Сайлау • 05 Қазан, 2023

Инспекциялық сапар

141 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауына санаулы уақыт қалды. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің өңірлерге инспекциялық сапарлары жалғасып келеді.

Инспекциялық сапар

Науқанды ұйымдастыру және өткізу шеңберінде Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров және ОСК мүшелері Сәбила Мұста­фина мен Асылбек Смағұлов Павлодар, Жетісу, Алматы, Қызылорда облыс­тары­на барды. Сапардың негізгі мақсаты ал­дағы әкімдерді тікелей сайлауды өткі­зетін аудандық сайлау комиссияларына баса назар аудара отырып, өңірлік сайлау органдарына әдістемелік және практикалық көмек көрсету және оқыту болып отыр.

ОСК төрағасының орын­басары Павлодар облысын аралау ба­ры­сын­да Ақтоғай, Железин, Шар­бақты аудан­дарының сайлау орган­дары­ның қараша айында өтетін сайлауға да­йындығымен танысты. Аудандық аумақтық, учаскелік комиссияларға өт­кізілген тренингтерге қатысқан Кон­стантин Петров негізінен тәжірибелік кейстерді пысықтауға назар аударды. Жергілікті мамандарға сайлауды таға­йындаудан бастап, дауыс беру күніне дейінгі негізгі кезеңдерді түсіндірді. Тренингтерге сайлау комис­сия­ларының барлық мүшесі қатысты. Сонымен қатар жұмыс сапары барысында ол Павлодар облысының облыстық, қала­лық, аудандық аумақтық сайлау комис­сияларының мүшелерімен кездесіп, сайлау науқанын дайындау, халықты ақ­па­раттандыру, учаскелік сайлау ко­мис­сияларының мүшелерін оқытуды жалғастыру мәселелерін талқылады.

ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина Жетісу облысының Кербұлақ, Сарқан аудан­дарында өткен учаскелік сайлау комис­сиялары мүшелерінің оқыту семинар­лары­ның жұмысына қатысты. Семинар бары­сында сайлау күні учаскелік сайлау ко­мис­сиясының жұмыс алгоритмі талқы­лан­ды, сондай-ақ учаскелік сайлау комис­сияларының сұрақтарына жауап берілді.

Іс-шараға екі ауданнан учаскелік сайлау комиссияларының 282 мүшесі және облыстың аудандық аумақтық сай­лау комиссияларының 8 төрағасы, сондай-ақ аудандық аумақтық сайлау комис­сияларының 14 мүшесі қатысты. Алдағы әкімдер сайлауын өткізуге дайындық аясында 26 қыркүйектен бастап Алматы облысының Балқаш және Жамбыл аудандарында сайлау комиссияларының мүшелері үшін «Қазақстан Республикасы аудандарының, облыстық маңызы бар қалаларының әкімдерін қанатқақты режім­де сайлау жөніндегі сайлау үдерісінің ерек­шеліктері» атты көшпелі оқыту семи­нарларының циклі басталды.

Мұнан кейін ОСК мүшесі Сәбила Мұс­тафина Алматы облысының Балқаш, Жамбыл аудандарында оқыту семинарларына қатысты. Семинарлар аясында сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, дауыс беру тәртібі және сайлауда да­уыс беру қорытындысын шығару, сайлау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелері қаралды. Сон­дай-ақ «Дауыс беру күні» іскерлік ойын­дары өткізілді, онда сайлау құжат­тарын ресімдеуге, сайлау комиссиялары мүшелерінің мінез-құлқына, дауыс беру күні ықтимал жанжалды жағ­дай­ларды ше­шуге ерекше назар аударылды. Семи­нар қорытындысы бойынша оқуға қаты­су­шылардың сайлау заңнамасын қаншалықты білетіні тестілеу арқылы тексерілді.

ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов Қызылорда облысының Сырдария, Шиелі аудандарына инспекциялық сапармен барды. Ол қанатқақты сайлау өт­кізудің екі ауданында орналасқан бір­неше сайлау учаскесін қарап, дайындық барысын талдап, іскерлік ойынын өткізу тәжірибесін қадағалады. Жиында дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің жұмысы жан-жақты талданды. Комиссия мүшелерімен сайлау өткізудің өзекті мәселелерін талқылаған Асылбек Смағұлов сайлауды ашық және ұлттық заңнаманың талаптарына сәйкес өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар ОСК мүшесі Сырдария, Шиелі аудандарындағы жергілікті ат­қарушы және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өткен семинар-кеңестерге қатысты. Семинарларда жер­гілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, прокуратураның өкіл­дері сөз сөйлеп, сайлауға дайындық жұмыс­тарының барысы, науқанды өткізу кезе­ңінде заңдылықтың сақталуы, сайлау күні қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету туралы баяндады. Іс-шараларға сайлау комиссияларының 250-ге жуық мүшесі қатысты.