Сұхбат • 10 Қазан, 2023

Оралбай Әбдікәрімұлы: Ұлттың тарихи күні

386 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Азаттыққа жол ашқан Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы – ұлт тарихындағы ұмытылмас мезеттердің бірі. Сол кезеңде саясат сахнасында болған сан-қилы оқиғалар мен айтыс-тартыстардың куәгерлері арамызда жүр. Соның бірі – 1990 жылы Орталық партия коми­тетінде ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімін бас­қарған мемлекеттік қызмет ардагері, белгілі қайраткер Оралбай Әбдікәрімұлы газетімізге арнайы сұхбат беріп, ел өмірін­дегі елең-алаң шақ туралы естелігін айтты.

Оралбай Әбдікәрімұлы: Ұлттың тарихи күні

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

– Оралбай аға, Мемле­кеттік егемендік туралы декларацияны қабылдау оңай болмағанын аға буын өкілдерінің әңгіме­лерінен естіп жатамыз. Сіз де сол оқиғалардың бел ортасында жүрдіңіз. Есіңізде не қалды?

– Мен ол уақытта Орталық партия комитетінде қызмет етіп жүрдім. Партия мен Жоғар­ғы кеңестің арасындағы жұ­мысты үйлестіру, депутаттармен сөйлесу секілді міндеттер біз­дің бөлімге жүктелген еді. Сон­дықтан декларацияның қалай қабыл­данғанын және ол жерде қандай саяси текетірес болғанын өз көзіммен көрдім. Қазан айының соңында кеңестің жалпы отырысы өтіп, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдау мәселесі талқыға салынды. Өте қызу пікірталастар жүрді. Ол кезде Жоғарғы кеңес­те, яғни қазіргі тілмен айт­қанда Парламентте 360 депутат болатын. Соның 53 па­йызы ғана қазақ ұлтының өкілі еді. Көптеген өзге этнос өкілі, әсіресе, егемендікке жаны қас кейбір депутаттар дек­ларацияның қабылдануына қарсы шығып, «Біз Ресеймен бірге болуымыз керек» деп табандап тұрып алды. Ойлап отырсаңыз, олардың бұл сөздері мен талабы ешбір қисынға келмейтін. Өйткені Ресейдің өзі бізден бұрын, 12 маусымда мемлекеттік егемендігін жариялап, Горбачев басқарған Кремльге бағынбай бөлініп кеткен. Сонда біз қайтіп Ресеймен бірге болуымыз керек?

мс

Декларацияның қабылдануы үшін кемінде 75 пайыз дауыс жинау қажет еді. Қай бағытқа бет аламыз деп әрі-сәрі күй кешкен уақытта мұнша дауыс жинау оңай болмады. Сол құжатты дайындап, егемендік мәселесін алғаш көтергендер қатарында академик Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев секілді мүйізі қарағайдай мықты заңгерлер болды. Жоғарғы кеңес­те Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұр­таза секілді елге танымал депутаттар оларды қолдап, бірнеше рет шығып сөз сөйлеп, ақыры басым дауыспен декларацияны қабылдадық.

«Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған азаттық» деп жатамыз ғой. 1990 жылдың 25 қазаны – сол арман орындалған ұлттық тарихи күн болып қалды. Әлі есімде, депутаттар бір-бірін құттықтап, кейбірі тіпті көзіне жас алып та жатты. Патриоттық сезім кеудені кернеді. Ешкімге жалтақтамай, біреудің қас-қабағына қарамай өз-өзімізді басқаратын егемен ел болдық деп қуанышымыз қойнымызға сыймады.

– Дегенмен, азаттықты алу бар да, оны қолда ұстап тұру бар. Жеке-дара мемлекет ретінде өмір сүруді бастағанымызбен, 90-жылдардың тоқырауында көп қиындыққа тап болғаны­мыз белгілі. Сол уақытта егемен­дігімізге қандай да бір қатер төнбеді ме?

– Иә, кеңес одағы ыдырағаннан кейін үлкен қиындықтарға жолық­тық. Экономикамыз құл­ды­рап, халықтың тұрмысы мен әл-ауқаты төмендеп кетті. Зауыт-фабрикалар жаппай жұмы­сын тоқтатып, бюджетке түсім азай­ғандықтан, зейнетақы төлеуге, дәрігерлер мен мұғалімдер, әс­кери қызметшілер, т.б. еңбек­а­қысын беруге қаражат жетіс­педі. Бірақ сол кездің бір ерек­ше­лігін айтқым келеді: ол – арман болған азаттықтың келуін көңіліне демеу қылған қара­пайым жұртшылықтың отан­шылдық сезімі ерекше еді. 90-жыл­дардың бар ауыртпалығы мен қиын­шылығын жеңіп шығуымыз­ға да сол патриоттық сезімнің пайдасы көп болды. Халқымыз қиын­дықты әбден көрді, қинал­ды, бірақ қаймықпады, бәрін де көтере білді.

