Аймақтар • 08 Қазан, 2023

Торғайдың Хатикосы

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Амантоғайдан бұрылып, Арқалыққа қарай бет алып барамыз. Сәлден соң алдымыздан Кейкі батырдың кесенесі көрініп қалуға тиіс. Тасты ауылдық округінің шекарасына іліккеніміз сол еді, көлік тізгінінде отырған Жарқын есімді жігіт ағасы жүрісін кілт тежеп, күре жолдың оң қапталындағы асфальтталған ашық алаңның арғы бетіне тіреліп тоқтады.

Торғайдың Хатикосы

– Бел жазып алайық, төме­ніректе бұлақ бар, суы бал татиды. Қаласаңыздар, анау тұрған зорманның ескерткішіне барып, суретке түсуге болады, естелік болып қалады ғой, асықпаңыздар.

Есімін біліп қойғандай-ақ екен, адамға бауыр тартып тұратын ақ­жарқын мінезді жүргізуші күлім­деген қалпы көлігінің артқы есігін ашып, жүксалғышынан аузы түйіл­ген қара пакет алып шықты. Енді ғана байқадық, анадай жердегі бір түп бозқарағанның қалқасында ­қа­бырғасы ырсиып арып-ашқан ала төбет жатыр екен. Жарқын әл­гі пакетті сол иттің алдына апарып ақтара салды.

– «Иесіз иен далада жүрген бұл не төбет?» деп тұрған боларсыздар.

Жанымыздағы семіз әйелдің «Қаңғыған бұралқы ит емес пе, оны қайтесің, кетейік тезірек!» дегенін естімегендей сыңай танытқан жүр­гізуші сөзін әрі сабақтады. – Шы­нымды айтсам, бұл иттің бұл жерде қашан, қалай пайда болғанын өзім де білмеймін. Осы жерде жүр­геніне бірнеше жыл болды. Кей­бір жұрт әрі-бері өткенде әдейі тоқтап, осылай тамақ тастап кетеді. Маңайдағы малшылар бірнеше рет байлап алып кетіп, асырамақ болған деседі. Қайтып осы бұлақтың басына қашып келе береді екен. Кейде бұл бір өтіп бара жатқан көліктердің бірінен қалып қойған ит пе екен деген ой келеді. Өйткені машина қай жерге тоқтаса, сол жерге жақындап барады. Шамасы, ием көрініп қала ма екен деп үміттенетін сияқты. Әйтеуір әлдекімді іздейтіні, күдер үзбей біреуді күтетіні анық. Жаңа сіздер түсіп жатқанда да сырттарыңыздан қалт етпей қарап бағып тұрды ғой. Иесі әдейі тастап кетті ме, әлде бір бақытсыздыққа ұшы­рап келе алмай қалды ма, кім білсін?...

Көлікке көңілсіз болып міндік. Жарқын да бастапқыдай емес, жү­зінде жайдарылықтың ізі де қал­маған. Арқалыққа жеткенше ешкім жарытып әңгіме айтпады. Әркім өз ойымен әуре.

Ертеңінде біреулер: «Бұрын ол жерде дәмхана болған. Содан қалған ит шығар» деген болжам айтты.

Арқалықтан кері қайтқанда бас­қа көлікке міндік. Музыкасын айғай­латып қойған жас жүргізуші әлгі автотұраққа тоқтамай өте шықты. Терезеден төбет жатқан жаққа үңі­ліп едім, зорман ескерткішін ғана көзім шалып қалды. Тас тұғырдың үстінде зорман емес, ит отырғандай болып көрінді.

 

Қостанай облысы