Тұлға • 05 Қазан, 2023

Тағдырға бас имеген тұлға

271 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өмірін ұлттық мүддеге арнаған көрнекті ғалым, күрескер жазушы Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қыз­меткері, тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетханның 80 жыл­дығына орай өткен «Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстанның жаңа тарихи мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өне­гелі өмір иесінің өз басынан ғана емес, жалпы тарих арнасының тағылымды тұс­тарын тарқатқан мазмұнымен ерекше сипатта өтті.

Тағдырға бас имеген тұлға

Ғалымның жүріп өткен жолына бүгінгі белес биігінен көз сала, балалық шағынан бастап баяндап, іркіліссіз жөңкілген тарих көшінің ірі тұлғасына айналу жолындағы үдерісті шым-шытырық хикаят іспетті өрістетіп-өрген бас баяндамашы, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Жұмаділдің ұстаз өмірінен терең хабары барын байқатып қана қоймай, мың мәрте тағдыр сынағына түссе де, жігері мұқалмаған ғибратты ғұмырды жан-жақты қамтып-саралағаны қатысушылардың құр­метін оята түсті. Ардагер та­рих­шы өмір жолында қиындық пен қиянатты көп көрді, бірақ ешқашан өзінің азаматтық ұста­ны­мынан, дүниетанымдық құн­дылықтарынан ажырамағанын баяндаманың әр кезеңге бөлінген тараулары түйіндеп жатты. Ең алғаш қиындық шыңдаған күрес­керлік мінез шағын ұлттарға тізесі батқан алпауыт мемлекетке қар­сылықтан қалыптаса келіп, ел мүд­десін биік санаған отансүйгіш мақ­саты мен қажырлы қасиеті ұлт­тық тарих ғылымын игілікті зерт­теумен, бағалы деректермен байыта түсті.

Зиялыларды қудалай бастаған озбыр саясатпен ымыраға келе алмаған Ә.Дәулетхан алпысын­шы жылдардың аяғында Қазақ­станды бет­ке алып, бір топ жолдасымен шекараны бұ­зып өтіп, туған же­ріне табан тіресе де, темірдей қатаң тота­литарлық жүйенің же­ке басы­ның еркіндігін тежеген қы­сымынан бәрібір құтыла алмады. «Кеңес азаматы» деген төл­құжатқа тек 18 жыл өткен соң ғана тоң жіби бастаған 1986-ның жылымығында әрең қол жет­кізді. Кеңестің кірпік қақпай қада­ғалайтын бақылауында жү­ріп әңгіме, повесть жазып, шы­ғар­­машылығын ширата түсуді ғана мақсат тұтып, 1978 жылы «Жа­лын» баспасынан «Сырымды айтам» атты алғашқы жинағын оқырманға тарту етті.

Бұдан кейінгі «Алатау» телеарнасында, халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінде, Дүние­жүзілік қазақтар қауым­дас­­тығында қыз­мет атқарған жылдар да жеміссіз болған жоқ. Түрік тілін еркін мең­геріп, шы­ғармашылық мүм­кіндігінің көкжиегін ке­ңейте түсті. Ғылыми аудармамен кәсіби түрде айналысып, Түркияда жарық көрген тарихшы Бахаддин Өгелдің «Ұлы Хун империясының тарихы» атты екі томдық еңбегін сапалы тәржімалауына байланысты Та­рих және этнология институ­тына жұмысқа шақырылады. Хун­дар тарихын жан-жақты зерттеуінің нәтижесінде ғылыми ор­тада синолог, түркітанушы және шебер аудармашы ретінде та­­нылады. Ә.Дәулетхан өмірінің тұл­ғалық қырына терең талдау жасаған Арман Жұмаділ: «Ежелгі және ортағасырлардағы түр­кілер: тарихи зерттеулер» ат­­ты еңбегі Ә.Дәулетханның жеке басының рухани негізі мен ғы­­лыми ынталылығы тек ұлт­тық-түркілік тұғырнама аясында қалыптасқанын байқатты. Мұндай азаматтық ұстаным оны қазақ халқының сырлы да қилы тарихын тарихи үдерістерді түй­сіну арқылы жанашырлықпен жа­зуға бағыттады. Бұған дейін халқымыздың көне тарихы мен этномәдениетін ұлттық тұрғыдан жазып сипаттаған еңбектер кемде- кем болатын» деді.