Ең бастысы, елдің бірлігін сақтау керек еді. Жерімізді мекендеген түрлі ұлт пен дін өкілдерінің басын біріктіріп, тату-тәтті тұрмысқа шақыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, осы ынтымақ пен келісімнің арқасында біз тәуелсіздігіміз­ді жыл өткен сайын нығайта түстік. Мемлекеттік рәміздеріміз қабылданып, әлемдік аренада «Қазақстан» деген атаумен тәуелсіз ел ретінде танылдық. Барлық көршімізбен шекарамызды шегендеп, заң жүзін­де бекіттік. Бірік­кен Ұлттар Ұйымына мүше болдық. Бүгінгі күні бұл жұ­мыс­тар­дың барлығы қалай жү­зе­ге асқанын ауызбен айтуға оңай. Бірақ сол әрбір шешімнің артында қаншама тегеурінді еңбек пен төгіл­ген тер жатыр. Шын мәнінде, өзің айтқандай, тәуелсіздікті алғаннан оны сақтап қалу қиын. Біз татулығымыз бен табандылығымыздың арқа­сында оны сақтадық. Кезінде бір шаңырақтың астында бол­ған өзге республикаларда азамат соғысы тұтанып, кейбір бауыр­­лас халықтар бір-біріне қыр­ғиқабақ танытып, қару­лы қақтығыстарға ұрынып жат­қанда біз ел ішінде ешбір шу шығар­май, тұрақтылығымыздың қайы­ғын шайқалтпадық, ынты­ма­ғымыздың қаймағын бұзбадық. Мұны біз ешуақытта ұмытпай, бағалай білуіміз керек.

– Содан бері 30 жылдан ас­там уақыт өтті. Көп қиындық артта қалды. Дегенмен, кейін­гі жылдары әлемдегі геосая­си жағдай ушығып тұр. Қалай ойласыз, бүгінгі таңда тәуелсіздігімізге төнген қауіп бар ма?

– Қауіп бар. Бірақ мен оны сырттан келетін күш емес, өз ішіміздегі сыбайлас жемқорлық деп санаймын. 30 жылдың ішінде жеткен жетістіктерімізбен қатар, көптеген келеңсіздікке де жол беріп алғанымыз ащы да болса шындық. Елдің қаншама байлығы тоналды, қаншасы сыртқа кетті. Нарықты олигополия жайлап, қолында билігі мен байлығы бар адамдар халық қазынасын өз білгендерінше талан-таражға салды. Осы бассыздықтардың бәрін тоқтату үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқа кеткен және ел ішінде заңсыз иемдеген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстарын бас­тап жатыр. Арнайы қор құрыл­ды. Біз бүкіл халық болып Мемлекет басшысының бұл бастамасын бірауыздан қолдауымыз керек.

сми

Әрине, мұның бәрі оңай шаруа емес және бір күнде шешіле салмайды. Өйткені сол заңсыз байығандарды анықтау керек, құқыққа қайшы әрекеттерін дәлелдеу қажет. Дегенмен, қан­ша қиын болса да ол бәрібір орын­далуға тиіс жұмыс. Бірден тау қопарып кетпесек те, заңсыз шетке шығарылған байлықты қайтару үрдісі ақырындап, қа­дам-қадаммен жүзеге асып жатыр. Уақыт өткен сайын бұл жұмыстар күшейе түседі.

Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлының «Адал адам» тұжырымын қоғам болып қол­дағанымыз жөн. Қанша жерден заңмен тұсау салсаң да, жауапкершілікті қатайтсаң да, ішкі ұяты мен ұстанымы болмаса, пиғылы жаман пенде бала­сы бәрібір жемқорлыққа бару­дың жолын табады. Сондықтан біз мемлекетке қатер төндіретін, халық қазынасын жұтататын жегіқұртқа ішкі қар­сы­лығы бар, ұяты бар «Адал адам» тәр­биелеудің жолын қарас­тыр­ғанымыз дұрыс. Кезінде Ұлы­британияның премьер-министрі Маргарет Тэтчер «Мемлекетті басқару үшін 100 адал кәсіби маман болуы керек» деген екен. Біздің Президентіміздің бастамасы осыған саяды. Негізі ел ішін­де адал адам өте көп. Біз солар­дың ел тізгінін ұстайтын азаматтар болуын қалаймыз. Өйт­кені келешегіміздің жарқын болуы жемқорлықты қаншалықты тоқтата алуымызға тікелей байланысты.

