Фото: gov.kz
Қ.Қамбаровтың айтуынша жастардың жұмыссыздық деңгейі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 0,6% төмендеген. Жастарды жұмыспен қамту бойынша әкімдікпен бірнеше бағдарлама жүзеге асырылып жатыр: «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және т.б.
Басқарма басшысының сөзінше жастарға арналған бос орындар жәрмеңкелері әр тоқсан сайын өткізіліп келеді. Келесі жолы сондай жәрмеңке қазанның 24-іне жоспарланған.
«Жаз айларында «Жасыл ел» жобасы аясында жұмыс істеген 4200 жастың ішінде: көпбалалы отбасылардан шыққандар – 2648, толық емес отбасынан шыққан балалар – 387, жетім балалар – 69, оқу орнында есепте тұрған – 11, отбасында бір мүмкіндігі шектеулісі бар – 34 бала», деді Қайрат Қамбаров.
Ол өз сөзінде жұмыспен қамту мәселесінде NEET санатындағы жастарды ерекше атап өтті. Яғни NEET санатындағы жастар дегеніміз – оқу оқымайтын, жұмыс істемейтін азаматтар. Олардың үлесі ІІ тоқсан қорытындысы бойынша 6,1% немесе 25 мың адамды құрайды. Оларды әлеуметтендіру мақсатында «Жас жігер» жобасы ұйымдастырылады.