Үкімет • 11 Қазан, 2023

Тиянақты істің жемісі

193 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов­тың төрағалығымен өт­кен кешегі Үкімет отырысында Қазақстанның биылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және респуб­ликалық бюджеттің ат­қарылу қоры­тындылары қарал­ды. Сондай-ақ отырыста жылыту мау­сымындағы өрт қауіпсіздігін қам­та­масыз ету шаралары да талқы­ланды. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері де күн тәртібінде болды.

Тиянақты істің жемісі

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Экономикада оң динамика бар

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 9 айлық есепті кезеңде ел эконо­микасының өсу қарқыны 4,7% бол­ғанын баяндады. Нақты сектордағы оң динамика – 3,7%, қызмет көрсету саласында 5,1%-ды құраған. Өсу қарқыны жоғары салалар: құрылыс – 12,6%, сауда – 10%, сондай-ақ ақпарат пен байланыс – 8,4%.

Негізгі капиталға салынған инвести­циялардың өсу қарқыны 12,1% болған. Инвестициялар ағыны артқан салалар: көлік және қойма – 59,4%, сауда – 37,5%, білім – 23,7%, ауыл шаруашылығы – 12,9%, өнеркәсіп – 8,2%, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі – 4,3%.

Қаңтар-тамызда республиканың сыртқы сауда айналымы 4,2%-ға өсіп, 91,1 млрд долларды құрады. Экспорт 51,2 млрд долларға жетті, оның ішінде өңдел­ген тауарлар – 16,2 млрд доллар, импорт – 39,8 млрд доллар. Жалпы, Қазақ­станның оң сауда балансы 11,4 млрд долларға тең.

Премьер-министрдің орынбасары – қар­жы министрі Ерұлан Жамау­баев 9 ай­­дың қорытындысы бойынша мем­ле­кет­тік бюджетке 13,8 трлн теңге кіріс түс­­кенін, сөйтіп жоспар 97%-ға орын­дал­ғанын мәлімдеді. Респуб­ликалық бюд­жет – 9,2 трлн теңгеге, жергілікті бюд­жет­тер 4,7 трлн теңгеге толықты. Сол кезең­де мемлекеттік бюджеттің шығыс­тары – 99,3%-ға, республикалық бюджет­тің шығыстары – 98,6%-ға, жергілікті бюд­жет­тердің шығыстары 99,5%-ға орындалды.

Үкімет басшысының айтуынша, 9 ай­дың қорытындысы бойынша Абай, Ба­тыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Алматы және Шымкент қала­ларын­да бар­лық негізгі көрсеткіштің өсуі тір­кел­ді. Қабылданған шаралардың нәтиже­сінде инфляция деңгейі 11,8%-ға дейін төмендеді.

«Жыл соңына дейін 2,5 ай уақыт қалды. Экономиканың барлық саласында өсу қарқынын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау керек», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық азық-түлік өндірісін ынталандыру бойынша жұмысты жалғастыру тапсырылды.

«Шетелдік және отандық инвестор­ларды тарта отырып, шикізаттық емес секторларда, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, IT, туризм және басқа салаларда инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетуге баса көңіл бөлу керек», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыру бойынша тиісті шараларды одан әрі жалғастыру қажеттігін айтты.

 

Газ құрылғыларын бақылау күшейеді

Үкімет отырысында жылыту мау­сымын­дағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да күн тәртібіне шықты. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуына қарағанда, халық­ты қорғау деңгейін арттыру және өрт­тен келетін зардапты азайту мақса­тын­да бірнеше бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді.

Мәселен, кезекші-диспетчерлік қыз­меттердің жұмыс орындарын автоматтандыру арқылы азаматтарға көмек көрсету уа­қытын қысқарту бойынша шаралар қа­былданып отыр. Атап айтқанда, 95 мың мүм­кіндігі шектеулі жанның тұрғылықты жері бойынша деректер жиналған. Бұл өрт кезін­де қозғалысы шектеулі адамдардың болуы туралы ақпаратты құтқарушыларға ав­то­матты түрде жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша кешенді іс-шаралар іске асырылып жатыр. Бұл ауқымды үгіт-насихат жұмыстары мен рейдтер жүргізуді қамтиды. Мәсе­лен, өткен жылы «Жатақхана» өрт қауіп­сіз­дігі акциясы кезінде 1,5 мыңға жуық жа­тақхана рейдтік іс-шаралармен қамтылған. Бұл жұмыстың тиімділігі осы санатындағы ғимараттардағы өрт санының 36%-ға және зардап шеккен адамдар санының 2,5 есеге қысқаруымен расталады.

