Оған себеп көп. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін өзінің ақ мекені Ақдала ауылында механизатор болып еңбек жолын бастаған Бақтығали аталған кеңшарда әртүрлі жұмыстар істеп, еңбекқорлығымен танылған. Бұдан соң бала күннен қолына қалам ұстатқан ақындығы мен иығына ілген фотоаппараты шығармашылыққа жетелейді. Аудандық «Балқаш өңірі» газетіне оператор, фототілші, 2009-2016 жылдар аралығында Талдықорған қаласындағы «Жетісу» телеарнасында штаттан тыс оператор болып та қосымша жұмыс істеген Бақтығали Дәуітбаев Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Д.Қонаевтың туғанына 110 жыл толған мерекелік медалінің иегері атанған талант иесі.
Оның қаламынан туған «Киелі мекен», «Көкжиде алтын бесігім», «Қазақстан барыстары», «Алатаудай асқарлы», «Наурыз», «Жан анам», басқа да өлеңдеріне сазгерлер ән жазған. «Тәуелсіздікке-30 ән» облыстық байқауға қатысып, таңдаулы 7 ақынның ішінде топ жарған «Тәуелсіздік – мәңгілік» атты өлеңіне ән жазылып, мәдени іс-шаралардың өзегіне айналған. Бақтығалидың Дінмұхамед Қонаевқа арнаған өлеңіне жазылған ән де осы күні Балқаш жұртының жүрегінде жатталған десек асыра айтқандық емес.
Өнерлі азаматтың тағы бір қыры – бүгінгі күнге дейін жинаған қаламсаптарының саны 1400-ге жетіпті.
«Менің коллекциямдағы қаламдардың дені шытырлақ қаламдар. 2004 жылдан бастап жинап келемін. Қалам жинауға деген қызығушылығым бала күннен басталған. Өзім өлең жазатын болған соң қаламсапты басқа дүниеден артық көремін. Қаламдарымның арасында Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің және балалар жазушысы Әли Ысқабаевтың қаламдары бар», деген Бақтығали Дәуітбаевтың қаламсаптар қоржыны биылғы жылы 18 қаламмен толығыпты. Оның ішінде екеуін ұлы Бекарыс Испания мемлекетіне барғанда арнайы сатып әкелген болса, күйеубаласы Ерсіннің де арнайы тапсырыспен жасатқан қаламсабы ерекше көз тартады.
Осындай қасиеттерімен дараланған Бақтығали – мемлекеттік тілдің бірден-бір жанашыры. Ол ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, өз тұғырына қонуына үнемі атсалысып, қисық-қыңыр жарнаманы көзі шалса кемшілігін айтып, сын-ескертпе жасаудан жасқанбайды, оның орындалуын қадағалауды да ұлтжанды азаматтың өзіне міндеттеп алғаны аңғарылады.
Бойына кісілік пен кішілік, еңбекқорлық сынды асыл қасиеттерді сіңіріп, адам қызығарлық бірқатар өнерді арқалап жүрген Бақтығали Дәуітбаев үлкен шаңырақтың иесі, жеті баланың әкесі. Өмірде өзіне қолдау білдіріп, шығармашылығына демеу болып жүрген аяулы жары, «Алтын алқа» иегері Майра Оқасова екеуінің ұл-қыздары есейіп, алды отау құрып үлгерген. Бағы мен бабы үйлескен шаңырақта бүгінде балдай тәтті немерелер өсіп келеді.
Алматы облысы