Саясат • 04 Қазан, 2023

Шушаның елордадағы күндері

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шуша қаласы – түгін тартса майы шыққан, ауасы дертке дауа, жерұйық іспетті аңыз мекен. Ақындар мен батырлардың мекеніне айналған көкорайлы атырапта Әзербайжанның бай тарихының таңбасы бар. Қойнауына ғасырлар мұрасын жасырған шежірелі өлкенің 2023 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жариялануы тегін емес.

Шушаның елордадағы күндері

Елордамызда 3 қазанда Шуша күндеріне арналған мерекелік кеш өтті. Кеште қаланың тарихи һәм рухани маңызына назар аударылып, әзербайжан мәдениеті жөнінде сөз қозғалды. Іс-шараға халықаралық түркі қорларының қызметкерлері, ТҮРКСОЙ ұйымы, Қазақстандағы Түркия, Әзербайжан, Мажарстан елші­ліктерінің өкілдері қатысты.

Мерекелік кеште сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова Шуша қаласының мәдени келбетіне тоқталды.

– Біз түркі әлемінің мәдени астанасы Шуша қаласының елордамыз­дағы күндерінде бас қосып отырмыз. Шуша әу бастан Әзербайжанның мәдени-қоғамдық саяси өмірінің ма­ңызды орталықтарының бірі, ислам өркениетінің рәмізі. Онда Мұртаза Мамедов, Натаван Хуршидбану секілді өнер саңлақтары дүниеге келген. Бауырлас қазақ-әзербайжан арасындағы мәдени ынтамақтастық байланыс күн санап нығайып келеді, – деді ол.

Сонымен бірге Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының прези­денті Гюнай Эфендиева түркі бірлігін нығайтуға арналған мерекенің келелі тұсын атап өтті.

– Былтыр Түркі мәдениеті мен мұ­ра­сы­ның халықаралық қоры атынан Шуша күндерінің өтуі туралы ұсынысымызды білдірген болатынбыз. Мерекелік іс-шара Бурсадан бастау алып, Ташкентте жалғасын тапты. Міне, бүгін Астана қаласында өткеніне куә болып отырмыз. Біршама күннен соң Шуша күндері Түрікменстанда жалғаспақ, мұндай іс-шаралар түркі әлемінің арасын жақындатып, халықтарды біріктіре түседі, – деді ол.

Мерекелік кеште танымал ұлттық киімдері топтамасы көрсетіліп, көрермен көзайымына айналды. Ұлттық нақышты киім үлгі­лерінде Әзербайжанның бай тарихи мұрасы мен жаңа үлгідегі әшекейлері көрініс тапқан. Мұнан соң түркі елдері өнерпаздарынан құралған «Жеті сұлу» тобы өнерлерін көрсетіп, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады.

Жиынға Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұс­тафа Капуджу, Әзербайжан Респуб­ликасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Аталар Атамог­ланов, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерекелік шара аясында Шуша қаласының тұмса табиғаты мен тарихи келбеті, бүгінгі айбынды бедері бейнеленген суреттер көрмесі таныстырылды.