Биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бойынша 3 млн теңгеден 30 жоба қаржыландырылады. Мақсат – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау.
– Гранттар 5 бағыт бойынша үлестіріледі. Ашып айтсақ, ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыру үшін «Ғылым» саласына, еліміздің мәдени мұрасын, дәстүр мен өнерді ілгерілету мақсатындағы жобалар үшін «Мәдениет» саласына, жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап бастамаларды іске асыруға «Ақпараттық технологиялар» бағытына, экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруда «Бизнес», жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларға арналған «Медиа» саласындағы үздік жобаларға беріледі. Үміткерлердің конкурстық өтінімдері 26 қарашаға дейін электрондық нұсқада t.urpaktary2023@gmail.com поштасы арқылы қабылданады, – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Бастапқыда уәкілетті орган конкурстық өтінімдерді қабылдаса, кейін өтінімдер бағаланып, кіл мықтылар анықталады. Қазылар алқасы құрамында орталық атқарушы органдар, азаматтық қоғамның өкілдері, ғалымдар және грант бағыттары бойынша мамандар мен сарапшылар болады. Конкурстық комиссия мүшелерінің саны 5 адамнан кем болмайды.
«Конкурс жеңімпазы міндетті түрде арнайы грантты аудару үшін екінші деңгейдегі банктерде жеке шот ашады және уәкілетті орган конкурс қорытындылары туралы хаттама негізінде банк шотының нөмірін ұсынғаннан кейін грант алушымен шарт жасасады. Грант жеңіп алған адам үш айда бір рет жобаның іске асырылу барысы туралы уәкілетті органға есеп ұсынады. Уәкілетті орган күнтізбелік бір жыл ішінде грант қаржысының мақсатты пайдаланылуын қадағалайды. Егер жеңімпаз грантты мақсатты түрде пайдаланбаса, уәкілетті орган одан грант ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы. Грант алушы қаражатты уәкілетті органнан хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қайтаруға тиіс. Белгіленген мерзімде қайтармаған жағдайда, олар заңнамаға сәйкес өндіріп алынады» делінген «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру қағидаларын бекіту туралы құжатта.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдары да «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындайды. Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, бүгінде аймақтарда 226 грант беру көзделген. Әзірге 70-і ғана берілген.
– Атап айтқанда, Жетісу облысында Халықаралық жастар күніне орай 10 жоба үздік атанып, әрбір жобаға 3 млн теңге мөлшерінде грант берілді. Ұлытау облысында ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа бағыттары бойынша 43 жас адамға 1 млн теңге мөлшерінде грант табысталды. Сондай-ақ Қостанай облысының жастарына 12 грант: 7 грант – 700 мың теңге, 4 грант – 500 мың теңге, 1 грант 200 мың теңге мөлшерінде берілсе, Қызылорда облысының 5 жас өз жобаларын іске асыру үшін 300 мың теңге мөлшерінде грант жеңімпазы атанды. Жыл аяғына дейін жастарға 156 грант беру жоспарланып отыр. Оның ішінде Ақтөбе облысына – 30, Маңғыстау облысына – 25, Павлодар облысына – 20, Жамбыл облысына – 15, Алматы қаласына – 13, Ақмола – 11, Алматы, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары – 10 гранттан, Шығыс Қазақстан облысына – 7, Шымкент қаласына 5 грант бөлінеді, – деді Роллан Құспан.
Былтыр мемлекет ұсынған мүмкіндікті қалт жібермей, өтініштерін жолдағандар арасынан 33 азамат жеңімпаз атанды. Осылайша, «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Медиа» бағыты бойынша 6 жобадан, ал «Бизнес» саласында 9 үздік жоба қаржыландырылған.
Дариға ҚҰРМАНАЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті