Ресми деректерге сүйенсек, елге әкелінген аяқкиім партиясының жартысына жуығы жалған, яғни сегменттегі өнімнің 48,5 пайызы контрафактіге жататын болып шықты. Сонда шамамен әрбір екінші тұрғынның киіп жүрген аяқкиімі контрафактілік. Ал бизнестің өзі, шын мәнінде, цифрлардың әлдеқайда жоғары екенін айтып көрсетеді. Мәселен, «Glasman» дүкенінің директоры Анвар Хилажев бұған дейінгі 20 жылдан астам уақыт бойы шекара арқылы жүктерді килограмдап тасымалдау жүйесі қалыптасқандықтан, нарықтағы контрабанда мен контрафактілік тауарлардың 95 пайызын басқа елдерден әкелінетін жеңіл өнеркәсіп тауарлары құрайтынын баса айтқан болатын.
Бұл мәселені шешу үшін мемлекет 2021 жылы аяқкиім өнімдерін цифрлық таңбалау мен қадағалауды енгізді. Жүйенің мақсаты – тауарларды жеткізу және сату тізбегін барынша ашық ету. Осылайша, елдегі аяқкиім өнімдерінің көлеңкелі импорты мен айналымын тоқтату.
Сандық таңбалауды және қадағалауды енгізу нәтижесінде ресми аяқкиім импорты 13 млн жұпқа немесе 30%-ға (37,2 млн жұптан 53,1 млн жұпқа дейін) өсті. Таңбалау енгізілгенге дейін 2018-2020 жылдар аралығында аяқкиім импорты 35-39 миллион жұпты құраған.
Бір таңбалау коды 2,6 теңге тұрады. Кәсіпкерлердің, соның ішінде импорттаушылардың айтуынша, таңбалау құны бір аяқкиімге орташа есеппен 1%-ды құрады. Аяқкиім өндірушілері құнға таңбалау шығындарын енгізіп, маржаларын 2-4% қысқартса да, бизнесті адал жүргізудің бәсекелестік артықшылығына ие болады.
«Өндірісте барлық қажетті таңбалауда күрделі ештеңе жоқ, оны енгізуде қиындықтар болған жоқ. Таңбаланбаған аяқкиімді сатуға тыйым салуға дайынбыз, өйткені біз таңбалаудың қажет екенін түсінеміз және нарықтағы ашықтық пен салауатты бәсекелестікті қолдаймыз. Тауар бағасының өсуі байқалды, бірақ ол мардымсыз болды, таңбалауды енгізу тауардың өзіндік құнына түбегейлі әсер еткен жоқ», деп бөлісті «QazTextileIndustry» Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер одағының басқарма төрайымы Гүлмира Уахитова.
Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінің мәліметі бойынша өткен жылы елімізде таңбаланған тауарлардың көлемі шамамен 32 миллион аяқкиім бірлігін құрады. Биылғы жылдың 8 айында ғана таңбаланған тауар көлемі – 34 548 757 дана аяқкиім. Егер таңбалау кодтарына тапсырыстардың аталған динамикасы сақталса, 2023 жылдың соңына қарай аяқкиім тауарларының көлеңкелі нарығын ағарту өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58%-ды құрап, одан түсетін кірістің көлемі 38 287 097 200-ден 1 044 193 560 000 теңгеге дейін артуы мүмкін.