Фото: kamshybek_kunkabayev
«Қытайдағы жазғы Азия ойындары да өз мәрсесіне жетті. Тақым қысып жанкүйер болған барша қауымға алғыс айтамын. Бұйыртса, Париж-2024 Олимпиадасынан қазақ еліне алтын алып келуді нәсіп етсін», деп жазды боксшы.
Қамшыбек Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының финалына шыққан жалғыз саңлақ еді. Әлемнің екі дүркін чемпионы, Токио Олимпиадасының жеңімпазы өзбек Баходир Жалоловқа қарсы өткізген жекпе-жектен кейін Қамшыбек пікір білдірді.
«Рингте мен жүрдім, төреші қолымды көтермегендіктен жеңдім демеймін. Келесі жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында бұдан да қарқынмен жұдырықтасып, еліме алтын медаль тарту еткім келеді», деді ол.
Аса ауыр салмақта Сидней Олимпиадасының күміс жүлдесін алған Мұхтархан Ділдәбеков бокста бойы ұзындардың қимылы сылбыр келетінін, Қамшыбек жылдамдығын үдетсе, Жалоловты сабасына түсіруге болатынын айтты.