Форум • 12 Қазан, 2023

Түркістан Түркі әлемінің туристік астанасы атанды

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей аталған облыс орталығында бүгін түркі елдерінің туристік форумы басталып, оған Түркі Мемлекеттері Ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы орынбасары, Түркістан облысы мен Қоқан қаласының әкімі, Туризм және спорт министрлігі, түркі елдерінің туризмге қатысты министрліктері мен орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті, туризм саласының және қоғамдық қауымдастық өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан Түркі әлемінің туристік астанасы атанды

Фото: Түркістан облысы әкімдігі. Телеграм

«2021 жылы 31 наурызда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII бейресми саммитінде тараптар Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атау туралы декларацияға қол қойды. Аталған құжат және Түркі тілдес елдердің туризм бағытындағы жоғары деңгейдегі кездесулері мен келісімдері Түркістанға тың серпін береді. Жаңа Түркістан Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналатынына сенемін», деген облыс әкімі Дархан Сатыбалды аймақта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды атап өтті.

Форумның басты мақсаты – түркі әлемінің туристік астаналары арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату және 2024 жылы түркі әлемінің келесі астанасы ретінде Түркістан қаласымен таныстыру.

«ТМҰ кеңістігіндегі «Түркі әлемінің туристік астанасы» маңызды бастамасы Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп, бір-бірінің мәдени және дәстүрлі құндылықтарын білу арқылы барлық түркі елдері халықтарының тығыз байланысуына ықпал етеді», деді форумда Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Айта кетсек, күні кеше ТМҰ елдеріндегі туризм мәселелеріне жауапты министрлердің VIII отырысы аясында Түркістанды 2024 жылға арналған Түркі әлемінің астанасы деп жариялау бастамасы мақұлданды. Аталған шешім туралы ресми хабарландыру ел басшыларының таяуда өтетін саммитінде жоспарланып отыр.