Көрме • 03 Қазан, 2023

«Мен жүрегіммен көремін»

295 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өзіне ғана аян қараңғы түнек ішінде тіршілік кешіп жүрген адамның ішкі дүниесі сыртқы дүниені қалай қабылдайтынын, жарық сәулені жүрекпен танудың ерекше жұмбағын «Мен жүрегіммен көремін» атты бірегей көрмені тамашалағандар шын түсінді. Қарапайым адам ақпараттың 80 пайызын көру арқылы қабылдайды. Ал ерекше дамыған сезімі мен түйсігіне ғана арқа сүйеген зағип жандардың да өз шуақты күндері, шұғылалы әлемі бар екеніне осы көрме куә. Қараңғылық оларды сыртқы әлемнен айырып, өздерінің ішкі әлемін түйсінуге мүмкіндік береді. Оларды алаңдататын артық еш нәрсе жоқ. Мұны өзіңнің жан дүниеңе саяхаттау деп атауға да болады.

«Мен жүрегіммен көремін»

Жоба әлемнің сұлу­лығына ерекше тәнті жан­дар­дың мәңгілік өнерге деген махабба­ты­на арналған. Өнер – түйсіну мен қабылдауға тікелей байланысты тылсымға толы құпия әлем, сондықтан болар оның жемі­сін қоғамның аз ғана бөлігі қабыл­дайтыны қалыпты жайт. Маң­дайында қос шырағы жанып тұрған жандардың өзі түсіне бер­мей­тін өнердің өмірге құштар жан­дардың тарс жұмулы жанарынан туды дегенге сенгің келмейді. Алай­да адамның әлемді көзбен емес, жүрекпен көретініне олар осы­лай иландырып отыр. Бұл әлеу­меттік жоба – екі арадағы парал­лель түйсіктерге ауыса отырып, қоршаған әлемді тереңірек түсі­ну­ге жетелейді.

Жүрек барда, дүниені сезіну бар. Кенепке майлы бояумен салынған Ардан Ғалымұлы­ның «Еркіндік», Илья Смертиннің «Табиғат», Валерий Кор­ни­ловтың «Авто­­портрет», Инно­кентий Кононовтың «Шабындық», Мичил Мои­сеевтің «Арман» атты картина­ларында әлемге деген өз көз­қарасын, оны іштей қалай көре­тінін және сезінетінін ешкімге еліктемеген дербес қиялмен жеткізе алған.

ва

Көрмені ұйымдастыру идея­­­сының авторы Марика Андрее­­ва­ның жетекшілігімен сезімін, арма­нын бейнелей отырып салған карти­наларда әр суретшінің жүрек тербейтін тағдыры мен тари­хы­ қоса бейнеленген. Өзінің бағын бейнелеу өнерінен іздеп жүр­ген­ Ардан Ғалымұлын қолдап, әрда­йым жанынан табылатын зайыбы Томи­рис: «Мен әлемдегі ең керемет жігітке күйеуге шықтым. Үйленгенімізге үш жыл бол­ды, біз бақыттымыз. Мен одан мейірімді, кішіпейілдікті, адамның бәрін сүйетін ізгілікті үйрендім. Мен – Арданның көзімін, ол – менің жүрегім!», дейді. Ардан зағип жандардың әлеуметтену тақы­ры­бымен айналысатын белсенді блогер де. Иннокентий Кононов болса, өз қолымен үй салыпты. Ал көз ақауымен дүниеге келіп, меди­цинаның дәрменсіздігінен көру қабілеті бірте-бірте нашар­лап, біржола қараңғы түнек ішін­де қалған Сахая Данилова «Күн ұясына қонғанда» деген шығар­ма­сында қошқыл түске боялып, батып бара жатқан күнге қы­зық­тап қарап тұрған отбасыны бей­нелейді. Сахая тарих фа­куль­тетін тәмамдаған, кітап оқиды, жүгірумен, үстел тен­нисімен, өзін-өзі үздіксіз жетіл­ді­румен айналысады. Тұрмыс құрып, отбасылы болуды армандайды. Бұл – талантты қыз-жігіттер көр­ме­ген нәрсені көру, сезінбеген нәрсеге ғашық болу, түсінбеген нәр­сені қабылдау сияқты адамның жан дүниесіндегі өзге шындықты жа­нары жай­на­­ғандардың алдына жайып сала­ды және сырттағы қауым­­­д­­астықтың қалыпқа са­лын­ған шектеулі, үйреншікті түсінігіне соқ­қы береді.

Бұл суретші рөліндегі тәжі­ри­бе осы жобаның әрбір қаты­су­шы­сының эксперименттерге­ дайын батыл тұлға екенін сипат­­тайды, өй­ткені олардың еш­қай­сы­сы суретші мамандығы бо­йын­ша арнайы білім алмаған. Мем­лекеттік өнер музейінің маман­да­ры олардың әлеміне үңілуге мүм­кіндік берген бірегей сипатты көрме үшін, өмірді шексіз сүйе­тін жүрегінің ашықтығы мен тазалығы үшін алғыс айтты. Мұн­дай көрмелер он екі мүшесі сау, ағзасы аман әрбір адамның жан дүниесінің тұңғиығынан жаңа бағыттарды іздеуге сөзсіз көмек­те­се­тін керекті жоба екеніне көз жеткізе түседі.