Жануарлар • 04 Қазан, 2023

4 қазан – дүниежүзілік жануарларды қорғау күні: Жан-жануар да қамқорлыққа зәру

530 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл күн – елімізде де ерекше күндердің тізімінде. Жануарлар әлемін қастерлеп, қорғау – халқымыздың болмысында бар нәрсе. Әйткенмен бүгінде жағдай анау айтқандай болмай отыр.

4 қазан – дүниежүзілік жануарларды қорғау күні: Жан-жануар да қамқорлыққа зәру

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Дәл осы күні, яғни 4 қазанда Халықаралық жануарлар күнін тойлау шешімі 1931 жылы Флоренцияда өткен қоршаған орта мен табиғатты қорғау Халықаралық конгресінде қабылданды. Өйткені 4 қазан – жануарлардың қорғаушысы саналған католик әулиесі Франциск Ассизскийді еске алу күні. Атаулы күн белгіленгеннен бері бұл мереке кең ауқымда аталып өте бас­тады. Әлем елдері жануарларды қорғаудың халықаралық мейрамын өз деңгейінде өткізу үшін түрлі іс-шара ұйымдастырады. Мәселен, жануарларды қорғап, сақтау үшін белгіленген бұл күннің мақсаты – қоршаған ортада жойылып бара жатқан жануарлар мен басқа да тіршілік иелерінің саны аза­йып кетпеуіне көңіл бөлу үшін көптеген маман тер төгіп келеді.

Дүниежүзілік табиғат қорының (WWF) мәліметінше, әр сағат са­йын жер бетінен үш жануар, күн сайын флора мен фаунаның 70 түрі жо­йылады екен. Тек кейінгі 25 жылда жер бетіндегі биоалуандылық 3 есеге қысқарып, жалпы алғанда 34 мың жануар мен өсімдік жойылып кету алдында тұр. Сондықтан да еліміз үшін бұл атаулы күннің маңызы зор дейді мамандар. Мәселен, 2009 жылдан бері еліміз Дүниежүзілік жануарларды қорғау күнін атап өтіп, жануарларға жауапкершілікпен қарау, соның ішінде жойылып кетудің алдында тұрған аң-құстарды қорғауға жұртшылықтың назарын аударуды көздеп келеді. Айта кетейік, жойылып кету қаупі төнген жануарларды қорғауда Қазақстанның «Қызыл кітабы» маңызды рөл атқарады.

Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің мәліметінше, республика аумағында омыртқалы жануарлардың 835 түрі мекендейді, оның ішінде сүтқоректілердің – 178 түрі, құстардың – 489 (олардың 396-сы елімізде ұя салады, басқалары тек қыстауға ұшып келеді немесе көктем мен күзде ұшып кетеді), бауырымен жорғалаушылардың – 49, қосмекенділердің – 12, балықтардың – 104 және дөңгелек ауыздылардың 3 түрі бар. Сонымен бірге ел аумағында омыртқасыздардың шамамен 100 мың түрі, оның ішінде жәндіктердің 50 мың түрі мекендейді. Омыртқалы жануарлардың 128 түрі мен түр­ше­лері, оның ішінде балықтардың – 18, қосмекенділердің – 3, бауырымен жорғалаушылардың – 10, құстардың – 57 және сүтқоректілердің 40 түрі Қазақстанның «Қызыл кіта­бына» енгізілген. Сонымен қатар омыртқасыз жануарлардың 96 түрі, оның ішінде буылтық құрттардың – 2, моллюскалардың (жұмсақ дене­лілер) – 6, шаян тәрізділердің – 1, өрмек­шітәрізділердің – 2, жәндіктердің 85 түрі еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген. Ал сүтқоректілердің 34 және құстардың 59 түрі – аң аулау объектілері.

«Қызыл кітап» – Халықаралық таби­ғат­ қорғау одағының халықаралық дәрежедегі құжаты. Оған сирек кез­десетін, жылдан-жылға азайып не жойылып бара жатқан жануарлар мен айрықша қорғауды қажет ететін өсімдік түрлері тіркеліп, ерекше қорғауда болады. Қазір елімізде көптеген аң-құс, өсімдік «Қызыл кітапқа» енгенімен, табиғат қаскөйлеріне бұл да бөгет бола алмай отыр.

Атаулы күнге орай табиғат жа­н­а­шырларына хабарласып, жануар­лардың қорғалуы және оларды қорғауға алған «Қызыл кітаптың» пәрмені туралы сұрап көрген едік. Мәселен, қоғам қайраткері Сәдібек Түгелдің айтуынша, заңсыз аң аулаушылар «Қызыл кітапқа» енген аң-құсты аулау кезінде олардың арнайы кітапқа енгенін, ерекше қорғауда екенін біле тұра аулайды.

«Кейбіреулер заңды білмейді. Заңның насихаты жоқ. Ал кейбір қаскөйлер қасақана табиғатқа залал келтіреді. Тығылып аулап, жасырып сатып, шетел асырады. Сондықтан олардың қасақана істелген әрекетіне сай жаза да жеңіл болмауға тиіс. Бізге ең бірінші жалпы табиғатқа жанашыр болатындай мықты заң керек. Менің ойымша, «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарларға, құстар мен өсімдіктерге жеткілікті дәрежеде қамқор бола алмай отырмыз. Браконьерлер оларды қалауынша атып, сатып, жойып, бас пайдасына жаратып жатыр. Олардың жойылып бара жатқаны, ерекше қорғауда екені, «Қызыл кітапқа» енгені қаскөйлерді толғандырып тұрған жоқ. Өйткені оларға тағайындалатын жаза сескенетіндей дәрежеде емес. Жалпы, елімізде табиғатқа жанашырлық – өте төмен деңгейде. Табиғаттың қай байлығы болмасын аяусыз тоналып жатыр. Осы жағдайда ең болмаса «Қызыл кітапқа» енгендеріне ерекше қамқорлық жасай білсек дұрыс болар еді. Өйткені осы бетімізбен кете берсек, оларды мүлдем жоғалтып аламыз. Неге халықаралық деңгейдегі қорғалып жатқан аң-құс, өсімдіктер біреулердің жеке мақсаты үшін жойы­луы керек? Сондықтан тез арада табиғатты қорғауға қатысты, жазасы күшейтілген, әсіресе «Қызыл кітапқа» енген аң-құсты жойғаны үшін залалының орнын бірнеше есе көбейтіп қайтаратындай жаза қарастырмасақ, «Қызыл кітапты» ғана құшақтап қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан мұндай атаулы күндерді ел болып елеп, ауқымды акциялар өткізуіміз керек», дейді ол.

Қорыта айтқанда, еліміздегі жануарлар әлемін қорғау үшін «Қызыл кітаптың» аздық ететіні байқалады. Мамандардың пікірінше, оған заңның солқылдақ тұсы да әсер етіп отыр. Сондықтан қоршаған ортаны қорғауды өскелең ұрпақтың санасына жаста­йынан сіңіру арқылы экомәдениетті қалыптастыруға болатын көрінеді. Мысалы, «ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» деген аталы сөз бар. Қадірін білген адамға – қазыналы сөз. Бұл – бізге халқымыздың биік парасатын көрсетіп тұрған бір белгі. Адам киікті бұрын қажеттіліктен аулады. Сонда да «ысқырып ат» дейді. Киік қапыда кетпеуі үшін оған да бір мүмкіндік берілуге тиіс. Әйтпесе, обал болады дейді дала заңы. Жануарларға қатысты мұндай тәлім-тәрбие ұрпақ жадынан алыстамауға тиіс.