Жат ағым қанат жайып барады
Атап айтқанда, депутаттар елдегі дін мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Бұл тақырыптың өзектілігі соншалық, оған қатысты үш депутат бірден сауал жолдады. Бірінші болып сөз алған Ермұрат Бапи елімізде дәстүрлі діндердің дамуына бүкіл мүмкіндік жасалғанына назар аударды.
«Салынып жатқан мешіттер мен шіркеулердің санында шек жоқ. Үлкен қалаларда мектеп салатын қуыс қалмаса да, мешіт пен храм салатын жер табылып жатыр. Қазақ халқының рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге, өнер ордаларымен қатар дамуы керек еді. Еуропадағы Құран өртеу оқиғаларының көбеюіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алаңдаушылық білдіріп, таяуда БҰҰ-ның мінберінен сөз сөйледі. Бұл – Ислам дінінің дамуына деген жанашырлықтың бірден-бір белгісі», деді Е.Бапи.
Осы орайда депутат кейінгі жылдары елімізде Ислам дінін жамылған жат ағымдар қоғамды әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыда бөліп отырғанын жеткізді. Тіпті, қазақ халқының ұлттық бірлігі мен даму дәстүріне, мыңдаған жылға созылған салт-дәстүріне қарсы шығып отырғанына алаңдады.
«Халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс діни топ жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасап жатыр. Мысалы, депутат Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер, депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз. Мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз. Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек.
Бір өкініштісі – бұл теріс ағым еліміздің біраз аймағында: әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайған. Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизм идеясына табынушылар басып барады. Бұл теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз.
Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені», деді Е.Бапи.
Депутат теріс ағымдар ұлттық тұтастығымыз бен мемлекеттік бірлігімізге ор қазып отырғанына тоқталды. Премьер-министрге, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына жолдаған сауалында қоғамды бөлшектейтін қауіпке қатысты қандай іс-қимыл жүргізіліп жатқанын сұрады. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қажет екенін жеткізді.
Заңмен тосқауыл қоятын кез жетті
«Ақ жол» партиясы атынан сөз алған Қазыбек Иса діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салуға шақырды. Оның пайымдауынша, қазіргі таңда радикалды көзқарастағылар ұлтты жою күресін қатты қарқынмен жалғастырып келеді. Сондай-ақ «Ақ жол» партиясы Парламентте талай жылдан бері діни теріс ағымдарға қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауды ұсынғанын атап өтті.
«2011 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік, Бас прокуратура мен Жоғарғы сот та қолдағанда, қай орган қарсы болды? Тек Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарсы шығып, осы тыйым салу заңға енбей қалды», деді Қ.Иса.
Депутат өз сөзінде бұған дейін көтерілген бастамаларды санамалай келе, бәрінің қабылданбай қалғанына назар аударды. Сондай-ақ осындай әрекетсіздіктің салдары Қаңтар оқиғасына әкелгеніне тоқталды.
«Осы жасқа келгенше мұрты жоқ сақалдыларды көрген емеспін. Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Абылай ханды, Әйтеке, Төле, Қазыбек билерді, Махамбет, Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба? Жоқ! Қазір шетелге барып, күмәнді оқуларда бірнеше ай оқып келген теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме? Қазір ән әлемінде, айтыста, спортта да тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері дінді жамылып, әріптестері мен әнсүйер, жанкүйерлеріне өз «салттарын» кіргізіп жатыр», деді депутат.
Депутат теріс діни ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жасты улап, ұлтты жоятын қауіпті күшке айналып келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осы орайда, теріс ағымдарға заңмен тосқауыл қоюға шақырды.
Нақты қадам қажет
«Amanat» партиясының мүшесі Аманжол Әлтай Парламенттегі ең ірі фракция өкілдері ұлтты бөлетін, жік салатын теріс әрекеттерге алаңдаушылық білдіретінін жеткізді.
«Дүрбелеңі көп, бүгінгі аласапыран қоғамда ұлттық асыл мұраларымыз – салт-дәстүрлерімізге шабуыл көбейді. Әсіресе жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдар, әлеуметтік желіде сананы улайтын теріс уағыздар, тынысымызды тарылтып, алқымнан алып барады. Бұл – ұлттық мұратымызға, тұтастығымызға төнген қауіп!
Қасиетті домбырамыздан бастап, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүріміздің барлығын «харам» деп ата жолынан адастыруға тырысып, тамырымызға балта шауып жатыр. Тіпті, ұлыстың ұлы күні саналатын Наурыз мейрамын да қаралаушылар баршылық. Қара жамылып, паранжамен бетін тұмшалап алған қаршадай қыздарымызды, сақалының ұшына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын кесіп шолтитып, екі көзі қанталап келе жатқан ұлдарымызды көргенде қабырғаң қайысып, көңілің құлазиды», деді А.Әлтай.
Сөз соңында, депутат бұл мәселеге мемлекеттің араласып, жөнге салатын уақыты келгенін жеткізді. Осыған байланысты Үкіметті нақты қадам жасауға шақырды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мәртебесі өзгертіледі
Жалпы отырыста Мемлекеттік корпорация мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Құжаттың мақсаты – мемлекеттік қызметтер көрсетуді оңтайландыру және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысын жетілдіру. Мемлекеттік корпорацияның мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін және дербес деректерге қол жеткізе алатын қызметкерлері мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестіріледі. Бұл қызметкерлердің жауапкершілігін арттырады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәртебесі өзгертілмек. Корпорация фронт-офистердің жұмысы және қосымша сервистерді іске асыру бөлігінде мемлекеттік қызметтердің жалғыз операторы мәртебесінен айырылады. Сондай-ақ Мемлекеттік корпорацияға Е-Өтініш ақпараттық жүйесі шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды ұйымдастыру құзыретін беру көзделіп отыр. Заң жобасы аясында 16 заңнамалық актіге, оның ішінде Қылмыстық және Жер кодексіне түзетулер енгізу ұсынылған.
Сондай-ақ депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Аталған мәселе жөнінде Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Сала басшысының айтуынша, келісімде Одақта аудиторлық қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру көзделген.
«Орналасқан елде қосымша мекеме ашпастан, шектеулер мен алып қоюларсыз аудиторлық қызметтерді көрсету және алу, аудиторлардың біліктілік аттестаттары мен аудиторлық қорытындыларын өзара тану қарастырылған. Келісім аудиторларға, ұйымдарға, аудиторлық қызметті жүзеге асыруға құқықтың туындауы мен тоқтатылуына, емтихандарға, сапаға сыртқы бақылау жүргізуге және аудиторлық қызмет стандарттарына бірыңғай талаптарды айқындайды. Қазақстан үшін аудиторлық қызметті ішкі реттеудің кейбір ерекшеліктері Келісімнің 32-бабында ескерілген. Бұл ерекшеліктер елімізде аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың құқықтарына қысым көрсетпеуге мүмкіндік береді», деді Е.Жамаубаев.
Бұдан бөлек, Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Атап айтқанда, Бюджет кодексі, бюджет заңнамасын жетілдіру және «Концессиялар туралы» заңның күшін жою туралы құжаттар алдағы уақытта қаралады. Сондай-ақ кейбір заңнамалық актілерді Конституция нормаларына сәйкес келтіруге, білім беру және бала құқықтарын қорғау туралы заң жобалары жұмысқа алынды.