Қаржы • 12 Қазан, 2023

Ұлттық банктің болжамды саясаты

191 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені жылдық 16%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Ақша-несие саясаты комитетінің хабарлауынша, бұған ең бірінші кезекте орталық банктердің тежеу саясаты мен азық-түліктің әлемдік бағасының арзандауы аясында бір­тіндеп төмендеп келе жатқан сыртқы инфля­циялық қысымның бә­сең­деуі себеп болған. Жыл соңына дейін жыл­дық инфляция бір мән­ді деңгейге дейін баяу­лаған жағдайда ғана ақ­ша-кредит саясатын жеңіл­дету шаралары қаралады деп түсіндіреді.

Ұлттық банктің болжамды саясаты

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жылдық инфляция биыл­ғы қыркүйекте 11,8%-ға дейін төмендеген еді. Бірақ ин­фляцияның баяулауына қа­рамастан, инфляциялық кү­тулер біршама жеделдеген. Бір жылдан кейін күтілетін ин­фляция қыркүйекте 17% (та­мызда – 16,4%) болды. Алай­да сезілетін инфляция қыр­күйекте 17,8%-ға дейін (тамызда – 18,4%) төмендеді.

«Сыртқы инфляция баяу­лай отырып, жағымды қалып­та­сып келеді. Бірақ жекелеген проинфляциялық факторлар мен тәуекелдер артты. Сүт өнімдері, өсімдік майы, ет пен дәнді дақылдар құны түс­кен­діктен, әлемнің азық-тү­лік нарығында бағалар да төмен­дей бастады. Дегенмен инфля­циялық үдерістердің орнық­тылығы дамыған елдерде мөлшерлемелердің тө­мен­деу мерзімін жылжыта бас­тады және орталық банк­тер тарапынан тежеу саяса­тының күшеюіне әкеледі. Еу­ропа Орталық Банкі 2023 жыл­ғы қыркүйектегі соңғы ше­шімінде жоғары инфляция­ны әлі де төмендету үшін пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді. АҚШ Федералды Резервтік Жүйесі пайыздық мөлшерлемені тағы көтеруі мүмкін. ОПЕК+ елдері мұнай­ды ерікті түрде шектеуді ұзарт­қан еді. Осыдан кейін мұнай бағасы өсті. Соның аясында ин­фляция қарқын алып кетеме деген алаңдаушылық бар. Ресейде 2023 жылғы қыр­күйек­те инфляцияның күш алуынан ақша-кредит саясатын қатаңдату шаралары жал­ға­сын тапты», делінеді ҰБ мәлімдемесінде.

Қалай болғанда да, ин­фля­ция­ның белсенді баяулауы базалық мөлшерлемені төмен­дету мүмкіндігін іске асыруға септігін тигізді. Ақша-кредит талаптарының ұстамды қатаң сипаты 2023 жылдың қоры­тындысы бойынша болжамды дәліздің төменгі шекарасына 10-12% жақын инфляцияны одан әрі төмендетуге, сондай-ақ оны ортамерзімді келешекте 5%-дық мақсатқа жақын тұрақтандыруға ықпал етер деген үміт бар.

«Бағаның өсу тәуекел­деріне биыл бидай өнімі бол­жамдарының нашарлауы салдарынан азық-түлік құнының айтарлықтай өсу ықтималдығы қо­сылды. Осы жағдайда біз ал­дында айтылған Ұлттық банк­­тің риторикасына сәйкес келетін шешім қабылдаймыз. Ұлттық банк дезинфляциялық саясат жүргізуге ұмтылып ке­ле­­ді. Ол өз кезегінде нақты мән­­де базалық мөлшерлеменің  сақ­та­­луын талап етеді. Яғни қазір­гі инфляция қарқынын шегер­гендегі мөлшерлеме эко­но­ми­­ка­ның өсу қарқынынан жоға­ры», дей­ді ҰБ төрағасы Тимур Сү­лейменов.

