Ұлытау облысының мəдениет, тілдерді дамыту жəне архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар құттықтау сөзінде халқымыздың бата беру салтының қадір-қасиетіне тоқталды.
– «Батаменен ел көгерері», «Баталы ер арымас» сияқты бір батаға ғана орай ондаған, жүздеген баға берген ұлтымыз сөздің құдіретін керемет ұғынғаны, білгені таңдандырмай қоймайды, деп сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әрбір қатысушы екі тақырыпты қамтыған бата мен өсиет тілегін ортаға салды. Жергілікті өнерпаздардың ән-күйлері мен билері шараның шырайын одан әрі аша түсті.
Қазылар алқасының ұйғаруымен Қаражал қаласының ақсақалы Жарқынбай Жетімек бас жүлде – 300 мың теңге ақшалай сыйлық пен дипломға ие болды. Бірінші орын жезқазғандық Қуанышбек Нарбаев, 2-орын Жаңаарқа ауданының өкілі Берген Қожамұратов, 3-орын Сəтбаев қаласының батагөйі Əділбек Қасымов ақсақалдарға бұйырды. Ұлытау ауданы Қаракеңгір ауылынан келген Сайлау Балапанұлы «Egemen Qazaqstan» газетіне келесі 2024 жылға тегін жазылатын болды.
– Батагөй қарияларды бағалау кезінде олардың өздерінің шығарған бата, тілегіне мән бердік. Өйткені бір ауыз болса да бұрын ел естімеген жаңа әрі жағымды бата – байқаудың олжасы ғой, дейді қазылар алқасының төрағасы, «Ақпарат саласының үздігі», ардагер-журналист Амандық Рахұлы.
Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов өнегесі мол мұндай іс-шараны өткізуді дәсүрге айналдыру туралы бастама көтерді. Көпшілік бұл ұсынысты қуана құптады.
Ұлытау облысы