Бүгінгі таңда 300 мыңнан астам үй профилактикалық жұмыстармен қамтылып, 800 мыңға жуық азаматқа нұсқау беріліп, 100 мыңға жуық заң­бұзушылық анықталды. Өткен жылдар­дағыдай халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылардың тұрғын үйіне басты назар аударылады.

Сондай-ақ газдың және жану өнім­дерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын датчиктерді орнату тиімді тәжірибеге айналды. Жылыту маусымы қарсаңында 8 мыңға жуық жаңа құрылғы, 2016 жылдан бері барлығы 193 мыңға жуық осындай құрылғы орнатылды.

Премьер-министр қыркүйек айында Алматы облысында 4 рет газ жарылысы болғанын, соның салдарынан 3 адам қаза тауып, 12 адам зардап шеккенін, Абай облысында тұрғын үй секторында орын алған өрттердің саны 2 есеге дейін өсіп кеткенін, ал Шығыс Қазақстан облысында өрттен қаза тапқандардың саны артып отырғанын атап өтті. Өңір әкімдері Марат Сұлтанғазиев, Нұрлан Ұранхаев және Ермек Көшер­баев қабылданып жатқан шаралар туралы түсініктеме берді.

 Үкімет басшысының айтуынша, жылыту маусымы енді ғана басталды, алайда адамдардың өрттен қаза табу фактілері қазірдің өзінде бар.

«Жыл басынан бері тұрғын үй секторын­дағы өрт саны – 14%-ға, ал қаза тапқандар саны – 10%-ға өскен. Абай, Алматы, Жамбыл және Ұлытау облыстарында өрт оқиғалары өсіп отыр», деді ол.

Сонымен қатар газ баллондарының жарылуы да жиілеп кетті. Биыл осындай 72 оқыс жағдай болған. Одан 119 адам зардап шегіп, 17 адам қаза тапты. Жарылыстардың негізгі себебі – газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау.

Премьер-министр қазіргі уақытта газ құ­рылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақы­лау функция­сы әкімдіктерге жүк­телгенін еске салды. Атап айтқанда, өңірлерде газ-техникалық инспекциялар құрылған.

«Алайда олар әлі күнге дейін жұмыс­ты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отыр. Бұл салада білікті мамандар мен қажет­ті жабдықтар жетіспейді. Осыған байла­нысты, өңір әкімдіктері газ-техника­лық инспекциялардың өкі­лет­тіктерін кеңей­ту және оларды қам­тамасыз ету бойын­ша жұмыс жүргізуі қажет. Төтенше жағдай­лар министрлігі Азаматтық қорғау акаде­мия­сының базасында осы салаға арналған кадрларды даярлау деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауы керек», деп атап өтті Ә.Смайылов.

Сондай-ақ елімізде жарамсыз газ баллондарын қайтармай жинап алу және утилизациялау тәртібі реттелмегеніне назар аударды. Оның үстіне мұндай баллондарды өзімізде өндіру мәселесі де әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Сол себептен Өнеркәсіп және Энергетика министрліктеріне осы бағыттарда тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Премьер-министрдің айтуынша, жүргізілген талдау нәтижесі өрт оқиға­ларының көбіне жеке тұрғын үйлер мен қора-жайларда орын алатынын көрсетіп отыр. Онда негізінен егде жастағы адамдар мен балалар қаза табады.

Осыған байланысты Ә.Смайылов үйлер­де газ датчиктерін орнату жұмыс­тарын және жеке тұрғын үй секторына рейдтерді кү­шей­тіп, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі бойынша халықпен профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап айтты.

Қорытындылай келе, ол орталық жылыту жүйесіне қосылмаған әлеуметтік нысандардың жұмысын ерекше бақылауға алып, қоғамдық ғимараттар мен көппәтерлі тұрғын үйлерде орнатылған қазандықтарды сыртқа шығару жұмыстарын аяқтау қажет екенін ескертті.

