08 Маусым, 2010

Әлем өткен аптада

424 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ОДАҚТАРҒА ҚОСЫЛМАЙДЫ Украина парламенті – Жо­ғар­ғы рада елдің блоктарға қо­сыл­майтын мәртебесін бекітті. Бұл ұсынысты президент Виктор Янукович енгізіпті. Демек, елдің бұрынғы басшылығы НАТО-ға кіруді бағдар тұтса, енді оған жол кесілді. Бұл шешіммен президент Янукович Ресейдің көңілін тап­қандай. Бірақ ол Батысты да ұмыт­пай отыр: Янукович өздері­нің Абхазияның, Оңтүстік Осе­тияның тәуелсіздігін танымай­ты­нын мәлімдеді. Бұл Ресей саясатына үлкен соққы. Жалпы Украина президенті екі жақтың да көңілін тапқысы келеді. МАНСАПҚА БАС ҰРМАҒАН Германияның федералдық президенті Хорст Келер қызме­тінен кететінін мәлімдеді. Кетуге себеп – жұртшылық оның қажет кезінде ел мүддесі үшін күш қолдану да керек деген пікіріне қатты сын айтқанын қаламапты. Кетем дегенге бұл ел аса қатты жалынбайды. Канцлер Ангела Меркель телефон арқылы үгіттеп көріп еді, көнбеді. Сондықтан ол президенттікке үміткердің атын да атап жіберді – билеуші коалициялық үкіметтің атынан еңбек министрі Урсула фон дер Лайен ұсынылмақ. Ал сайлау 30 маусымда өтеді. ҚАРУҒА ДАҒДАРЫС ЖОҚ Экономикалық дағдарыс ке­зін­де көп сала күйзеледі. Әсіресе, әлеуметтік салаға қаржы азайып, халықтың тұрмысы төмендейді. Бірақ қаруға жұмсалатын қаржы көбеймесе, азаймайды екен. Өткен жылы қаруға бөлінген қаржы әлемде 5,9 пайызға өсіп, 1,5 триллион долларға жетіпті. Әсіресе, АҚШ, Қытай, Үндістан сияқты елдерде көбірек өскен. ӘЛСІЗДІГІН МОЙЫНДАДЫ Жапонияның премьер-ми­нис­трі Юкио Хатояма қызме­ті­нен кетті. Ол жыл толмай қызме­ті­нен кеткен төртінші үкімет бас­шысы. Сөйтсе де оның: “Елдегі жағдайды оңалта алмадым, жапон халқын батыр еткім келіп еді, бірақ қолымнан келмеді, ең алдымен өзімнің әлсіздігімнен”, деген сөзі жұрттың есінде қалатыны анық. Жаңа премьер-министр болып вице-премьер, Демократиялық партияның жаңа лидері Наото Кан сайланды. АҚШ – ҚАРЫЗЫ КӨП ЕЛ Қазіргі заманда қарызсыз ел жоқ. Қарыз алу қажеттілікке ай­нал­ған заман. Қарыз алып, одан пайда тауып жатсаң, оның айы­бы жоқ. Және қарызды да жағ­дайы бар ел алады. Жағдайы жоқ­қа ешкім қарыз бермейді. Рас, бір елдің қарызы көп, бір ел­дің қарызы аз. Әлемдегі ең алып ел Америка десек, ең қары­зы көп те сол АҚШ екен. Қазіргі күнге дейін оның қарызы – 13 триллион доллар. Кешегі прези­дент Джордж Буш кезінде 4,9 триллионға өсіпті. Президент Обама оны қысқартпақ болып әлек. Бірақ биыл қарыз 14,3 триллион долларға жетпек. Жалға жер алған Қытайдың Хеймунцзян про­вин­циясының үкіметі Ресейдің шекаралас аймағынан 426,6 мың гектар жерді жалға алып, онда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірмек болып отыр. Мұндай тәжірибе бұған дейін де жүзеге асырылып, одан екі жақ та пайда көрген. Айталық, Муданьцзян қаласы биыл 146,6 мың гектарды жалға алыпты. Бұл өткен жылғы­дан 42 пайызға көп. ЧАВЕСТІҢ ЦЕНЗУРАСЫ Венесуэланың президенті Уго Чавес нағыз тоталитарлық социа­лизм­нің тәртібіне көшкенін аңғарт­ты – елде ақпараттардың таралуын бақылайтын агенттік құрылды. Оның мақсаты туралы айтқанда, ол мемлекеттік мүддеге қайшы келетін хабарларға тыйым салмақ. “Цесна” деп аталатын бұл агенттік, әрине, ең алдымен Чавеске қарсы айтылған сынды мемлекеттік мүддеге қарсы әрекет санайтыны белгілі. “АГАТАНЫҢ” АПАТЫ Өткен аптада Орталық Аме­ри­ка елдері “Агата” деп аталатын дауылдан көп зардап шекті. Қираған ғимараттар, бүлінген жол, көпір, егістік, бау-бақшаны былай қойғанда, күні бұрын хабардар болғанына қарамай, 140 адам қаза тауып, ондаған адам хабар-ошарсыз кетті. Әсіресе, Гватемала көп зардап шекті. Онда 120 адам қаза болған. ЖЫЛЫЖАЙДА ЕУРО “ӨСЕДІ” Жылыжайда көкөніс өндірі­ле­ді және оның өнімдері айтар­лықтай қымбат болады, иесіне үлкен пайда келтіреді. Бірақ Грузияның батысындағы Гегути селосындағы Бочорошвили деген­нің жылыжайында табылған “өнімнің” бағасы тым қымбат болып шықты – 2 миллион еуро. Сонда көмілген екен. Кім көм­ге­ні әзірге айтылмайды. Жылы­жай­дың иесі Испанияда жүрген көрінеді. Сондай “өнімді” поли­цияға кімнің хабарлағаны да әзір­ге айтылмай отыр. Сірә, мұ­ның бәрі уақытша шығар, мұн­дай “өнімнің” иесі болмауы мүмкін емес. Әзірлеген  Мамадияр ЖАҚЫП.