Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының оңтүстік-батыс бетінде орналасқан, аумағы ұзындығы 30-35, ені 10-15 шақырым жерді қамтитын Қараағаш орманы туралы алғашқы жазба деректер ағартушы ғалым Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде кездеседі. ХІХ ғасырдың 60 жылдары Жаңаарқа жерімен жүріп өткен Шоқанның күнделігінде Жұбан ана күмбезі мен Қараағаштың арақашықтығы атап көрсетілген. Ал 1869 жылы шыққан «Россия. Киргизский край» атты кітапта Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Қараағашта орыс мекенін (поселкесін) салу туралы жобаға қол қойғаны жазылған. ХІХ ғасырдың 70-жылдары Қараағашты Сарысу уезінің орталығына айналдыру туралы жоспар жасалған. Бірақ уезд таратылатын болып, патша үкіметінің бұл жобасы іске аспай қалған. Және бір дерек: 1883 жылы орыс саяхатшысы В.Н.Герн Ақмола уезінің оңтүстігіндегі Қараағаш дейтін жерде жас орман шоғырлары бар екенін атап көрсеткен.
Қараағаш орманы Айғыржал, Көккөз, Аймысық тауларының кең алқаптарында орналасқан. Аудан орталығы Жаңаарқа кентінен 70-75 км жерде. Орманның негізі – жабайы өскен ағаштар мен бұталар. Сонымен қатар бальзам терегі, ақ терек, Түркістан терегі, қызыл қайың, майда жапырақты шегіршін, көк жасыл жапырақты үйеңкі, жабайы боз жиде, Сібір алмасы, сарықараған, қызылтал сияқты көптеген ағаш тұқымы өседі.
Өзінің жаңаша тарихында бірнеше құрылымдық өзгерістерді бастан кешірген мекеме ғасыр басында, 2001 жылы 27 маусымдағы ел Үкіметінің №877 қаулысымен Қараағаш орман саябағы Мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қорық болып ұйымдасты.
Қазіргі таңда «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Жаңаарқа шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жалпы жер көлемі – 21 843 гектар, оның ішінде 5 629 гектары орманмен көмкерілген, 6 800 гектары Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын зоологиялық қорыққа жатады. Орманда көктерек пен қайың ағаштары, бұталар басым. 250 гектардай қолдан егілген қарағай, 2-3 гектардай жерге алма ағаштары отырғызылған. Әр алуан өсімдікке бай шалғындар мен қияқты батпақтар кездеседі. Орман ішінде ғажайып құбылыс – ылғал көзінің табиғи реттеушілері, өте сирек кездесетін төмпешік-томарлар бар. Олар қар суын көктемде бойына сіңіріп, тырсия томпайып, ал құрғақшылық кезінде төңірегіндегі ағаштарға ылғал бөліп отырады.
Алаңқайлардағы шалғындардың хош иісті өсімдіктері, дәрі шөптері мен гүлдері көздің жауын алады. Жануарлардан сүтқоректілердің 15 түрі, құстардың 42 түрі мекендейді. Орман арасында азық-түлік, ас мәзірі, тоспа жасауға жарамды саңырауқұлақтың бірнеше түрі, жабайы жиде, қарақат өсімдіктері, итмұрын, сарымсақ қалың өседі.
Қараағаш орман шаруашылығы, 10-15 үйден құралған орманшылар ауылы бірлік-берекесі, ырыс-ынтымағы жарасқан жоралы жұрт, өріс, қонысқа қолайлы, жайлы елді мекен. Мұнда жарты ғасырға жуық уақыт бойы табан аудармай осы жерді қоныс еткен, тағдырын, тіршілігін орман шаруашылығымен мәңгі байланыстарған әулеттер бар. Олардың қатарында: Рашатов Әбдікәрім, Кәдірсізов Берден, Қасымов Файзолла, Онаев Исақ, Сыздықов Садық, Мұқашев Сағынтай, Оспанов Әмір, Райымбаев Қайролла, Жұмашев Кәдірсіз, Әлин Ауданбай, Кәрімов Жұмақұл, Доскенов Бапаш, Балташев Жайлау, Халилин Қылыш, Баймағанбетов Жұмабай, Нұрдинов Шайзада, Шәкенов Жақия, Рсалдин Қаныш, Омаровтар, Сағындықовтар, Әлжіковтерді атауға болады. Міне, осы әулеттердің бірнеше буын ұрпақтары орман шаруашылығы мекемесінде еңбек жолын, атакәсібін сәтімен жалғастырып келеді. Барлығының дерлік ұрпағы дүние есігін осы ауылда ашқан, алғаш әріп таныған, үлкен еңбек жолын осы топырақта бастаған. Қазірде тұрмыс-тіршілік жайымен туған жерден басқа жерге қоныс аударып кеткендерінің өзі өздерін «лесхоздың» балаларымыз, түлектеріміз деп біледі. Кішкентай ғана ауылдың қайталанбас салт-санасын, тату тірлігін әркез ілтипатпен әңгімелеп, сағынышпен еске алып жүреді.
Кейінгі жылдары орман шаруашылығы қауырт, қарқынды дамып келеді. Қарағай сынды ғұмыры ұзақ ағаштарды көптеп егу, орман қорын сақтау, көбейту, жан-жануарлар әлемін қорғау жұмыстары жақсы жолға қойылған. Ағаш отырғызылатын жерді өңдеу, егу мерзімдерін анықтау, ағаштарды күту, ағаштар мен бұта тұқымдарын питомникте өсіру, ағаш көшеттерін қазу және сұрыптау, егіс даласында орман алқаптарын өсіру, ағашты зиянды жәндіктерден қорғау сияқты агротехникалық тәсілдер мен шаралар тыңғылықты, жүйелі атқарылып жатыр. Жұмысшы, маман кадрлар мәселесі түпкілікті шешілген. Мекеменің материалдық-техникалық базасы да нығая түскен. Биылдың өзінде оннан аса жаңа техника, құрал-жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде автокөлік, үш бірдей трактор, патрульдік көлік, ағаш егетін машина бар.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 2021-2025 жылдар аралығында орман қорында 2 млрд және елді мекендерде 15 миллионнан аса ағаш отырғызуды тапсырды. Осыған орай орман алқабына 3 377 гектар жерге ағаш отырғызуға кешенді жоспар әзірленді. Қазіргі уақытта 198 гектар аумаққа 659,9 мың түп көшет отырғызылды. 2023 жылы 240 гектар аумаққа ағаш отырғызу жоспарланып, көктемгі уақытта 122,5 гектар аумаққа 408,2 мың түп терек сабақтары мен үйеңкі өскіндері отырғызылды. 2022 жылы егілген 40,5 гектар жерге 33,3 мың түп терек сабақтары толықтырып егілді. Қазіргі уақытта 117 гектар аумаққа күзгі ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Жаңаарқа шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ерлан Орманов.
Орман шаруашылығы ұзақ жылдардан бері тұрмыс-тіршілікке жайлы, тұрақты жұмыс істеуге қолайлы елді мекендердің бірі болып келеді. Қараағаш – бірнеше буын ұрпақ өкілдерінің ат байлар абақазығы, атақонысы. Біз Қараағаштың қара орманына, апайтөс азаматтарына баянды болашақ, толағай табыс тілейміз. Тарихы бай, табиғаты көркем, Арқа төсіне тағылған жасыл алқа іспеттес осы бір дүниенің таңғажайып бұрышы әрқашан аман болғай.