Ұлттық банк базалық пайыз­дық мөлшерлемені төмен­детті, алайда күрт бұрылыс жасамағанды жөн көреді. Оның осы әрекетінен әзірге базалық мөлшерлемені тым төмендетіп жі­берудің қисынсыз екенін аңдаймыз. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай инфляциялық күтулер деңгейі жоғары, оның үстіне инфляция да тым жоғары қарқынмен төмендеп жатқан жоқ. Баға өсімі баяулағанымен, әлі де болса екітаңбалы цифрдан арыла қоймады.

Базалық мөлшерлемеге қа­тысты ендігі шешім жыл соңына таман жасалуға тиіс. Егер ахуал осы бірқалыпты қар­­қынмен жалғасар болса, онда базалық мөлшерлеме тағы да төмендейді деп болжау­ға негіз бар. Әрине, инфля­ция төмендесе. Ал егер басқа­лай тәуекелдер салдары­нан қым­батшылық қайта өршісе, онда Ұлттық банк мөлшер­ле­мені азайту жағына қарай қадам жасамауы әбден ықтимал. Себебі Ұлттық банктің бірегей міндеті – қолдағы жалғыз құрал – базалық мөлшерлемені пайдалана отырып, экономикадағы тәуекелдерді азайту. Яғни қымбатшылықтың жолын кесу.

Банк несиесінің базалық мөлшерлемеге байланыс­ты қалыпта­са­тыны бесенеден белгілі. Ал базалық мөл­шер­лемені қымбат ете отырып, несие пайызын да жо­ғары­лату қоғамдағы сұ­ра­ныс­ты азай­тады. Қымбат мөл­шер­леме ха­лық тарапынан тауар­лар мен қызметтерге деген сұра­нысты төмендетеді, бұл өз ке­зегінде базардағы баға өсімінің бәсеңдеуіне әсер бере­ді. Басты міндет – осы. Ал ба­за­­лық став­каның көтерілуіне және түсуіне байланысты құ­ны өзгеретін несие пайызы мен депозит сыйақысын біз жанама факторлар ретінде қа­растыра аламыз. Базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қа­был­­дау арқылы Ұлттық банк несие па­йызы мен депо­зит сыйақысына әсер етуді көзде­мейді.

Былтырдан бергі инфляция мен базалық мөлшерлеме текетіресіне қарайтын бол­сақ, базалық пайыздық мөлшерле­менің біртіндеп инфляция десін басып келе жатқанын байқар едік. Иә, әр алуан сарапшы Ұлттық банк саясатын сынға алды, базалық мөлшерлемені баяғыда түсіріп тастау керек еді деген пікірлер айтып жатады. Алайда уақыт бізге осы шешімнің әрі әділ, әрі пайдалы болғанын дәлелдеп бергендей. Қарап отырсақ, базалық мөлшерлеме инфляцияның алдына түсіп кеткен емес, әркез оны үлкен күшпен сүйемелдеп, төменге қарай итеріп келеді. Егер ҰБ базалық мөлшерлемені тым төмен түсіріп жіберсе, онда зордың күшімен икемдеп келе жатқан инфляция жалт беріп жоғарыға қайта шығып кетуі әбден мүмкін. Ұлттық банк бұл тәуекелді ешқашан қаперден шығарған емес.

Біз үшін инфляция деңгейін ортамерзімді перспективада 5 пайызға дейін түсіру – бас­ты міндет. Бүкіл күш, бүкіл ақыл-ой тап қазір осы міндетке жұмылдырылып жатыр. Ішкі факторлар арасында үлкен тәуекел тудырып, сарсаңға салып тұрған ахуал жоқ деуге болады. Сыртқы факторлар да біз ойлағандай шеңбер аясында қалыптасып жатыр әзірге.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 24 қарашада Астана уақытымен сағат 12.00-де жарияланады.