 

Колледж студенттерінің шәкіртақысы екі есеге көбейеді

Үкімет отырысында техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері де күн тәртібіне шықты. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың баяндауын­ша, бүгінде 772 колледжде 531 мың студент оқиды. Бұл ретте колледждердің 85%-ы экономика салаларының тех­ника­лық, ауыл шаруашылығы және қыз­мет көр­сету бағыттары бойынша кадр­лар даярлайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орын­дау аясында 2025 жылға дейін жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 100% қамту көзделген. Биылғы жоспар көрсеткіші 80% деңгейінде орындалды.

2025 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемін 155 мың орынға дейін арттыру жоспарланған еді. Оның 70%-ын техни­калық мамандықтарға бағыттау көзделген. Сондай-ақ 2027 жылға дейін 10 мың студентке арналған жатақхана пайдалануға беріледі екен.

Министр қазіргі уақытта жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорын­дардың тапсырысы бойынша кадрларды мақсатты даярлау жүзеге асырылып жатқанын айтты. Қазір осы бағыт бойынша 20 мың студент білім алуда, 2029 жылы көрсеткішті 80 мыңға жеткізу жоспарда бар.

Сонымен қатар бүгінгі таңда 558 колледжде 72 мыңнан астам студент дуалды оқытумен қамтылған. 2029 жылы бұл көрсеткішті 160 мың адамға жеткізу жос­парланып отыр. Жалпы, өткен екі жылда 40 мыңнан астам колледж түлегі 1,5 жылға дейінгі жұмыс өтілімен еңбек нарығына шығуға мүмкіндік алыпты.

Үкімет басшысы айтқандай, дамы­ған елдерде кадр даярлау жүйесіне, оның ішінде кәсіптік техникалық білім беру сапасын арттыруға басымдық беріледі. Атап айтқанда, бұл мәселе БҰҰ Декларациясында Мыңжылдық даму мақсаттары ретінде айқындалған.

Премьер-министр жалпы әлемдік тәжірибе бойынша жастардың еңбек нарығына араласып, алғашқы мамандық алып шығуына мемлекет тарапынан кепіл­дік берілетінін айтып өтті. Бұл ретте эко­номикалық жетістігі дуалды оқыту жүйесіне негізделген Германия мемлекетін мысалға келтіруге болады.

«Бізде 9-сынып түлектеріне колледждерде тегін оқуға мүмкіндік берілген. 3 жыл ішінде кадр даярлауға тиісті мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылды. Егер бұған дейін колледждерде бюджет есебінен 95 мың студент оқыса, биыл олардың саны 133 мыңға дейін ұлғайтылды. Біз мемлекеттік тапсырысты бұдан әрі де арттыра беретін боламыз», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-министр биыл колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға көбейгенін, келесі жылы тағы да 50%-ға ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты. Осылайша, 2025 жылға қарай шәкіртақы 2 есе артады.

Айтылғандарды негізге алған Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.

«Онда кадрларға деген сұраныстың болжамы және өндіріс пен инфрақұ­рылымның дамуы ескеріліп, салалар бөлінісінде іс-шаралар көрініс табуға тиіс», деді ол.

Бұлармен бірге, қысқамерзімді оқы­туға мемлекеттік тапсырысты бөлу, оны бір терезе қағидаты бойынша орналас­тыру­дың автоматтандырылған жүйесін әзір­леу мәселелерін пысықтау қажетті­гін айт­ты. Сондай-ақ Ұлттық білікті­лік жүйе­сінің цифр­лық платформасын және кол­ледждердің білім беру бағдарла­малары­ның тізілімін енгізуді жеделдетуді тапсыр­ды. Оған қоса, жетекші колледждерді анық­тауды, кадрларды даярлау, біліктілікті арт­тыру және сертификаттау бойынша сала­лық кластерлер қалыптастыруды тапсырды.

«Оларда жұмыс берушілердің сала­лық қауымдастықтарының, базалық кәсіп­орындардың, тиісті колледждердің ресурстары біріктірілуі керек. Осы мақсат­та мем­лекеттік колледждерді заманауи жабдық­тармен қамтамасыз ету үшін «Жас маман» бағдарламасын іске асыруды жалғастыру қажет», деп сөзін түйіндеді Үкімет басшысы.