Сараптама • 11 Қазан, 2023

Референдум өткізуге дайынбыз ба?

223 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында атом электр стансасын салу немесе салмау жөніндегі мәселе жалпыхалықтық референдумға шығарылатындығы және нақты мерзімі кейін анықталатыны айтылған еді.

Референдум өткізуге дайынбыз ба?

Инфографиканы жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ал Президент осыдан төрт жыл бұрын АЭС салуға байланысты «қажет болса, бұл мәселе бойынша рефе­рен­дум өткіземіз» деп мәлім­деген еді. Бірақ биылғы маусымда энер­ге­тика министрлігі референдум өтпей­тін­дігінен хабардар еткен. Көп ұзамай экобелсенділер мен азаматтық қоғам­ның өкілдері өз наразылықтарын білдіргендері бар.

Жалпы, елімізде 2035 жылға қарай энергетикалық тапшылық туындауы мүмкін деп болжам жасаған отандық ғалымдар энергия өндірудің жалғыз көзі атом энергиясы екендігін біраз уақыттан бері айтып келеді. Мамандар осы жылдың аяғында электр энергия­сын тұтыну оны өндіруден 1,6 млрд кВт сағ асып, келешекте де бұл көрсет­кіш сақталады, деп есептейді. 2023-2029 жылдарға арналған электр энергия­сының болжамды теңгеріміндегі бірың­ғай энергетикалық жүйе берген мәліметтерге сәйкес алты жылда өндіру мен тұтыну арасындағы алшақтық 5,5 млрд кВт сағ болуы мүмкін.

Энергетика министрлігінің 2035 жылға дейінгі болжамды сараптамалық құжаттарында осы уақытқа дейін тұтыну деңгейі 152,9 млрд кВт сағ құраған. Берілген ақпараттарға сәйкес жаңа энергетикалық нысандар бүгінде тек жоба түрінде 35,4% (немесе 40 млрд кВтсағ) айырмашылықта көрінеді. Мамандар бұл «энергетикалық саңы­лауды» жабу үшін 11 жылдан кейін қуаты 2 ГВт болатын АЭС-тен бөлек, қуаты 5 ГВт болатын газбен жұмыс істей­тін электр стансаларын, қуаты 2 ГВт ГЭС, қуаты 1,5 ГВт көмірмен жұмыс істей­тін ЖЭС және қуаты 6 ГВт-тан жоғары жаңартылған энергия көздерінің әртүрлі нысанын салу қажет екендігін түсіндіреді. Осылайша, электр энергетикасын дамыту барлық бағытта жүруі керек болса, ал атом электр стансасы – сол ауқымды жоспарлардың бір бөлігі ғана секілді.

Көрсетілген кезеңге дейінгі электр энергиясының болжамды тепе-теңдігінде атом өндірісінің үлесі – 11,8%, жел мен күн энергиясының қуатты үлесі –16,7%, ал су электр стансасының үлесі (шағын қондырғыларды қоса алғанда) 13%-ға жетуге тиіс екендігі нақты айтылған. Электр энергетикасындағы көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС үлесін 66,7%-дан 40,2%-ға дейін төмендету керектігі көрсетіліпті. Ал газбен жұмыс істейтін жылу электр стансалары мен аралас циклді газ қондырғылары жалпы қуаттың 18%-ын құрап тұр. Жасыл ядролық энергетикалық технологиялардан бас тартса, Қазақстанның басқа тұрақты көздерді пайдалана отырып, қуатты арттыру арқылы тапшылық мәселесін шешуі қиынға соғады. Жылу стансаларында өз көміріміз жеткілікті болғанымен, бұл саланы дамыту өте қиын. Әлем осы экологиялық «лас» энергиядан алшақ­тап жатыр, халықаралық қаржы инс­титуттары енді мұндай жобаларға ин­вес­тиция салмайды. Сонымен қатар Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа көшу туралы міндеттеме алған еді. Бұл жердегі әңгіме, тіпті біздің еліміздің халықаралық қауымдастыққа атмосфераға шығарындыларды азайту туралы уәде бергенінде емес, жұтар ауаның жай-күйін, оның ішінде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қажет. Елде газды тұтыну көлемі тұрақты түрде өскенімен, ол – жеткіліксіз. Күн мен жел энергиясы, өкінішке қарай, тұрақты болмай тұр, тек қосымша балама көздер ғана.

