Көрме • 09 Қазан, 2023

Ақанаевтың айшықты көрмесі

337 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде «Амандос Ақанаевтың әлемі» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Аталған іс-шара Көркем академияның президенті Амандос Ақанаевтың 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Экспозицияға суретшінің кейінгі жылдары салған және қалың көпшіліктің назарына ұсынылып үлгермеген 60-тан астам туындысы қойылды.

Ақанаевтың айшықты көрмесі

Көрме аясында шығармашылық жобаларды талқылау мақсатында Көркем академияның құрамындағы танымал суретшілер және шетелдік өнер майталмандарымен дөңгелек үстел өтті.

Мәдени жиынға келген сенатор Руслан Рүстемов Парламент Сена­ты­ның төрағасы Мәулен Әшім­баевтың құт­тықтау хатын оқыды.

«Өнер мәңгілік, екі ел бір-бірімен мақ­танса, тек төл мәдениеті мен өнері, тарихы мен ғылымын айтады. Әлемде мәдениет пен өнерді алып күш деп елестететін болсақ, өзінің сән-салтанатымен келіп қосылған бүкіл қазақ мәдениетін, жалпы түркі мәдениетін көргендей боламыз. Осы уақытты қаз қалпында көрсететін – суретші ғана», делінген онда.

Ал ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев суретшінің еліміздің бейнелеу өнерінің дамуына қосқан зор үлесін айтып, Амандос Ақанаевтың көшпенділердің көркем шежірешісі екендігін атап өтті.

Амандос Ақанаев туындыларын Ұлттық музейдің 4-қабатында ор­наласқан №2 Бейнелеу өнері залында тамашалауға болады. Көрме қазан айының 19-на дейін жалғасады.