Егемен Қазақстан • 09 Қазан, 2023

«Егеменнің» ең қарт оқырманы

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалының қызмет көрсету залында өткен іс-шараға филиал ұжымы, жергілікті және республикалық баспасөз құралдарының өкілдері қатысты.

«Егеменнің» ең қарт оқырманы

Іс-шара барысында «Тобыл» фут­­бол клубы­ның медиа-офи­­цері Қас­қыр­бай Қой­шы­манов ел газетінің ең қарт оқыр­ма­ны, 99 жастағы майдангер-журналист Қасым­хан Алдабергеновке «Egemen Qazaqstan»-ның бір жылдық жа­зы­лымын тарту етіп, түбір­тегін қолына ұстатты.

– Бұрынғы «Социалистік Қазақ­стан», бүгінгі «Егеменді» 77 жыл бойы үзбей оқып ке­лемін. Салиқалы, салмақты ең бір сүйікті газетім. Оқып қана қоймай, кейбір көкейкесті мәсе­лелер төңірегіндегі ой-пікі­рім­ді өзім де жазып тұрамын. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын «Терме деген терминді теріс бұрып барамыз» деген көлемді мақалам жарияланды. Ол кезде ел ішінде біреу «Әу» десе, «Өй, бұл термеші ғой!» дейтін бір үрдіс пайда болған. Соның жөнін айту мақсатында жазылған дүние еді, – дейді ардагер. 

Акцияның ашылу рә­сі­мінде «Қаз­пошта» АҚ Қос­танай облыстық  филиа­лы­ның басшысы Қайрат Са­ғадиев газет-жур­налдардың қо­ғамдық ой-сананы ілге­рілететін, күнделікті ма­ңызды ақпараттармен хабардар етіп отыратын айтулы құрал еке­нін атап өтіп, көпшілікті 2024 жыл­ғы жазылым науқанының бас­талуымен құттықтады.

– Биыл «Қазпошта» 30 жылдық белесін бағынды­рып отыр. Пошта қызметкерле­рі­нің жалақысын өсіру мәселе­сі де біртіндеп өз шешімін та­уып келеді. Біз қазір мерзім­ді баспасөздің таралымын ке­ңейту, газет-журналдарды кешіктірмей оқырманға жет­кізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Биыл өңір­дегі ірі кәсіпорындардың бас­шылармен кездесіп, жазылым аясын ұлғайту жөнінде ұсыныс айт­қан едік, өкінішке қарай, көбі қолдау білдіре қой­мады. Сондай-ақ шал­ғай ауылдарға газет жеткізу мә­се­лесі де толық шешіле қойған жоқ. Бұған шал­­ғай ауылға қатынайтын көліктің, адам­­ның тапшылығы қолбайлау болып тұр. Қыста ауа-райының қо­лайсыздығы кедергі болады. Бірақ биыл­дан бастап газет тасымалын бақылайтын КРІ жүйесі енгі­зі­леді. Жаңа жүйе баспаханадан шыққан газеттің оқырман қо­лына қай уақытта тигеніне дейін онлайн бақылап отыруға мүмкіндік береді, – деді филиал басшысы.

Әрі қарай әр мерзімді басылым өкілдері өздеріне арнайы бөлінген жазылым орнына жай­ғасып, келімді-кетімді тұр­ғындарға газеттің шығу жиі­лігі, айлық, жартыжылдық, жыл­­дық бағасы мен оған жазылу жол­дары туралы ақпарат бер­ді. Бір­­қатар баспасөз құ­рал­дары жа­­зылым лоторея­ларын ойнатып, тұрақты оқыр­ман­да­ры­на шағын кәдесыйлар тарту етті.

 

Қостанай облысы