Еңбек • 04 Қазан, 2023

Орманшыны не толғандырады?

621 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өткен жылдың аяғында жергілікті маңызға ие Орқаш орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі құрылды. Бұл – Ақтөбе облысында сегізінші болып құ­рыл­ған табиғат қорғау мекемесі. Оған Темір орман шаруашылығынан 57 469 гек­тар жер бөлініп, мекеме кеңсесі Мұғалжар ауданының Қаракөл ауылын­да орналасатын болды.

Орманшыны не толғандырады?

Алайда мекеме қызметкерлері бір жылдан бері жеке кәсіпкердің ғима­ратын уақытша паналап отыр. Бұл жерде интернет байланысы жоқ. Бұл ауылдың бұрынғы атауы – Орқаш. Табиғат қорғау мекемесі басшылығына осы жақтың әрбір тасын білетін Кәмшат Ермағамбетов тағайындалды. Қазір бір орманшы, екі орман шебері, 14 орман қорғаушысы Орқаш, Ембі, Жұрын бөлімшелерінде кезекшілікте жүр. Әлі де екі маманның орны бос.

1990 жылға дейін Ақтөбе облысында табысты жұмыс істеген 11 орман шаруашылығы қаланың айналасынан қорғаныш белдеуін құрып, далалықтағы 8 өзен бойын көгалдандырды. Жұрын орман шаруашылығы мамандары Мұғал­жар тауының баурайына құм тоқ­тата­тын көпжылдық бұталар мен шөлейт­ке төзімді ағаштар отырғызды. 1993 жылы орман шаруашылықтары қысқартуға ұшыраған кезден бастап еліміздегі дала өсімдіктері мен жануарларын қорғау жүйесі әлсіреді. Орманшылар жал­а­қысыз, жарақсыз, жаяу қалды. Ақы­ры қажетсіз маман­дыққа айналды.

Қорғаушысы кеткен соң ормандар оталып, қараусыз қалды. Ағашы азайған тоғайдан аң-құс қашты. Темірге қосылған Жұрын орман шаруашылығы да осындай күйге түсті. Дегенмен отыз жылдан кейін Орқаш атауымен қайта құрылып, Темір орман шаруашылығынан үш ескі трактор, «УАЗ», «Нива», «LADA Priora» көлігін еншіледі. Бірақ бір трактор жүрмейді, басқа көліктердің де жағдайы мәз емес. Қазір осы техникалар Қаракөлдегі Кәм­шат­тың үйі жанында қаңтарылып тұр. Қыс жақындап қалды, көліктердің қосалқы бөлшегі мен жанар-жағармайын сақтайтын орын тағы жоқ.

Орқаш мекемесі аумағындағы Көк­жиде стратегиялық жерас­ты су қоры төңірегінде 6 ком­пания мұнай өндіреді. Бұл жақтағы мұнай тиелген көлік­тер топырақты бүлдіріп, сирек өскен дала өсімдіктерін тап­тап жатқаны өз алдына, көліктен шыққан от ұшқыны ыстықта дала өртін туды­рады. Орманшылардың негізгі міндеті – орман күзеті және өрттің алдын алу. Жақсы жаңалық: биылғы тамызда Қаракөлде өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталды. Мұнымен бір кезде дәл осындай екі бекет Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында және Қобда ауданында салынып жатыр. Жазда Орқаш табиғат қорғау мекемесіне жергілікті бюджет есебінен LOVOL 2204, LOVOL 1054 маркілі үш трактор сатып алынды. Қаракөл ауылынан Құмжарған мен Көкжиде құмдарына дейінгі арақашықтық – Ембі қаласы арқылы 150 шақырым, Қандыағаш арқылы 300 шақырым. Орманшылар осы жаққа кезекшілікке жеке көліктерімен шығады.

«60 мың гектар алқапты күзетуге жол талғамайтын көлік керек. Біздің жағдайымызда ең қолайлысы – «УАЗ Патриот» және «ГАЗель» көліктері. Қазір елімізде құрастырылған «ГАЗель-Бизнес» көлігі 14 млн теңге, ал «УАЗ Патриот» 12 млн 620 мың теңге тұрады. Осы екі көлік орманшыларды тасуға қолайлы. Іші кең, адам отыратын орындар жеткілікті әрі алыс жолға шыққанда қосалқы бөлшек, тұқым, жағармайды тиеп алуға болады», дейді К.Ермағамбетов.