Осы ретте өз пікірін білдірген белгілі академик, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, техника ғылымдарының докторы, профессор Бірлесбек Алияров: «Қазақстанның жалпы электр энергиясын өндіруі шамамен жылына 100 млрд кВт·сағ. Электр энергиясы – бар­лық қолданылған энергия көзінің ерекшеліктеріне қарамай, желідегі электр сапасының біркелкі болуы оның құнында болып тұр. Көпшілік жағдай­ларда, өндірілген электрдегі отын құны 30 пайыздан аспайды. Қалған құн электр желісін жеткізу мен таратуда. Соңғы жылдары Еуропа мамандары көмір қышқыл газының пайда болу көлемін төмендетіп, көмір жағуды тоқтату керек, деген пікірмен қоса, жасыл энергия көзі ретінде, күн сәулесі мен желден электр алу қажеттілігін алға тартып келеді. Соларға еріп Қазақстан осыларды біраз дамытты. Оларға қарағанда арзандау және қуаттылау АЭС аз айтылды», дейді.

Біраз елдердегі АЭС-те өндірілетін электр мөлшері шамамен (кВт·сағ.) АҚШ – 8000 млрд (үлесі 20%, Қазақстан­ның жалпы мөлшерінен 8 есе артық) көмірден – 200 млрд болса, Франция – 400 млрд (70% асады), Ресей – 200 млрд (20% аз), Корея – 100 млрд (20%), Швеция – 60 млрд (40%) және Кытай – 40 млрд (5% кем) үлестері бар. Уранның бір өлшеміндегі жылу беру мөлшері көмірдікінен миллион есеге жақын жоғары көрінеді. АЭС-та көмір қышқыл газдарының пайда болуы жоқтың қасы. Қолдану мерзімі көпшілігінде – 30 жыл. Ең ұзақ қолдану Швейцарияда 50 жыл­дай, қазіргі күні 80 жылға дейін ұзар­ту жайы талқылану үстінде. Салыну мерзімі көпшілігінде 10 жылдан кем емес. Отынды (1/4 үлесін) 1-2 жылда бір рет алмастыру керек екен.

«АЭС салудағы кемшіліктер бірін­шіден, кВт қуаттағы салыну құны 2300 доллардан асады. Көмірдегіден 2,5 еседей қымбаттау, ал күн сәулесінен 2 еседей арзандығы бар. Екіншіден, қуаттың өзгерту ауқымы кем әрі салқындату су көлемі артықтау.Үшіншіден, электр көзіне айналдыруда баяу нейтрондыларда – 3%, жылдам нейтрондыларда 30% болуы мүмкін. Төртіншіден, елімізде қолдану тәжірибесі аздау.

Ал артықшылығына келсек, көмір­қыш­қыл газдары азайып, жыл сайынғы қолданылу 8000 сағаттай (КүнЭС, ЖелЭС – 3000) болады. Мұндайда елдегі уран өндірісін отын ретінде толық қолдануға мүмкіндік туып тұр. Менің ойымша, АЭС салу-салмау туралы референдум өткізуден бұрын, Үкімет, белгілі атом энергетикасы және жалпы энергетика саласының мамандарымен бірнеше рет талқылама жұмыстарын жүргізіп барып, олардың ойларын елге кеңінен таныстыруға тиіс. Қазақстанды АЭС салуға итермелейтін жалғыз себеп (сылтау) бар – ол Батыс елдерінің, өз есептеу жолдарын қолдануда (белгілі ақпарат көздерінде, әлемдегі энергетиканың көмір қышқыл газының шығу көлемінің 80% дамыған 20 елге келеді делінген), көмір қышқыл газының шығу көлемін азайтып, экономикалық тиімділігі жоғары деп санауы. Егер әр елдің үлесі көмірқышқыл газдың энергетикадағы жалпы шығу көлемімен саналса, онда Қазақстан 11 орынға шығады екен. Егер осы көлем, жер ауданына шағылса, онда Қазақстан 20-орыннан да әрі кетер еді. Ақылға салып, түсіністікпен қаралса, осылай есептеу дұрыс сияқты. Бірақ Батыс елдері әр елдің көмірқышқыл газының көлемін, халық санына немесе жалпы өнім құнына шағып, Қазақстанды АЭС, КүнЭС, СуЭС және ЖелЭС салуға итермелейді», дейді.