– Президентіміздің бас­тамасы дұрыс-ақ. Бірақ «Адал адам» болуға, өзіңіз айтқандай түбегейлі өзгерістерге қоғам дайын деп ойлайсыз ба?

– Өкінішке қарай, Әділетті Қазақстан құрамыз деп шулап жатқанымызбен, осынау өзгерістерді көп адам әлі күн­ге толық сезінбей келеді. Біз­дің қоғам оған толық дайын деп айта алмаймын. Мынаған қара­ңыз, жуырда Президент отандық кәсіпкерлермен кездесуде елімізде 4 миллион адам салық төлемейтінін айтты. Бұл сұмдық жағдай. Дамыған елдерде салық төлемеу үлкен қылмыс болып саналады. Ал біздің адамдар әлі соны түсінбей жүр. Тіпті салық төлейтіндердің өзі оны толық көлемде, жасырмай ауда­рады деп ойлайсыз ба? Менің ойымша, көпшілігі жарым-жартылай, табысын азайтып көрсетеді. Ал адал адам өзінің шынайы табысының міндетті бөлігін салық ретінде мемлекетке аударуға тиіс. Бізде сол мәдениет әлі толық қалыптасқан жоқ. Қарапайым тұрғындар да, жоғарыда отырғандардың арасында да «алдымен өзім ба­йып алайын, мемлекетке кейін беремін» деген түсінік бар. Енді қарап отырсаңыз, өзіміз мемлекетке міндетті салықты төлегіміз келмейді, ал бір келеңсіздік бола қалса «Мемлекет қайда қа­рап отыр? Неге жолды жаса­май­ды, неге мектеп салмайды?» деп талап қоямыз. Сіз бен біз­дің салығымыз – ол бюджетке түсе­тін ақша, елдің, халықтың жағ­дайы да соған тікелей байланыс­ты екенін ұмытпауымыз керек.

Әрине, ең біріншіден мем­лекеттік аппаратта отырған адамдар адал болуы қажет. Халықтың жемқорлық секілді әрекеттерге бармауына жағдай жасалуға тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бізге жариялылық жетіспейді. Жемқорлар жариялылықтан қорқады. «Ананы ұстады, мынаны ұстады» деген жаңалықтарды ғана оқып жатамыз. Алайда ақпарат құралдары осы оқи­ғалар­ды тереңнен зерттеп жаз­бай­­ды. Тек ұсталды деген мәлі­мет­­пен шектеледі. Оның арғы жағын, себептерін індетіп, талдап жазу жағы кемшін. Жур­на­листік зерттеу жоқ. Яғни қо­ғам тарапы­нан жем­қорлықтың түпкі себеп­тері ег­жей-тегжей талқыланбай жатыр.

Екінші мәселе – бір мекемеден біреу жемқорлықпен ұсталса, сол ұжымда осындай жағдайға қалай жол беріп қойдық деп талқылау өткізу керек. Мен осы мәселені көп жылдан бері көтеріп келемін. Жуырда Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агент­тіктің жиынында тағы да айттым. Жемқорлықпен ұсталған қыз­меткердің ұжымында жиналыс жасап: «Керемет білімді азамат қалайша осындай қылмысқа барды? Оған не түрткі болды? Айналасында жүрген әріптестері неге дер кезінде тоқтатпады?» деп сұрақ қойылып, талқыға са­лы­нуы керек. Бұл сол жерде жұ­мыс істейтін басқа да адам­дарға, әсіресе жастарға ой салар еді.

Бірнеше жыл бұрын еліміздің ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттен субсидия алып, оны басқа мақсатқа жұмсап, мемлекет қаржысын талан-таражға салған 330-дан аса адам жауап­қа тартылды. Антикор олар­дың тізімі жариялады. Сол кезде «Жаңару» қоғамдық бірлес­тігінің атынан Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіне хат жазып, жауапқа тартылған адам­дардың ұжымдарында жиналыс өткізейік, талқылайық деп ұсыныспен шықтым. Бірақ бұл бастамамызға да министрлік тарапынан қолдау болған жоқ.