Ел ішіндегі алуан түрлі аңыз әңгімеге арқау болған ғалымның артында қалатын мұрасы – кі­табы. Конференция барысында тарих ғылымының көш басын­да жүрген белгілі тарихшылар Ә.Дәулетханның жарыққа жаңа шыққан төрт кітабының жі­бек­бауын қиды. «Шығыс Түр­кіс­тан­дағы дүрбелеңмен өт­кен 40 жыл. 1912-1952 жыл», «Ұлы­лар­дың ұлағаты» кітаптары, «Шы­ғыс­тың сөнбес жұлдызы – Дубек Шал­ғынбаев» және конференция материалдарының жинағы – ғалымның ешқашан өзектілігін жоймайтын құнды еңбектері қа­тарында ғылыми айналымға енді.

Кітап тұсаукесеріне қатысып, құттықтау сөз алған академик Мәм­­бет Қойгелдиев: «совет үкі­­метін орнатқанда советтік зом­былықтан қағажу көрген қалың қазақ қашып, арғы бетке өтті. Бұл – факт. «Бұларды тоқтатпасақ, Қазақстанда қазақ қалмайтын жағдайға жетеміз, тоқтату керек» деген ұран көте­рілді. Ал қалай тоқтатасың? Пулеметпен, оқпен тоқтатасың. Бұл да солай болды. Біразы шекарада қырылды. Арғы бетке осы жақтан біраз зиялы өткен. Олар көп. Бірақ мен екеуін ғана айтайын: Райымжан Мәр­секов пен Ыбырайым Жай­нақов және басқалар. Бұлар Шығыс Түркістанға зиялылықтың жаңа толқынын, жаңа лебін алып барған. А.Байтұрсынұлының жазуы мен әліппесін, Мағжанның өлеңдерін алып барды, қысқасы, Алаш рухын алып барған. Ал сол Алаш рухы Шығыс Түркістанда тамырланып, топырағына әбден сіңді деп ойлаймын. Айтан Нүсіпхан, Әлімғазы Дәулетхан, Нә­бижан Мұқамедханұлы, тағы толып жатқан зиялылар Алаш рухының жемісі, сол кез­дегі көрінісі – осы азаматтар. Әлім­ғазы – талантты адам. Егер ол тарих ғылымын таңдамағанда, жазушы болуы бек мүмкін еді. Әлімғазының алған негізгі іргелі білімі – тіл және әдебиет. Бірақ тіл мен әдебиет бұл кісінің тарихқа келуіне себепші болды. Сөзді түсінген адам тарихты түсінеді. Қазақ тілін білмейтін орыс, қазақша білмейтін неміс яки жапон қазақ тарихын жазады деп айта алмаймын. Оған аузым да бармайды. Ал қазір қа­зақ тілін білмейтін қазақтар қа­зақтың тарихын жазып жатыр. Бұл – сұмдық! Бұл кәсіби дамудан ажырап қалудың көрінісі».

М.Қойгелді ғалымның ұйғыр халқының әдебиеті бойынша жеті еңбек жазғанын, оның бәрі де іргелі, пайдалы еңбек екенін атап өтті. Ә.Дәулетхан орта ғасырлар тарихын жаңа қырынан зерттеп, жаңа кезеңде жаңа тарихты жазуға да атсалысты. Ол еңбектің бәрі де тың. Тарихшылар арасында да бұл зерттеулер жақсы қабылданды.

Конференция жұмысына қа­тыс­қан белгілі тарихшы және әде­биет­ші ғалым-профес­сор­лар Кен­­жехан Матыжанов, Әуезхан Ша­шаев, Берекет Кәрі­баев, Тұр-с­ын­әлі Рыскелді, Қай­дар Ал­да­жұ­манов, Ахмет Тоқ­та­бай, Руда Зайкенова, Оры­най Жұбай тарих пен әдебиетке бір­­дей еңбек сіңірген бірегей ға­­лым туралы тың естеліктер тие­гін ағытты.

Әлімғазы Дәулетханның инс­титуттың жас зерттеуші ғалым­дарына өз атынан тағайындаған шә­кіртақысы табысталды. Қа­зақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Қасымхан Бег­манов тарихшы ғалымның былтыр ғана Одаққа мүшелікке қа­­былданғанын айтып, қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі үшін Ә.Дәулетханға «Қа­зақстанның құр­метті жазушысы» атағы бе­рілгенін жеткізді.

Баяндамалар негізінде жаңа Қазақстандағы тарих ғылы­мы­ның өзекті мәселелері мен түйт­кілді проблемалары кеңінен тал­­қыланып, ғылыми конфе­рен­ция­ның қорытындысы негізін­де ортақ қарар қабылданды.

 

АЛМАТЫ