Баға • 09 Қазан, 2023

Жетісу облысы: Қамыстың да құны шарықтап кетті

239 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шөп бағасы күннен-күнге шарықтап барады. Қараңыз, өңірде бір түк жоңышқаның бағасы 1800 теңге болса, бір орам жоңышқаның құны – 13-15 мың.

Жетісу облысы: Қамыстың да құны шарықтап кетті

Шөппен айналысатын шаруалар жаң­быр­дың аз жауғанын алға тартып, қымбат­шылыққа себеп айтуда. Ал кейбір елді мекенде шөпке шалғы өте кеш тиді. Бұ­рын­­дары шілденің басында-ақ екінші орам­ды бастап кететін шаруалар, міне, күз орта­сына келгенде ғана үшінші орамға дайын­далып жатыр. Осыдан-ақ жемшөп­тің қыста тапшы боларын бағамдай беруге болады. Мәселен, Сарқан ауданына қарас­ты Қарабөгет ауылының фермерлері жаз­дың аптап ыстығынан көтеріле алмаған шабын­дықтың есесін егістік алқабынан алуды ойлап отыр. Сол себепті ауданда майбұршақ пен арпа сабандарын орап, түктеуде.

Мәселен, қазір бір түк жоңышқа 1500-1800 аралығында болса, айдың аяғы 2 мың теңгеге таппайсыз. Тіпті қамыс шөптің де бағасы  ұшып барады. Ал былтыр жүгерінің бағасы сулылығына қарай кг 80-90 теңгеден, биыл да сол шамалас. Ал бидайдың бағасы шаруаларға тіпті қолайсыз болып тұр.

Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бізге берген ақпараттарына сүйенсек, 2023 – 2024 жылғы қысқы науқанға мал азығының қосымша қоры ескеріліп, аудан және қала әкімдіктеріне 2 205,5 мың тонна мал азығын дайындалып жатыр. Оның ішінде шөп – 1 236,7 мың тонна, пішіндеме – 116,7 мың тонна, сүрлем – 203,4 мың тонна, сабан – 184,7 мың тонна, жем  241,9 мың тонна қажет. Қазіргі таңда аталған тапсырманың орындалуы аудан және қала әкімдіктерінің ақпараттарына сәйкес қажеттіліктің 88,5 пайызы немесе 1 953,5 мың тонна мал азығы жиналған. Атап айтсақ, Ақсуда – 220,0 мың тонна, Алакөлде – 183,3 мың тонна, Ескелдіде – 96,4 мың тонна, Қараталда – 89,0 мың тонна, Кербұлақта – 167,5 мың тонна, Көксуда – 112,5 мың тонна, Панфиловта – 203,4 мың тонна, Сарқанда – 130,0 мың тонна, Талдықорғанда – 25,2 мың тонна, Текеліде 7,1 мың  тонна мал азығы бар. Әрине, бұл өте аз. Аз дейтін себебіміз, биыл мал қыстату науқанына азықтың қажеттілігі 3 млн тоннаға дейін баруы мүмкін. Себебі қыстың былтырғыдай мінез көрсетуі ғажап емес. Қазір жемшөп дайындау жалғасуда және тұрақты бақылауда. Дәл қазір өңірде шамамен 559,6 мың ірі қара, 1 769,5 мың ұсақ мал, 189,8 мың жылқы бар.