Жазда Орқаш, Ембі, Жұрын ауылы­ның 70 тұрғыны «Жасыл ел» бағдарламасымен екі ай жұмыс істеп, орман ішін қураған ағаштардан тазартты, қарағай суарды. Негізі «Жасыл ел» студенттер үшін ашылған бағдарлама болғанымен, биыл оған әлеуметтік жұмысқа тартылғандар қосылды. Алайда әлі аяқтан тұрмаған мекеменің мойнына жұмыссыздарды іліп қою дұрыс емес. Табиғат қорғау мекемесінің аумағы өте үлкен. Мәселен, Қаракөлге ең жақын учаске 9 шақырым жерге жұмыссыздар жаяу жете алмайды. Жазда 70 адамды екі мезгіл әрі-бері тасымалдауға ауыл­дан көлік табылмады. Сол үшін де жұмыссыздарды маусымдық жұмысқа тартуға бөлінген қаражат жалақысына жанармай құйып жүрген орманшыларға берілсе тиімді болар еді.

Бұл жақтың табиғаты біркелкі емес. Орқаш пен Құмжарғанның жері – құмды алқап. Адам белінен құмдардың арасында келе жатқанда, айдаладан көк жасыл тоғай, бұлақтар, көлдер көп кездеседі. Бұл жақта Көкжиденің жер­­асты суы жақын болған ертеректе қолдан отырғызылған ағаштар көгеріп көктеп тұр. Бұл жерде Жұрын орман шаруашылығы мамандары 1980 жылы отырғызған емен, шырша, қайың, қарағай, сексеуіл, жыңғыл тоғайлары қалың болып өскен екен.

«Биыл орманшы, орман шебері, орман бақылаушысының жалақысы 100 пайыз өсті де, керісінше механизатор мен көлік жүргізушілерінің еңбекақысы сол күйінде қалды. Орман жұмысында ең керек маман – механизатор мен көлік жүргізушісі. Олар дабыл түскен бойы ең бірінші болып келеді де, өрттің алдынан шығып, жерді жыртып тастайды. Құмжарған мен Көкжиде Қаракөлге өте қашық болғандықтан, жарақты көлік даяр тұрмаған соң, орманшылар тез жете алмайды. Жазда орманның айналасынан шаруа қожалықтары шөп шапқанда қызметкерлеріміз қурап тұрған шөпке ұшқын түспесін деп екі ай бойы кезекшілікте жүрді. Осылай аянбай еңбек етіп жүрген механизатор мен жүргізушілеріміздің еңбекақысы 80-100 мың теңге болса, бұл кезде Мұғалжар ауданында мұнай мекемесінде жұмыс істейтін механизатор 250 мың теңгеден жоғары алады. Сол себепті бізде жүргізуші тұрақтамайды», дейді К.Ермағамбетов.

Табиғат қорғау мекемесінің бір бөлімшесі – Ембінің жері тастақ, биік төбелері көп. Екі жыл бұрын ол жаққа 120 түп қарағай, бірнеше шыр­ша көшеті отырғызылды. Қылқан жапырақтыларды Ембі бөлімшесінің орманшысы Владимир Красноружинский күтіп баптайды. Дәннен шыққан шыбықтардың тамыры бір-біріне байланса, өспей қалатын болған соң, ерте көктемде таратылып отырғызылады. Қазір жаз бітті, ағаштар ұйқыға кетті деп отыруға тағы болмайды. Күз бен қыста орманның шаруасы жеткілікті. Аяз қысқанда азық іздеген жабайы қабан мен елік талдарды кеміріп кетеді. Суық өтіп, қабығы жалаңаштанған ағаштар көктемде көктемей қалса, орманшы еңбегінің зая кеткені. Сол үшін де емен, шырша, қарағай алқабын айналдыра тікенек сыммен қоршап тастаған жөн. Алайда табиғат қорғау мекемесінің бюджетінде ағаштарды қоршауға қаржы қарастырылмаған. Оның үстіне желтоқсанның ортасынан бастап қылқан жапырақты ағаштарды ұрлап сататын браконьерлер төңіректейді. Орқаштың орманшылары 31 желтоқсанға дейін шыршаларды күзетеді.

