Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстық маңызы бар қалалар және аудан әкімдерін сайлауды өткізуді тапсырды. Президент биыл сәуірде өткен әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте айтты.
«Алдағы екі жылда қанатқақты жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Осы орайда қажетті нормативтік базаны және жол картасын әзірлеу қажет. Үкімет бұл жұмысты Орталық сайлау комиссиясымен және облыс әкімдерімен бірлесіп жүргізеді. Біз қоғамды демократияландыру және билік құзыреттерін төменге беру үдерісін жалғастырамыз. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заңның қабылдануы бұл бағыттағы тағы бір маңызды қадам болмақ», деген еді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да аталған мәселеге назар аударды. Президенттің айтуынша, аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды.
«Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», деді Қ.Тоқаев.
Қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясының отырысында алдағы саяси бәсекенің нақты күні белгіленді. Осылайша, 5 қарашада 45 аудан және облыстық маңызы бар қалада қанатқақты режімде ұйымдастырылатынын хабарлаған-ды. Таяуда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің қатысуымен ОСК жиыны өтті. Іс-шара барысында үміткерлерді ұсыну жұмысының қорытындысы хабарланды. Мәселен, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың келтірген деректеріне сүйенсек, алдағы сайлау науқанына 249 кандидат ұсынылған. Соның 36 пайыздан астамы саяси партиялар атынан сынға түседі. Ал 64 пайызға жуығы өзін-өзі ұсынып отыр.
Айта кетерлігі, 45 аймақтағы ең жоғары бәсекелестік Жамбыл облысында (Жуалы ауданы), Жетісу облысында (Кербұлақ ауданы), Түркістан облысында (Бәйдібек ауданы) өтпек. Аталған өңірлерде 9 үміткер аудан тізгінін қолына алуға өтініш білдірген. Сондай-ақ елімізде тіркелген жеті партияның бәрі өз үміткерлерін үкілеп саяси бәсекеге қосып отыр.
Стратегиялық зерттеулер институты аға сарапшысы Қуаныш Сайлау облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау қанатқақты режімде өткені дұрыс деп есептейді. Оның айтуынша, мұндай сайлау жүйесін жан-жақты қарастырып, алдағы саяси науқандарда қаншалықты тиімді болатынын анықтау керек.
«Сайлау – өте маңызды мәселе. Мұны ұлттық деңгейде ғана емес, жергілікті тұрғыдан да қарастырған жөн. Осылайша, әкімдердің сайлануы елге үлкен серпін береді. Дегенмен оны бірден өткізбеген жөн. Жүйелі, тиянақты түрде жүргізген дұрыс. Сондықтан әкімдерді қанатқақты режімде сайлау арқылы Президент тапсырмасын орындап қана қоймаймыз, сапалы түрде жүзеге асуын қамтамасыз етеміз», дейді Қ.Сайлау.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан алдағы саяси бәсеке аймақтардың қарқынды дамуына жол ашатынына сенімді. Оның сөзіне сенсек, қанатқақты бастама өңір жұртшылығының үмітін оятып отыр.
«Өңірлерді аралағанда аудан әкімдерінің дәрменсіздігін жиі байқаймыз. Неге? Себебі қолында бюджеті жоқ, тиісті деңгейде аудан аумағында әлеуметтік салаларға (білім, денсаулық), коммуналдық шаруашылыққа құзыреті жүрмейді. Бәрі аудан әкіміне мәлім, алайда ауыл шаруашылығы саласына да түрлі бұлақтан ағып келетін субсидияларды, өзге қаржы-қаражатты қарастыруға да қауқарсыз.
Өңірде таудай тауқыметін арқалап бәрі аудан әкімдігіне барады. Ал қолындағы билігінің аты дардай болғанымен, заты жұрдай басшының халық алдындағы абырой-беделі де белгілі. Селолық округтердің әкімдері туралы мүлде сөз қозғамай-ақ қоялық», дейді Ж.Әшімжан.
Депутаттың айтуынша, аудан әкімдерінің дербестігі халық пен қазынаға тікелей байланысты. Халық сайлаған әкім өзінен жоғары билікке жалтақтамайды. Қаражатына ықтиятты болып, сайлаған елінің алдында есеп-қисабын беріп отырмақ.
Алдағы сайлауға ұсынылған үміткерлердің орташа жасы – 47 жасты құрап отыр. Үміткерлердің басым бөлігі 35 пен 55 жас аралығында (68,27 пайыз). Кандидаттың көбі ер адам. Сонымен қатар 13 әйел ұсынылды. Бүгінде әкімдікке кандидаттарды тіркеу жүріп жатыр. Тіркеу 10 қазан сағат 18.00-ге дейін жалғасады.
Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев жүйелі түрде сатылап іске асырылып жатқан еліміздегі демократиялық реформалар алдағы уақытта да прагматикалық тұрғыда жалғасын табатынына сенім білдіреді. Осылайша, халықтың өзін-өзі басқару саласына белсенді қатысуына, жергілікті мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіруге жол ашылмақ.
«Қазақстанда 2021 жылдан бастап барлық ауыл әкімін халық сайлап келеді. Саяси партиялардан бөлек талапқа сай әрбір азамат өзін-өзі ұсынып, халық қолдаса ауыл әкімі бола алады. Қазіргі таңда салықтың 4 түрі ауыл бюджетінде қалса, алдағы уақытта ауыл қазынасында 8 салықты қалдыру көзделген. Ендігі кезекте Қазақстанда 45 аудан, қала әкімдерін сайлау тетігі іске қосылды. Мұның барлығы ауыл әкімдерін сайлаудағы кемшіліктерге ғылыми талдау жасалып, жергілікті жерлер мен өңірлердегі ерекшеліктерді сараптап, заңдарға тиісті өзгерістер енгізіле отырып жүзеге асырылып жатқан қадамдардың бірі деуге болады. Егер бәрі сәтті өтсе, 2024 жылдан бастап аудан мен қала әкімдерін толық халқымыз сайлайтын реформаның да ауылы алыс емес», дейді Б.Серікбаев.
Міне, 5 қарашада өтетін сайлаудың алғашқы кезеңі артта қалып отыр. Қазіргі таңда үміткерлер ұсынылды. Енді 10 қазанға дейін оларды тіркеу жұмыстары жүргізіледі. Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, алғашқы кезеңге үміткерлер өте белсенді қатысқан.
Саясаттанушы Мақсат Жақаудың пайымдауынша, әкімдердің сайлануы – саяси реформаның жалғасы. Демократиялық жариялықтың арқасында жергілікті атқарушы билікті халықтың сайлауына мүмкіндік туып отыр.
«Билік орталықсыздандыруды күшейтіп жатыр. Тағайындалатын әкімдердің орнына сайланбалы дәстүрмен аймақ менеджерлері, саяси тұлғалардың келу науқаны басталады. Егер саяси даму тарихымен айтсақ, бұл елімізде тұңғыш рет аудан мен қалалар әкімдерінің сайлауы өтпек. Демократиялық сатылай дамудың үлкен бір қадамы, әкімдер сайлауы болса, саяси реформалардың нәтиже беріп отырғаны емес пе?! Бұл сайлаудан еліміздің болашағы ұтады», дейді М.Жақау.