Жолаушының да жүргізушінің де уақытын айтарлықтай үнемдейтін бұл жоба көліктердің қозғалысын 15%-ға, Құлжа трактісіндегі кептелісті 20%-ға төмендетуге септеседі.
Жолайрық құрылысы Алматы әкімдігінің тапсырысы бойынша 2018 жылы әзірленіп, 2019 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталған еді.
«Тоннель ашылғаннан кейін жолайрықтың айналма бөлігіндегі кептеліс айтарлықтай тарқатыла түседі. Бұрын жерасты бөлігі ашылғанға дейін барлық көліктер айналма жол арқылы жүретіндіктен, үлкен кептелістер пайда болушы еді. 2018 жылы осы жолайрықты салу арқылы Құлжа трактісі мен Бухтарминская көшесі арқылы әуежайға, Талғар мен жалпы солтүстік шығыс-бағытқа қарай өтетін көліктер қозғалысын жеңілдету қажеттілігі туралы шешім қабылданған еді», дейді Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев.
Жобаны жүргізіп отырған «Bazis Construction» ЖШС мердігер-компаниясының өкілі әрі нысанның басқарушы директоры Фариз Тутадзе: «Түрксіб ауданындағы жолайрық салу жөніндегі ірі инфрақұрылымдық жоба 31 қазанға дейін толық аяқталады. Бүгінде су құбыры желілерін абаттандыру мен қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тораптың көлік өткізу қабілеті 5 есеге жуық өседі, оны тәулігіне 340 мыңға дейін автомобиль пайдалана алады», деді.
Оған қоса осы жобаның аясында Құлжа трактісі бойынша эстакаданың аралық құрылысын, Бухтарминская көшесіндегі тоннель бөлікті, съездер мен түйіспелерді салу бойынша жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ су құбыры желілерін абаттандыру мен қайта құру жұмыстары жүріп жатыр.
Орайы келіп тұрғанда, бүгінде Алматыда үш үлкен жолайрық салынып жатқанын айта кетуге болады. Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесіндегі жолайрық 2024 жылдың соңында берілуге тиіс. Ал Саин көшесі – Мөңке би көшесіндегі жолайрықтың Мөңке би көшесі жағы 2023 жылдың соңына дейін ашылады. Жаңадан іске қосылған Бухтарминская көшесі – Құлжа трактісіндегі қозғалыс толық ашылғанымен, абаттандыру жұмыстары қазан айының соңында аяқталады.
АЛМАТЫ