Баға • 05 Қазан, 2023

Азық-түлік бағасы бақылауда

233 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Маусымаралық кезеңде азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу – өзекті мәселелердің бірі. Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) әрдайым қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін құрылған тұрақтандыру қоры бар. Оның басты мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Азық-түлік бағасы бақылауда

«Астана» халықаралық қаржы ор­та­­лығында өткен баспасөз мәсли­ха­тында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Мемлекет басшы­сы­ның Жолдауын іске асыру аясында сау­да сая­сатын дамыту, тұрақтандыру қоры­ның қызметі, баға бағамын бақы­лау­да ұстау, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі.

2023 жылдың бірінші жартыжыл­дығында елдің тауар айналымы 67,2 млрд долларды құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға жоғары (64,5 млрд доллар). Еуро­па­лық одақ елдерімен тауар айналымы 20,2 млрд доллар, Қытаймен тауар айна­лымы 13,6 млрд долларды құрап, өт­кен жылмен салыстырғанда 20,5%-ға өсті. Еуразиялық экономикалық одақ ел­дері­мен өзара саудада оң серпін байқалады.

Елдің оңтүстігіндегі сауда-экономи­калық бағыттарын әртарап­тан­дыру бойынша жұмыстар жүргі­зіліп жатыр. 2027 жылға қарай шикізаттық емес экс­порт көлемін 4 46,5 млрд дол­ларға де­йін жеткізу көзделіп отыр. Сау­да-логис­тикалық инфрақұрылымды да­мы­туға ба­ғытталған 5 шекара хабын құру жоспарланған. Бұл бірыңғай сауда-көлік кеңістігін қалыптастыруға және халықаралық деңгейде орнықты коопе­рациялық байланыстар орнату­ға, сондай-ақ әріптес елдермен страте­гия­лық қаты­нас­тарды нығайтуға мүмкін­дік береді және олармен тауар айналы­мы­ның орта есеппен 30%-ға өсуін қамта­масыз етеді.

Еуразиялық интеграция желісі бо­йынша Қазақстанның ұлттық эконо­микалық мүдделерін ілгерілету тұрғысында тұрақты негізде жұмыс жүр­гі­зіліп жатыр. Отандық өндіру­ші­лерді қол­дау және қуаттарды жүктеу мақса­тын­да кедендік әкелу баждары төмен­де­тіл­ді және бірқатар тауарды әкелуге қатыс­ты тарифтік жеңілдіктер ұсыныл­ды, күн­бағыс тұқымдарына экспорт­тық кеден­дік баждар, қара және түсті метал­­­дардың, ағаш материалдарының сынықтары мен қалдықтарын әкетуге шектеу шаралары белгіленді.

2023 жылдың 8 айында ішкі тауар айналымы 35,7 млрд теңгені құрады. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 21%-ға өсті. 8 айдың қорытындысы бойынша инфляция – 6,6%  (2022 жылдың осындай кезеңі – 13,3%). 8 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағалық индексі 3,4% (2022 жылы – 19,1%) құрады. ӘМАТ бағасын тұрақтандыру үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта қалыптасқан қорлардың жалпы көлемі – 139,4 мың тонна, оның ішінде маусымдық бағаның өсуін тежеу үшін 118,6 мың тонна көлемінде көкө­ніс­тер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) нарыққа шығарылды.

«Біз сондай-ақ заңнамалық деңгейде Министрліктің ӘМАТ бағасына бақы­лауын күшейттік. Жергілікті жерлерде өнімсіз делдалдарды қысқарту бойынша жұмысты белсенді жүргізуді жал­ғастырамыз. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігімен бірлесіп алушыларға қарсы міндеттемелердің тетіктерін пысықтап жатырмыз», деді А.Шаққалиев.

Ішкі нарықты қорғау техникалық реттеу және метрология құралдарын қолдану арқылы да қамтамасыз етіледі. Қауіпсіз өнімді әкелу және айналысқа шығару бойынша шектеу шараларын енгізуді көздейтін штабтың қызметі заңнамалық және институционалдық күшейтіледі. Заңнамалық бастамалар шеңберінде тұтынушылардың құқық­тарын қоғамдық қорғауды инсти­ту­ционалдық күшейту қарастырылып, құқықтық өріске ТҚҚ мәселелері жөнін­дегі омбудсмен институты енгізі­леді. Оның қызметі аталған саланың жүйелік проблемаларын анықтауға бағытта­лады, ал функциясы тұтынушылар­дың белгісіз шеңберін қорғауды қамти­ды. Тұтынушылардың құқықтарын қор­ғау туралы тиісті заң жобасы дамы­ған елдердің тәжірибесі мен БҰҰ-ның басшылық қағидаттарын ескере отырып әзірленді.

Базарлар қызметінің айналасында жинақталған проблемаларды шешу мақсатында Сауда базарларын жаңғырту жөніндегі жол картасы іске асырылады. Жүргізіліп жатқан жаңғырту базарларды халық үшін ыңғайлылық пен жай­лылықты қамтамасыз етудің заманауи талаптарына сәйкестендіруге, сти­хия­лық сауданы жоюға, сондай-ақ сау­да­дағы «көлеңкелі» экономика деңгейін төмен­детуге мүмкіндік береді.

Конференция барысында бұқара­лық ақпарат құралдары өкілдері тарапы­­нан қойылған сауалдар негізінен әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақсыздығы, атап айт­қанда, ұн-нан өнімдері, сондай-ақ қант­тың қымбаттауы төңірегінде болды. Ми­нистр жекелеген аймақтарда аталған азық-түлік өнімдері бағасының болмашы болсын өсімі байқалатынын жоққа шы­ғар­м­ай, дегенмен бұл мәселенің бар­лы­ғы тиісті орындардың, жергі­лікті әкім­дік­тердің бақылауында, қадаға­лауын­да екеніне сендірді. Ең бастысы, бі­рін­ші кезектегі азық-түлік өнім­де­рі – ұн-нан, қант өнімдері бойынша елі­міз­де тап­шылық болмайтынын қадап айтты.