та­рының бірінің немесе заң­ды өкілінің жазбаша ке­лісімі болған кезде жүзеге асы­ры­лады», деп көрсетілген. Бас­қаша айтқанда, адамның өз ажалымен өмірден өткеніне кү­дік болмаған жағдайда оның мәйітін ашып қарау мін­детті емес. Аталған баптың 9-тар­мағында: «Патологиялық-ана­томиялық ашып қарау қайтыс болған адамның денесіне ізгі ықтияттылықпен қарай оты­рып және оның сыртқы ана­томиялық қалпын барынша сақтай отырып жүргізіледі», деп ескертілгендігі де – орынды талап. Ал Денсаулық сақ­тау министрінің 2020 жылғы 14 желтоқсандағы бұйры­ғы­мен бекітілген «Қазақ­стан Республикасында па­то­ло­гия­­лық-анатомиялық диаг­нос­тика көрсетуді ұйым­дас­тыру стандартында» ана мен нәресте өлімі болғанда, бала өлі туғанда патологиялық-ана­томиялық ашып қарауды тоқтатуға жол берілмейтіндігі, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымынан тыс жерде балалар кенеттен қайтыс болған жағдайда олардың мәйіттері сот-медициналық сараптама жүргізуге жататындығы нақ­тыланған.

Мәйітті патологиялық-ана­­­томиялық зерттеу жүргізу кезінде зорлық-зомбылықтан болған өлім белгілері табылған жағдайда ашып қарау тоқ­та­тылып, мәйітхана басшысы мәйітті сот-медициналық са­рап­тамаға тапсыру үшін бол­ған жайт туралы сот-тергеу ор­­гандарына хабарлайды. Ал ашып қарау кезінде жұқ­па­лы ауру, тағамнан немесе өндірісте улану белгілері анық­­талған жағдайда патологанатом дәрігер санитариялық-эпидемиологиялық қызметке шұғыл хабарлама жолдайды.

Күмәнді жағдайда қайтыс болған адамның жұбайының не зайыбының, немесе жа­қын туыстары мен заңды өкі­лінің талап етуі бойынша па­то­ло­гиялық-анатомиялық ашып қарау жүргізілетіндігін де айт­­­қан жөн. Мұндайда ашып қа­рау тәуелсіз сарапшыға тапсырылады. Аталған стандартта көрсетілгеніндей, елі­мізде патологиялық-анато­мия­­­лық диагностика тегін ме­­ди­циналық көмектің кепіл­дік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру жү­йесі бойынша көрсетіледі. Бұ­ған қоса, қолданыстағы заң­нама бойынша мәйітханаға қайтыс болған адамның денесін уақ­тылы жеткізу міндеті ден­саулық сақтау ұйымының бас­­шылығына жүктелген. Осы­­лайша, мәйітті мәйітханаға апа­рып ашып қарау жұмысы қайтыс болған адамның жа­қындарының келісімімен әрі ақысыз жүргізілуге тиіс. Әри­не, жергілікті жерлердегі ауру­ханалардың басшылары мәйітті мәйітханаға апаруға авто­көлік немесе жанармай жетіспегендіктен, марқұмның туыстарына салмақ салып жататыны жасырын емес. Себебі, көптеген ауылдық ауданда ПАБ бөлімшелері жоқ. Мәселен, Солтүстік Қазақстан об­лысындағы 13 ауданның 4-еуінде – Айыртау, Ақжар, Ға­бит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарында ғана ауданаралық мәйітханалар бар. Оларға жаздың жауын-шашынды, қыстың боранды күн­дерінде көршілес аудандардан қатынау оңай емес. Қалай болғанда да, «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол, Қаза көр­ген жүрегі жаралы – ол» деп дана Абай бабамыз айт­қандай, ажалға қимайтын қым­­бат адамы дүниеден озып, қай­ғы жұтып отырған от­ба­сыға марқұмның мәйітін ашып қарау үшін көлік іздетіп, қосымша ауыртпалық салу заң­сыз әрі адамгершілікке жат­пайды.

Сонымен қатар, мәйіт­ханалар мә­йітті сақтау үшін қайтыс болған адам­ның бетін немесе тұтас денесін бальзамдау, әрлеу сияқ­­ты қызметтерді ақылы негіз­де көрсететіндігін де біл­ген жөн. Бұл – әрине, кі­сісі өлген отбасының өз ер­кімен әрі ұлтының әдет-ғұр­пына қарай шешетін мәселе. Қорғанбек Аманжолдың ай­­туына қарағанда, мәйітхана қыз­­меткерлерінің арасында алаяқ­­­тықпен айналысып, заң­намадан бейхабар адамдарды алдап, көлденең табыс тауып жүр­гендер бар сияқты. Алайда қаралы жанның өлім жөнелтуге байланысты қа­уырт шаруасы басынан асып жататындықтан, осы жайлы құқық қорғау органдарына хабарлап, алаяқтарды заң алдында жауапқа тарту қажеттігін ойлауға да мұршасы келе бермейді. Оның үстіне, алаяқ­тық қылмысты әшкерелеу үде­рісі күрделі болғандықтан, қыруар уақыт жұмсауды талап етеді. Осыған орай, жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Қылмыстық кодекс­ке «Па­раны сұрау және талап ету» атты жаңа 366-2-бапты енгізуді ұсынып отыр. Онда ше­неунікті не лауазымды адам­ды пара сұрағаны немесе талап еткені үшін белгілі бір қызметпен айналысу құ­қығынан өмір бойына айыра отырып, 2 мың айлық есептік көрсеткішке (6 млн 900 мың теңге) дейін айыппұл салуға не сол мөлшерде 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тар­туға не 2 жылға дейін бас бос­тандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалау белгіленген. Антикордың бұл бастамасын қолдау қажет деп санаймыз.