Ағашы көп жерде тіршілік жанданады. Қураған, кәрі талдары кесіліп, олардың орнына алуан түрлі жас шыбық егілсе, тоғай жасарады. Орман ағаш дәнінен шыбық өсіретін тәлімбақтар арқылы кеңейеді. Бұл жерде жартас басына қарағай еккен ембілік Владимир сияқты жұмысқа жанын беретін мамандар керек. Кәмшат далалықтан тәлімбақ ашуға жер іздеп, Темір мен Жем өзендері бойынан ыңғайлы орын тапқанымен, жас шыбықтарды тасымалдауға алыс болған соң, бұл ойынан бас тартты. Тәлімбаққа ең бірінші су керек. Ал далалықта еріген қар суы жиналған жерге тұқым салуға тағы болмайды. Жазда мұндай көлшіктер не кеуіп кетеді, не суы борсып кетеді. Сол үшін ұңғы қазып, жер астынан су шығару керек. Кедергілер алдан шықпаса, бұл шаруа­ны орындау аса қиын болмас. Ағаш тұқымдарынан көшет шығарып, оны таратып жерсіндірсе, орман аумағы көбейеді. Мәселен, қарағай дәнінен шыбық өсіру көп қаржыны емес, ықылас пен тиянақтылықты қажет етеді. Мұның ең оңай тәсілі – қарағай тұқымын шашар кезде айналасын жыртып тастау. Сонда ағаштың жаңғағынан ұшқан дән жыртылған жерге түседі де көктейді. Кейін көшетін көшіріп жүрмейсің.

Стратегиялық тұщы су қоры орналасқан Көкжидеге төнетін эколо­гиялық зардаптың алдын алу, құм басу қаупі жоғарылаған Құмжарған мен Жұрында шөлге төзімді ағаштар мен бұталардан жасыл белдеу құру жұмыстарын тездету үшін осы мекеменің Құмжарған бөлімшесін ашу керек. Сусыған қалың құмнан көлік жүрмейтін болған соң, орманшыларға қиын. Құм басуды жасыл өскіндер ғана тоқтатады.

Орқаштың 2 900 гектар тоғайында ақ қайың, көктерек, қарағай, емен, қандыағаш, итмұрын, қасқыржидек, мо­йыл, қарақат, жержидек, мүкжидек өседі. Орқаштың қалың тоғайларын тоғыз түрлі жыртқыш құс мекендегендіктен, бұл жерді «бүркіт патшалығы» деп те атайды. Таңғажайып Көкжиде тұщы су қоры тағы бар.

Орқаш орманын 1979 жылдан бері орынборлық ғалым, география ғылым­дарының докторы Александр Чибилёв зерттей келе, осы төңіректен 300-ге жуық жоғары сатыдағы өсімдік түрін тапты. Оның 32 түрі эндемик екен. Орқаштан өсімдіктануға қосылған олжа – еліміздің «Қызыл кітабына» енген дөңгелек жапырақты күнбағыс пен мұз дәуірінен қалған папоротник тұқымдас өсімдік. Өте ежелгі папоротниктің осы түрі Мұғалжар мен Алтай тауында ғана өседі.

Назар аударарлық жайт – бір жылдан бері Орқаштың орманшыларына­ арнайы киім мен қызметтік жетон берілмеген. Түз жануарларының тыныштығын бұзушылар мен заңсыз ағаш кесушілермен күресетін орманшылар қазір жай киіммен жүр. Оларды алыстан ажырату қиын. Мемлекеттік сатып алу заңындағы кедергілер де табиғат қорғаушылардың қолын байлап тұр. Орқашқа Темір орман шаруашылығынан бөлінген төрт көлікті тезірек жөндеу керек. Өйткені орманшыға көлік жетпей жатыр. Қажет құралды сатып алу үшін мемлекеттік тапсырыс порталы арқылы конкурс жариялау керек. Бұл жерде ешкім мемлекеттік сатып алу заңын аттап өте алмайды. Сол үшін төтенше жағдай қызметі, ауруханалар мен табиғат қорғау мекемесі сияқты жұмысын кідіртуге болмайтын, халыққа ең қажетті салаларға тендер шартын бір көзден сатып алуға рұқсат беру арқылы жеделдеткен дұрыс болар. К.Ермағамбетов осылайша орманды ең тиімді жолмен көбейткісі келеді. Бірақ орман өсіруді ақшамен емес, қол еңбегімен шешкісі келген азаматқа бұл күні қолдау жетпей тұр.

 

Ақтөбе облысы