Медицина • 06 Қазан, 2023

Қымбат дәріні халықтың қалтасы көтере ме?

317 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда Петропавл қаласында тұратын таныс зейнеткер хабарласып, өзінің көптен бері глаукомамен сырқаттанып жүр­генін, ал емдеуші дәрігер жазып берген көз тамшысы тегін медици­налық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне енгізіл­ме­гендіктен, дәрі сатып алуға мардымсыз зейнетақысынан ай сайын 12 мың теңгедей қаржы жұмсауға мәжбүр екенін айтып шағынды.

Қымбат дәріні халықтың қалтасы көтере ме?

Дереу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне үңілдік. Оған Үндістанда шығарылған «Латанопрост» көз тамшысы енгізілген екен. Бұл препаратқа Петропавлдағы дәріханаларда 3 250 теңгеден 3 750 тең­геге дейінгі баға белгіленіпті. Ал бізге мұңын шаққан зейнеткер сатып алып жүрген Румынияның «Дорзопт» дәрісінің бағасы 4 090-4 940 теңге аралығында екен. «Дәрігер осы дәрі тиімділеу деген соң, қымбаттығына қарамай, соны алып жүрмін. Денсаулықтан ештеңені аямайсың ғой», дейді ол.

Осы орайда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағ­дар­ламасында амбулаториялық дең­гейде дәрілік заттардың белгіленген шекті бағасы мен олардың қымбат тұратындарының бағасының арасындағы айырманы бірлесіп төлеу арқылы халықтың неғұрлым сапалы препараттарды таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ету көзделгені ойымызға оралды. Ал 2018 жылғы 28 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы «Халық денсаулығы және денсау­лық сақтау жүйесі туралы» Кодекске елімізде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесінде қымбат тұратын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар құнын бірлесіп төлеу қағидатын енгізу туралы арнайы норма енгізілген. Осылайша, әртүрлі науқасы бар азаматтар көптен көтеріп жүрген көкейкесті мәселе заң­намалық тұрғыда оң шешімін тапқан. Со­нымен қатар бірлескен төлем сияқты күрделі тетікті енгізудің техникалық және ұйымдастырушылық шараларын іске асыру қыруар уақытты қажет ететіні ескеріліп, аталған норманы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізу белгіленген еді. Соған сәйкес 2019 жылғы 31 желтоқсанда сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бірлесіп төлеуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа қол қойған. Өкінішке қарай, аталған бұйрық іске асырылмай, тек қағаз жүзінде қалған.

Сол себепті Парламент Сенатының депутаты Серік Бектұрғанов 2020 жылғы 6 ақпанда Денсаулық сақтау министрі­не депутаттық сауал жолдап, онда: «Биыл 22 қаңтарда Сенаттың Әлеу­меттік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысының тиімділігі мәселелері жөнінде өткізген іс-шарада Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері алдағы алты айда бірлесіп төлеу тетігі енгізілмейтінін мәлімдеді. Яғни іс жүзінде уәкілетті орган «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс талабын орындамай отыр. Соның салдарынан азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз қалауы бойынша бағаның айыр­масын төлей отырып, қымбат дәрілік препараттарды немесе медициналық бұйым­­дарды таңдап алу құқығынан айырылды», дей келіп, бірлесіп төлеу қандай себеппен іске асы­рыл­мағанын сұрап, оған кінәлі шенеу­ніктерге шара қолдануды және жол берілген кемшілікті түзетудің нақты мер­зімін белгілеуді талап еткен.

Осы депутаттық сауалға министр Е.Біртанов: «Бірлесіп төлеуді енгізуге көп­теген дәріхана қатысады, мұның өзі қазіргі электрондық есеп жүйесін жаң­ғыртуды талап етіп отыр. Осыған байланысты қолданыстағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі бірлесіп төлеу бойынша алынған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу жүйесі жетілдірілді. Бұл жүйе дәрігер жазып берген және бірлесіп төлеу ар­қылы алынған препараттарды ашық та нақты уақыт режімінде қадағалауға мүмкіндік туғызады. Қазіргі уақытта бірлесіп төлеу үдерісін автоматтандыру аяқ­талып қалды, техникалық талаптарды, ақпараттық өзара әрекеттестікті келісу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолданыстағы ақпараттық жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жүйені тестілеу биыл сәуір-мамыр айларына жоспарланған. Сонымен қатар осы нормативтік құжатты уақтылы әзірлемегені және іске асырмағаны үшін Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және стандарттау департаментінің директоры қызме­тінен босатылды. Дәрілік заттар мен медици­налық мақсаттағы бұйымдарға бірлесіп төлеуді жүзеге асыру қағидаларын іске асырудың болжамды уақыты – 2020 жыл­дың екінші жартыжылдығы», деп ресми жауап берген.

Өкінішке қарай, Е.Біртановтың бұл уәдесі орындалған жоқ. Келесі Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың 2021 жылғы 16 шілдедегі бұйрығымен бірлесіп төлеуді жүзеге асырудың жаңартылған қағидалары бекітілді. Бірақ оны іске асыру Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының сол жылғы 5 қарашадағы бұйрығымен 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін, ал 2023 жылғы 1 тамыздағы бұйрығымен 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқ­татылды.

Бір қайран қаларлығы, Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары 2020 жылғы 7 шілдеде жаңадан қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске ен­гізілген бір­лесіп төлеуді енгізу мерзімін кейінге жыл­жытудың себебі неде екенін жұрт­шы­лыққа түсіндіріп, ашып айт­қан жоқ. Біз тілдескен кейбір білікті ма­ман­дардың пікі­ріне қарағанда, бірлесіп төлеуді енгізуге, ең алдымен, отандық фармацевтика компаниялары мүдделі емес көрінеді. Өйткені бірлесіп төлеуді енгізу олардың өндіретін өнімдеріне сұранысты күрт кемітіп жі­беруі мүмкін. Мұның себебі – науқастар шетелдік қымбат дәрілік заттардың сапасы отандық препараттарға қарағанда әлде­қайда жоғары деп санайтындығында. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдар отандық фармацевтика компанияларының мүддесінен гөрі халықтың денсаулығын нығайтуға басымдық беретін кез жеткен сияқты. Бұған қоса Денсаулық сақтау министрінің нормативтік-құқықтық акті­лер сатысында деңгейi жоғары тұрған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің ма­ңызды нормасын өз бұй­рығымен тоқ­татуы қалай? «Құқықтық актілер туралы» заңның 11-бабының 1-тар­мағында: «Егер нормативтiк-құқық­тық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қол­данысқа енгiзу туралы актiлерде өзге­ше ескер­тілмесе, барлық нормативтiк-құқық­тық актi­лер тiкелей қолданылады», ал 2-тар­­мағында: «Қолданысқа енгізілген нор­мативтiк-құқықтық актiлердi қолдану үшiн қан­дай да болсын қосымша нұсқаулар талап етiлмейдi», деп атап көрсетілген емес пе?