Қоғам • 10 Қазан, 2023

Дубайдағы бортсерік қазақ қызы: Бір күні Қазақстанға ораламын

3606 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аружан Әлімбетова Дубайдағы Emirates әуекомпаниясында бортсерік болып қызмет етеді. Оны мұнда мақсатына жетпей қоймайтын қайсар мінезі жетелеген. Арманы асқақ қыздың ақылы көркіне сай. Нәзік болмысына бортсерік киімі құйып қойғандай.

Дубайдағы бортсерік қазақ қызы: Бір күні Қазақстанға ораламын

Суреттер Аружан Әлімбетованың Instagram парақшасынан алынды

Шетелде еңбек етіп жүрген қаракөз қызымыз небәрі 24 жаста. Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында туып-өскен. Өзі Алматыдағы ҚазҰУ-дың түлегі. «Аударма ісі» мамандығы бойынша білім алған. Алғашында Air Astana компаниясында екі жылдай уақыт жұмыс істеп, биыл Emirates-ке орналасты. Өскен өңірден жыраққа кету үйінің жалғыз қызына оңай емес әрине. Бар жақсыны балам көрсін дейтін анасы үлкен қолдау білдіріпті. Сөйтіп қазір Аружан Дубайдағы өмірге толық бейімделген.

«Дубай – өте қауіпсіз, таза әрі заманауи қала. Мұндағы тұрғындардан өзара сыйластықты үйрендім. Кез келген ұлт өкіліне достық ықыласпен қарайды. Асыққан адамды көрмейсің. Халқы тәртіпке бағынған, ұрлық жоқ. Бір жерде қалдырып кеткен затыңа ешкім тиіспейді. Түн ортасында жалғыз дүкенге бару да қорқынышты емес. Сөмкең ауыр болса дүкен қызметкерлері затыңды үйіңе дейін апарып беруге бар», деді А.Әлімбетова. Оның бұл қалада тұрып жатқанына сегіз ай болды. Жаңа жерге тезірек үйренісуіне әлбетте сүйікті ісінің ықпалы көп.

Ол бұл компанияға талай кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп келді. Шетелдік компанияның Алматыда өткізген іріктеуіне 76 адам қатысып, соның жетеуі сынақтан сүрінбей өтті. Аружан соның бірі.

1

«Үлкен әуекомпания болғандықтан әртүрлі елдерге сапар шегеді. Экипажда әрдайым әртүрлі ұлт өкілдері болады. Сол себепті компания  түрлі тұлғаларды іздейді. Біздегі бортсеріктердің әрқайсысы әртүрлі мінезді. Бәрімізді достық ұйыстырады», дейді бортсерік қыз.

Компания қызметкерлердің денсаулығына жіті көңіл бөледі. Іріктеуден өткен олар ең әуелі медициналық тексерістен өткен. 2 ай уақытты ағылшын тілін жетік меңгеруге арнаған. Бұдан соң авиацияға қатысты теориялық білімді жетілдіріп, бортсерік қызметіне кіріскен. Қызметкерлер алты ай уақыт сынақ мерзімінде жүреді. Бұл мезетте тәжірибелі бортсеріктер жаңа жұмыскерлерге түсіністікпен қарап, көмегін аянып қалмайды.

2

Компания қызметкерлердің жұмыс істеуіне, жайлы өмір сүруіне бар жағдайды жасап қойған. Тұратын тегін үй, экипажға арналған көлік деген сынды мұқтаждықтардың барлығы қарастырылған. Аружан бұл қызметін әлемнің әр түкпіріне табан тиіп, түрлі өркениетпен таныса алатыны үшін де жақсы көреді. Бүгінде ол 22 елде болыпты. Әр саяхаттан жаңа эмоция, күш аламын дейді ол.

Шетелдегі қомақты жалақы мен жайлы өмірге үйренген жастардың отанына оралмай қалып жатқан мысалы көп. Осы орайда Байқоңырда туған қыз: «Отан оттан да ыстық. Түбі бір күні елге оралатынымды білемін», дейді.