Месторы дегенде...Бала күнімізде біздің ауылда да соған ұқсас тұлпарларды көріп едік. Солардың соңғы тағдыры дәл осындай жан ауыртар өкінішпен аяқталған. Соған қарап, суреткер бұл оқиғаны қиялдан емес, өмірдің өзінен алғанын көреміз.
«Сайқанның қарлы шыңдары таң арайына шомған алакеуім, ала көлеңке шақта сары дөң асып, салт атты ылдиға қарай құлап келе жатты. Бағыттары – бүгінгі дүбірлі той өтетін Қойбастың жалпақ жазығы. Бұлар – Нұрым қарт пен жігіт болып қалған баласы Қасымбек еді», деп басталған әңгімеден өмірі той-қызық қуып көп әдеттенбеген Нұрым қарияның осы тойға баруға бүйірі қызып, ерекше аңсары ауады. Екеуінің астындағы көліктері – қарттың талай жылдан бергі қос қанатындай болған қос аты. Ақсақал өзінен басқалары жақсы ат деп ешуақытта айтып көрмеген, қойға мініп жүрген Месторысын өзгенің шашасына шаң жұқпас жүйріктеріне айырбастағысы келмейді. Оның тұрпайы желісі мен бір митыңнан аспайтын аяңын бәрінен артық көреді.
Дүбірлі тойдың басы-қасында жүргендер бәйгеге шабатын аттарды айдап барушы кез келген кісі емес, жөн білетін адам болуы керек деп, жылқының жайын білетін Нұрым қартқа сенім артады. Қария отыз шақырымдық жерге отыз салт аттыны ертіп, кідірмей аттанып кетті. Нүкеңнің астындағы Месторы да бәйгеге шабатын аттармен бірге қатты жүріске сыр бермей отырады. Қайта, биенің қарнындай жер сызып жүретін іші тартылып, жаранып шыға келеді.
Қария межелі жерге жетіп, қызыл орамал байлаған бұзаутіс қамшысын жоғары көтеріп, төмен түсіргенде бәйгеге шабатын аттардың тұяғы жерді дүбірлете жөнелді. Қапелімде, Нұрым қарт ештеңе аңғара алмады. Месторы да жұртта қалып қойғандай, тыпыршып, бір орнында тұра алмады. Ат дүбірі естілсе, арқа қозатын халықтың ұрпағы емеспіз бе, қария да соны байқап, жалғыз өзі ұрандап, жаман атына қамшы басты. Ат үстінде келе жатып, етек-жеңін қымтап, тымақ бауын байлады. Әудем жер шапқан соң барып, бойы жеңілдегендей болды. Месторы отыз аттың қарасына ілесіп, бір қалыпты шабысқа салды да отырды.
Нұрым қарт ішінен «бір кезде баяғыда Қозы марқұм үміт еткен жыныңды енді көрсетейін дедің-ау!» деп ойлады. Олай айтатын жөні бар. Ертеде Қозы жарықтық жабағы кезінде осы Месторыны көріп: «Жануар болайын деп тұр екен. Отыз-қырық жылда бір туатын, қолтығының астынан қанат біткен нағыз дүлдүл ғой мынау» деп, жиеніне астындағы атын түсіп беріп, қалағандай алып кетеді. Сол жаман жабағысын құнан шыққанда жетпіс ат шабатын бәйгеге қосуға әкелгенде, ат танитын бір сұм түн жамылып келіп, орының қызыл асығынан темірмен ұрып, шөкелетіп кетеді. Сонда Нүкең Қозының маңдайын ұрып жылағанын өз көзімен көреді. Ат иесі қайтыс болған соң аяқ лауға шыдамды мал болар деп, торыны бұл өзі алды.
Месторы өзімен бірге шауып келе жатқандардан бірте-бірте озып, алға өкшелей ұмтылды. Алайда бірінші кетіп бара жатқан жүйрікпен өзіне дейінгі жүз қадамдай ара қашықтықты азайта алмай әбден діңкеледі. Қарт месторының екі көзіне құйылған терді ұмтылып барып, қол орамалмен сүртіп отырды. Енді соңғы шақырымдар ғана қалды.
Осы жерде әңгімедегі үзіндіге зер салыңыз:
«Бұл кезде Месторының халі тіпті мүшкіл еді. Бәсекелесінен озсам деген ынтығудың өзі де бірте-бірте бұлыңғыр тартып, тек бұрынғы жетсем, озсам, деген ойдың елесі ғана сүлдесін сүйреп келе жатқандай. Алдына түскен тұқымдасын қалай да қуып жету, бар мүддесі, бар мақсаты сияқты. Сол үшін де ол өзіне бағынудан қалған төрт тұяқтың бір қалыпты қозғалысына өзгеріс енгізуге барын салды. Ақыры алдындағыдан озғанын, біреулердің жансалап келіп, көтермелей шаужайдан алғанын, біреулердің сауырына тызылдатып қамшы салғанын сезгенде бойын бір рахат жалын шарпып өтті. Ол орындалған ең соңғы арманының рақаты еді».
Қайран Месторы топ ортасынан қақ жарып өте бере жығылды. Оның жанарынан тамған мөлдір жас иесінің қолына үзіліп түсті. Тұлпарлардың тағдыры да адамдардың тағдыры секілді. Бойын жасырған тұлпар секілді жақсы адамдар да көзге көп түспейді. Олардың да қадірін өмірден өткенде білеміз. Өкініштісі сол.