Президент осы мәселеге орай Ішкі істер министрлігіне студенттің өліміне қатысты барлық жайды мұқият тексеріп, мән-жайды жан-жақты тексеруді тапсырды. «Кінәлілер заң талаптарына сай жауапқа тартылуы керек. Президент бұл мәселені ерекше бақылауға алды», деп хабарлады Ақорданың Telegram каналындағы ресми парақшасы. Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты мен облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің қатысуымен арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Қазір тергеу әрекеттерін жүргізу де қолға алынды. Барлығы белгілі болғаннан кейін құқықтық баға берілетін болады. Қаза болған 19 жастағы жігіттің жоғары техникалық колледжінің 4-курсының білім алушысы екендігі бірден белгілі болған. Желілік полиция бөлімшесі Қылмыстық кодекстің 344-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қаза тапқан жігіттің анасы бұл қазаның абайсызда болған оқиға екендігіне сенбейді. Қазір түрлі жорамалдар да айтылып жатыр. Бауыр еті баласының қазасына жаны күйген анасы болса Щучье қаласында ұйымдасқан қылмыстық топ бар деп есептейді. Айтуына қарағанда, өзге балалармен де бірнеше мәрте кикілжің болса керек. Ақша бопсалау мен психологиялық қысым болған. Ұйымдасқан қылмыстық топ бұрын да студенттен бірнеше мәрте ақша талап еткен екен.
Қазан айының бесінен алтысына қараған түні баласы үйден шығып кетсе керек. Арада небәрі жарты сағат өткеннен кейін өлі денесі теміржол бойынан табылған. Қайғыдан қара жамылған анасы болса балам өмірге құштар, алдына қойған үлкен мақсаты, арманы бар еді деп күйзеліп отыр.
Қазір бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша қосымша қылмыстық іс қозғалды. Туыстарының арыз-шағымына орай жоғарыда айтылған мәселе егжей-тегжей зерттеліп жатыр.
Ақмола облысы