Баға • 11 Қазан, 2023

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ: Таскөмір мен тасымал қымбат

452 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдың отын қоймалары Қаражыра көмірінің бір тоннасына – 19 мың, Шұбаркөлге – 20 мың, қызуы кемдеу Богатырь көміріне 16 мың теңгеден сұрап отыр. Облыс орталығының маңайындағы газ құбыры жоқ елді мекендердің бәрі отын тасушыларға келісімді жол пұлын беріп көмірді осы қоймалардан жеткізіп алады.

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ: Таскөмір мен тасымал қымбат

Меңдіқара, Сарыкөл, Қарасу аудандарындағы жылу базаларындағы таскөмірдің тоннасы – 25 мың теңге. Ал ол жерден ауылдық округтерге көмір таситын көліктер шақырымына 300-350 теңге құн сұрап тұр. Мысалы, Меңдіқара ауданының орталығы Боровской мен Теңіз ауылының арасы 40-45 шақырымдай болады. Ал Теңіздегі бір үй қыстай шамамен 5-6 тонна көмір жағады десек, оған аудан орталығынан көмір жеткізіп берушінің еңбегі 14 мың теңге тұрады.

Қарабалық ауданындағы көмірдің тоннасы 17 мың­нан басталып, 18 500 теңгеге дейін барады. Мысалы, Тоғызақтағы «Богатырь көмір» серіктестігінде Шұ­бар­көл көмірі тоннасына 17 мың теңгеден болса, Қарабалықтың басындағы «Астық альянс» серіктестігі дәл осы көмірді 18 мыңнан сатып жатыр.        

Тоғыз жолдың торабында жатқан Аманқарағайдағы теміржол тұйығында таскөмірдің тоннасы – 18 мың теңге. Әулиекөл, Науырзым аудандарына көмір осы жерден барады. Оны жеткізіп беретін көліктердің құны әр ауылдың алыс-жақындығына байланысты. Мәселен, Аманқарағайдан 40 шақырым қашықта жатқан Сұлукөл ауылының тұрғындары көмір жеткізіп берген көлік жүргізушісіне 26 мың теңге ұстатады. Ал Науырзым ауданында отын тасуды кәсіп еткен жеке көліктер көмірдің тоннасын 25 мың теңгеден сатып жүр.

Торғай өңіріндегі ағайын қысқы отынын жылда тікелей Шұбаркөлден жеткізіп алушы еді. Биыл ол жол жабылып, қазір Арқалықтан тасып жатыр. Жангелдин, Амангелді аудандарында былтыр бір тонна көмірдің құны 19-20 мың теңге еді, қазір 25 мың теңге тұрады. Амангелдінің жылу базасындағы  сапалы көмірдің  тоннасы – 26 мың теңге.