Мәселен, бұрын жоғарғы Палата – Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы болды. Мұның өзі халық тікелей сайлаған Мәжілістің өзі қабылдаған кейбір маңызды заң нормаларына Сенаттың қарсылығын еңсере алмай, беделі төмендеуіне әкеліп соққан еді. Осыған орай, референдум қорытындысы бойынша жаңартылған Конституцияға Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізілді. Шын мәнінде бұл норма заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі екендігін білдіреді. Ата заңда тіпті Сенат мақұлдамаған заң жобасын қайтадан дауысқа салу кезінде Мәжіліс өз депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді бекітсе, заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына жіберілетіндігі атап көрсетілген.
Ықпалды Парламент құрудағы тағы бір маңызды шешім – Жоғары аудиторлық палата төрағасының Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруі енгізілгендігі. Бұл жаңашылдық Мәжілістің мәртебесін арттырып қана қоймай, республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, елімізде іске асырылып жатқан көптеген ауқымды жобалар мен бағдарламалардың орындалуы үшін енді олардың әкімшілері болып саналатын орталық және жергілікті атқарушы органдарға ғана емес, Жоғары аудиторлық палатаға да тиісінше талап қойылуға тиіс.
Жақында Парламент ықпалын одан әрі күшейтуге бағытталған тағы бір бастама көтерілді. Нақты айтсақ, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының Мәжілістегі фракциясы «Парламенттік тергеу туралы» заң жобасын әзірлеп, Үкіметтің қарауына ұсынды. Осы жөнінде Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған депутат Азат Перуашев: «Заңсыз шығарылған капиталды қайтару туралы заң жобасы Мәжілісте қаралғанда парламенттік тергеу функциясының қажет екеніне тағы да көзіміз жетті. Негізінде, барлық дамыған және өзге мемлекеттердің парламенттеріне тергеу құзыреті берілген. Мәселен, парламенттік тергеуді Америка Құрама Штаттарының Конгресі мен Ұлыбритания парламенті кеңінен қолданады. Германия, Италия, Испания, Чехия, Польша, Литва, Оңтүстік Корея, Жапония, көршілес Ресей мен Өзбекстан мемлекеттерінде парламенттік тергеу және бақылау туралы арнайы заңдар мен регламенттер бар. 2016 жылы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы да «Парламенттік тергеу туралы» үлгілік заңды қабылдаған болатын. Біз ұсынып отырған заң жобасының мақсаты – демократиялық институттардың халықаралық тәжірибесін енгізу, қоғамдық және парламенттік бақылауды күшейту; өкілді, атқарушы және сот биліктері тармақтарындағы тежеу мен тепе-теңдік тетігін қалыптастыру; резонансты оқиғалар және соларға байланысты қоғамнан жасырылған болуы мүмкін фактілерге қоғамдық-саяси жағынан баға беру сияқты қағидаттарды іске асыру. Парламенттік тергеу институтын енгізу туралы бастама – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған», деді.
«Ақ жолдың» осы бастамасына Мәжіліс депутаттары – «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рақымжанов, бірмандаттық округтерден сайланған Бақытжан Базарбек пен Абзал Құспан қолдау білдірді. Заң жобасында Парламент палаталарының парламенттік тергеу жүргізуінің негіздері, оның ұйымдастырушылық нысандары және парламенттік тергеу жүргізу тәртібіне қатысты негізгі ережелер, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, олардың лауазымды тұлғаларының, басқа да ұйымдар мен парламенттік тергеуге қатысатын азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқындалған. Парламенттік тергеуге адам мен азаматтың Конституцияда кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын өрескел немесе жаппай бұзу фактілері; мемлекеттiк және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң негізсіз шешiмдерi, мемлекеттiк және жеке мүдделер қақтығысы нәтижесінде қоғамдық мүдделерге елеулi зиян келтiру фактiлерi; табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың теріс салдарымен байланысты оқиғалар; мемлекеттік бюджетті орындау барысындағы елеулі қаржылық заң бұзушылықтар; билік органдарындағы жемқорлық; қоғамдық тәртіпті топ болып бұзу, жаппай тәртіпсіздік, зорлық-зомбылық жасау, этносаралық қақтығыстар, екі немесе одан көп адамның өліміне әкеліп соққан қылмыстар және басқа да заңсыз әрекеттер жатқызылмақшы.
Парламенттік тергеуді қозғау құқығы Мәжілістің немесе Сенаттың кемінде бес депутаттан тұратын депутаттық тобына, сондай-ақ Парламент палаталарының комитеттері мен Мәжілістегі саяси партиялардың фракцияларына берілмекші. Төменгі палатаның парламенттік тергеу жүргізу жөніндегі комиссиясының құрамына саяси партиялардың барлық фракциясының өкілдері тең дәрежеде енгізілмекші. Заң жобасында парламенттік тергеу нәтижелері бойынша комиссияның қорытынды баяндамасын қабылдау тәртібі де айқындалған. Онда әрекеттерi парламенттік тергеу жүргiзуге негiз болған фактiлер мен мән-жайлардың туындауына әкеліп соққан лауазымды тұлғаларды қызметiнен босату туралы ұсыныстар, мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi мемлекеттiк және өзiн-өзi басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, сондай-ақ басқа да ұйымдардың қызметiн жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстар, сотқа дейінгі тергеу мен қылмыстық істер қозғау туралы ұсыныстар қамтылуы мүмкiн. Қорытынды баяндама Президент пен Үкiметке және Бас прокурорға жолданғаннан кейiн парламенттік тергеу аяқталды деп есептелмекші.
Әрине, аталған заң жобасы Үкіметте де, Парламентте де саяси партиялар фракцияларының барлығының, мүдделі үкіметтік емес ұйымдардың, тәуелсіз сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің және жұртшылық өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқылануға тиіс. Ал «Парламенттік тергеу туралы» заңның қабылдануы Қазақстандағы парламентаризмді дамытудағы кезекті маңызды қадам болары анық.