Жемқорлықты жеңу үшін мемлекеттік қызметтегі адамдарды ынталандыру жағын да ойластыру керек. Мысалы, 10 жыл мінсіз қызмет етсе, оның жалақысына 10 пайыз қосу, 20 жыл жасаса, 20 пайыз, 30 жыл­дан кейін 30 пайыз қосу керек. Егер ол жемқорлыққа бар­­май, мінсіз қызмет етіп зейнетке шықса, зейнетақысына да қосым­ша төлем берілуі керек. Бұл мем­лекеттік қызметшілердің әлгін­дей құқыққа қайшы әрекет­тер­ге баруына жол бермес еді. Ал жемқорлық жасаған жағдайда, сол жеңілдіктің бәрінен айырылады. Менің бұл айтып отыр­ған мәсе­лелерім жемқорлықпен күрес жолында жасалатын шара­лардың кішкене бөлігі ғана. Айта берсек, мәселе шаш-етектен, оны шешетін жолдар да көп. Бұған қоғам болып жұмылмасақ, жемқорлықты жуық арада тежеу мүмкін емес.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жаңару» бірлестігін құр­­ған екенсіз. Бұл не ұйым, қан­­дай қызметпен айналысады?

– «Жаңару» сыбайлас жем­қорлыққа қарсы жал­пы­ұлттық қозғалысы» респуб­ли­калық қоғамдық бірлестігінің қыз­мет етіп келе жатқанына 10 жыл болды. Мақсаты – аты ай­тып тұрғандай, жемқорлыққа қарсы күрес, халық пен мемлекет арасында осы бағытта дәнекер болу. Кезінде мемлекеттік қыз­метте және түрлі қоғамдық жұ­мыстарда жемқорлықпен күрес бойынша жинаған тәжірибем аз емес. 2013 жылы жанымда жүрген азаматтар қолқа салып, осы бірлестікті құрдық. Қазір­гі күні еліміздің барлық өңірін­де және Астана, Алматы, Шым­кент қалаларында филиалдарымыз бар. Қатарымыздағы әріптес­теріміздің бәрі жемқорлықпен күресемін, халқыма қызмет етемін деп келген азаматтар. Бізге халықтан, түрлі мекемелерден хаттар келіп түсіп жатады. Біз оларды қарап, тексеріп, мәсе­лені шешу үшін ұйым аты­нан әкімдерге, құзыретті органдарға хат жолдаймыз.

Бірлестік қызметінің басым бағыттарының бірі – жастармен жұмыс істеу. Қазіргі таңда маңызды әлеуметтік жоба аясында бірлестік филиалдарының ұйымдастыруымен өңірлерде колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері мен жастар арасында құқықтық, қаржылық сауаттылықты, құқық қорғау органдарына сенім дең­гейін арттыру, парасаттылық, патриоттық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарын бойға сіңдіру қағидаларын дәріптеу бойынша іс-шаралар өтіп жатыр.

– Сіздерге халық тарапынан қандай өтініштер түседі?

– Рас, ел ішінде әлі де кем­шілік көп. Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы дамыту үшін инвестиция тар­туға, кәсіпкерлерді қолдауға үлкен көңіл бөліп отырғанына қарамастан, осы жұ­мыстардың жүруіне тіпті кей­де мемлекеттік органдар тара­пынан да кедер­гі келтіріп жат­қан жағдайлар кездеседі. Мәсе­лен, бізге ең соңғы келіп түс­кен хатқа тоқталайын. Жер қой­науын пайдаланумен айналысатын «Gold Mining Corp» ЖШС атты мекемеден арыз келді. Олар неміс инвесторлары­мен бірге Алтай қаласында алтын және күміс кен орындарын барлау және өндірумен ай­на­лысқысы келеді. Екіжақты келі­сім жасалған. Немістер жо­баға 47 млн еуро көлемінде ин­вес­тиция құюға дайын. Алайда осы күнге дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі әртүрлі желеулер айтып, жобаның жүзеге асуына кедергі жасап келеді. Бүгінде бұл министрлік жоқ. Оның орнына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі пайда болды. Алайда атауы өзгергенмен, сол бұрынғы аппарат қалған. Соның ішінде біреулер елге инвестиция тартуға, экономиканы дамытуға қар­сы. «Gold Mining Corp» ЖШС 47 рет сот отырысына қатыс­қан және бәрінде кәсіпкер жеңіп шықты. Бірақ енді министрлік оны кассациялық сотқа беріп жатыр екен. Мен осы хатты алғаннан кейін Президент әкімшілігіне, Бас прокурорға және Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі­не хат жолдап, мәселеге назар аударуларын сұрадым. Бұл шын мәнінде, мемлекеттік орган тарапынан жасалып жатқан рей­дер­лік деп есептеймін. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» деп әрекет ететін пиғыл байқалады. Мұн­дай келеңсіздіктерге жол берсек, әділетті Қазақстанды қалай құрамыз?

Мен ел болашағына сенемін. Өйткені сең қозғалды. Енді бастаған ба­ғы­ты­мыздан айнымау керек. Әді­­лет­тілік тек ауызбен орақ ору емес, іспен келеді. Ол көп уақытты алуы мүмкін, бірақ біз де соны көзіміз тірі кезде көргіміз келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»