Академиктің айтуынша, барлық табиғи газ жағатын бу турбиналы ЖЭС-те көмірқышқыл газын аз шығаратын қосымша газ турбинасын орнатудан елімізде шамамен 200 МВттай қуат пайда болатындығын, барлық табиғи газ жағатын қазандықтарда газ турбиналарын орнату СО2 шығу көлемі кем 100 МВт-тай электр және газ жеткізетін құбырлардағы артық қысымды пайдалану тағы да 100 МВт-тай СО2 шығар­майтын қуаттар береді. Осы қондыр­ғыларда пайда болатын суықты қолдану тағы 20 МВт-тай қосады екен. Күн сәулесі ыстық су шығаруға (тек ауыл­дық жерлерде) қолданылса, ол кемінде 1 млн тонна көмір жағуды азайта­ды. Ол 150 МВт қуатты, СО2 шыға­рын­дыларынсыз ЖЭС салғанмен пара-пар. «Жасыл» энергетика дамытуда да негізінде кішігірім (1 МВт қуатты), кіші (1 МВт қуатты) және өте кіші қуатты (100кВт) салу жөн-ақ. Елімізде анықталған СуЭС салу жолы жүргізілсе, олардың жалпы қуаты 350 МВт-тай болады.

Сонымен қатар электрді өндіру тиімділігі оның құнына қарай анықталса, бізде (өз мұқтажына және экспортқа) тек көмір жағатын электр стансаларын салуы керек. Бұл шешімнің негізгі себебі елімізде көмір өте арзан және Екібастұз көмірі әлемде теңдесі жоқ қолжетімді отын екендігін ескеруіміз де қажет.

Сонымен әлем картасында атом энергиясының мүмкіндігін пайдалануда экономикасы дамыған 31 мемлекет енген. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің тізімінде Фран­ция бірінші орында, онда былтыр атом электр стансаларының үлесі 62,6%-ға жетіп, елде 56 реактор жұмыс істейді екен. Таза атом энергетикасы Бельгия (46,4%), Швейцария (36,4%), Финляндия (35%) және Оңтүстік Корея (30,4%) сияқты елдерде энергетика секторының жоғары үлесіне ие. АҚШ жұмыс істеп тұрған ядролық реакторлардың үлесі бойынша емес, жалпы қуаты бойынша көш бастап тұрған, сан жағынан келгенде жүзге тартады.

Қытайдың энергетикалық қуатында­ғы АЭС үлесі – 5%. Бұл ел жаңа энергоблоктарды салуда белсенділік таны­тып, алғашқы орынға шығып отыр. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, Қытайда қазір­дің өзінде 55 энергоблок іске қосылған. Тағы 21 энергоблоктың құрылысы жүріп жатыр. Жыл сайын елде бірнеше реактор пайдалануға беріледі. Сарапшылар мұндай қарқынмен 2030 жылға қарай Қытай ядролық салада әлемдік көш­басшыға айналуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Айтпақшы, Қытай ядролық отынның бір бөлігін, тіпті реакторларға арналған отын жинақтарын (уран түйіршіктері бар құрылымдар) Қазақстаннан сатып алып отыр. Біздің еліміз уранды атомдық энергетикаға өндіру және өңдеу бойынша әлемде жетекші орындардың бірін алады. Экономикасы дамыған елдер бейбіт атом энергиясына ден қойып, біздің еліміздің шикізатын пайдаланып отырғаны көңілге медеу.

Сонымен АЭС салуды жақтаушылар мен қарсыластар арасындағы екіжақ­ты пікірталас соңы референдум қоры­тындысына сәйкес анықталмақшы. Жалпы дауыс беру уақыты әлі белгіс­із болғанымен, Орталық сайлау комис­сиясының өкілдері референдум өткізуге дайын екендіктерін жариялады.