Парламент • 05 Қазан, 2023

Ықпалды Парламент – азаматтық қоғам негізі

279 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бастамасымен былтырғы 5 маусымда өткізілген бүкілхалықтық референдумда Парламенттің, әсіресе оның төменгі Палатасы саналатын Мәжілістің ықпалын арттыруға бағытталған бірқатар түбегейлі шара қабылданды.

Ықпалды Парламент – азаматтық қоғам негізі

Мәселен, бұрын жоғарғы Палата – Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы болды. Мұның өзі халық тікелей сайлаған Мәжілістің өзі қабылдаған кейбір маңызды заң нормаларына Сенаттың қарсылығын еңсере алмай, беделі төмендеуіне әкеліп соққан еді. Осыған орай, референдум қорытындысы бойынша жаңартылған Конституцияға Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізілді. Шын мәнінде бұл норма заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі екендігін білдіреді. Ата заңда тіпті Сенат мақұлдамаған заң жобасын қайтадан дауысқа салу кезінде Мәжіліс өз депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді бекітсе, заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына жіберілетіндігі атап көрсетілген.

Ықпалды Парламент құру­дағы тағы бір маңызды шешім – Жоғары аудиторлық палата төрағасының Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруі енгізілгендігі. Бұл жаңашылдық Мәжіліс­тің мәртебесін арттырып қана қоймай, республикалық бюд­жеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуге мүмкін­дік береді. Басқаша айтқанда, елімізде іске асырылып жатқан көптеген ауқымды жобалар мен бағдарламалардың орындалуы үшін енді олардың әкімшілері болып саналатын орталық және жергілікті атқарушы органдарға ғана емес, Жоғары аудиторлық палатаға да тиісінше талап қойылуға тиіс.

Жақында Парламент ық­палын одан әрі күшейтуге бағытталған тағы бір бастама көтерілді. Нақты айтсақ, «Ақ жол» Қазақстанның демо­кратиялық партиясының Мәжі­лістегі фракциясы «Парла­мент­тік тергеу туралы» заң жоба­сын әзірлеп, Үкіметтің қарауына ұсынды. Осы жөнінде Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған депутат Азат Перуашев: «Заңсыз шығарылған капиталды қайтару туралы заң жобасы Мәжілісте қаралғанда парламенттік тергеу функциясының қажет екеніне тағы да көзіміз жетті. Негізінде, барлық дамыған және өзге мемлекеттердің пар­ламенттеріне тергеу құзыреті берілген. Мәселен, парламенттік тергеуді Америка Құрама Штат­тарының Конгресі мен Ұлы­британия парламенті кеңінен қолданады. Германия, Италия, Испания, Чехия, Польша, Литва, Оңтүстік Корея, Жапония, көршілес Ресей мен Өзбекстан мемлекеттерінде парламенттік тергеу және бақылау туралы арнайы заңдар мен регламенттер бар. 2016 жылы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы да «Парламенттік тергеу туралы» үлгілік заңды қабылдаған болатын. Біз ұсынып отырған заң жобасының мақсаты – демократиялық институттардың халықаралық тәжірибесін енгізу, қоғамдық және парламенттік бақылауды күшейту; өкілді, атқарушы және сот биліктері тармақтарындағы тежеу мен тепе-теңдік тетігін қалып­тастыру; резонансты оқиғалар және соларға байланысты қоғамнан жасырылған болуы мүмкін фактілерге қоғамдық-саяси жағынан баға беру сияқты қағидаттарды іске асыру. Парламенттік тергеу институтын енгізу туралы бастама – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжы­рым­дамасын жүзеге асыруға бағыт­талған», деді.

«Ақ жолдың» осы бастамасына Мәжіліс депутаттары – «Amanat» партиясы фрак­циясының мүшесі Сергей Пономарев, Жалпыұлттық социал-демократиялық пар­тияның төрағасы Асхат Ра­қымжанов, бірмандаттық округтерден сайланған Бақытжан Базарбек пен Абзал Құспан қолдау білдірді. Заң жобасында Парламент палаталарының пар­ламенттік тергеу жүр­гізуі­нің негіздері, оның ұйым­дас­тырушылық нысандары және парламенттік тергеу жүргізу тәртібіне қатысты негізгі ережелер, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, олардың лауазымды тұлғаларының, басқа да ұйымдар мен парламенттік тергеуге қатысатын азаматтар­дың құқықтары мен міндеттері айқындалған. Парламенттік тергеуге адам мен азаматтың Конституцияда кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын өрескел немесе жаппай бұзу фактілері; мемлекеттiк және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң негізсіз ше­шiм­дерi, мемлекеттiк және жеке мүдделер қақтығысы нәти­жесінде қоғамдық мүд­делерге елеулi зиян келтiру фак­тiлерi; табиғи және техно­гендік сипаттағы төтенше жағ­­дай­лардың теріс салдары­мен байланысты оқиғалар; мемлекеттік бюджетті орындау барысындағы елеулі қаржылық заң бұзушылықтар; билік органдарындағы жемқорлық; қоғамдық тәртіпті топ болып бұзу, жаппай тәртіпсіздік, зорлық-зомбылық жасау, этносаралық қақтығыстар, екі немесе одан көп адамның өліміне әкеліп соққан қылмыстар және басқа да заңсыз әрекеттер жатқызылмақшы.

Парламенттік тергеуді қоз­ғау құқығы Мәжілістің немесе Сенаттың кемінде бес депутат­тан тұратын депутаттық тобына, сондай-ақ Парламент палаталарының комитеттері мен Мәжілістегі саяси пар­тиялардың фракцияларына берілмекші. Төменгі палатаның пар­ламенттік тергеу жүргізу жө­ніндегі комиссиясының құра­мына саяси партиялардың барлық фракциясының өкілдері тең дәрежеде енгізілмекші. Заң жобасында парламенттік тергеу нәтижелері бойынша комиссияның қорытынды баян­дамасын қабылдау тәртібі де айқындалған. Онда әрекеттерi парламенттік тергеу жүргiзуге негiз болған фактiлер мен мән-жайлардың туындауына әкеліп соққан лауазымды тұл­­ғаларды қызметiнен босату туралы ұсыныстар, мем­­ле­кет­тiк органдардың, жер­гiлiктi мемлекеттiк және өзiн-өзi басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің, сондай-ақ бас­қа да ұйымдардың қыз­метiн жетiлдiру жөнiндегi ұсыныс­тар, сотқа дейінгі тергеу мен қыл­мыстық істер қозғау туралы ұсыныстар қамтылуы мүм­кiн. Қорытынды баяндама Президент пен Үкiметке және Бас прокурорға жолданғаннан кейiн парламенттік тергеу аяқталды деп есептелмекші.

Әрине, аталған заң жобасы Үкіметте де, Парламентте де сая­си партиялар фракцияларының бар­лығының, мүдделі үкімет­тік емес ұйымдардың, тәуел­сіз сарапшылардың, қоғам қайрат­керлерінің және жұртшылық өкіл­дерінің қатысуымен кең­і­­нен талқылануға тиіс. Ал «Пар­ла­мент­тік тергеу туралы» заңның қа­­был­дануы Қазақстандағы пар­­ламен­таризмді дамытудағы ке­зекті маңызды қадам болары анық.