Спорт • 13 Қазан, 2023

Қазақ спортшылары IV Азия Пара ойындарына аттанады

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Ұлттық құрама команданы IV Азия Пара ойындарына ресми шығарып салу  рәсімі өтті. Байрақты бәсеке қазан айының 22-28 күндері аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақ спортшылары IV Азия Пара ойындарына аттанады

Фото: Ведомствоның телеграм арнасы

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жарысқа ел атынан 131 атлет 14 спорт түрінен қатысады. Атап айтқанда пара жеңіл атлетика, бочча, пара пауэрлифтинг, шахмат,  пара жүзу, пара велоспорт, пара дзюдо, пара каноэ, волейболды отырып ойнау, пара таеквондо, пара садақ ату,  пара үстел теннисі, академиялық есу, пара оқ ату спорт түрлерінен 485 медаль үшін таласқа түседі.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 2010 жылдан бері Азияның Пара ойындарына төртінші рет қатысқалы отыр.  

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, пара спортшыларымыз үздіктер қатарынан көріну үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Биылдың өзінде ұлттық құрама спортшылары 40-тан астам спорттық іс-шараға, 30-дан астам оқу-жаттығу жиындарына қатысып, біліктілік шыңдаған.

Айта кетейік, Азия ойындарында жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын ақшалай ынталандыру мақсатында құрлық чемпионы атанған спортшыға 10 000 доллар көлемінде ақшалай сыйақы беріліп, алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5 000 доллар қарастырылған.

Құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері 5 000 доллар, ал жаттықтырушысы 3 000 доллар көлемінде сыйақы алады.

Сондай-ақ қола медаль еншілегендерге 3 000 доллар, ал оның жаттықтырушысына 2 000 доллар көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген.  

Жарысқа 43 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысып, спорттың 22 түрінен барлығы 564 медаль жиынтығын (паралимпиадалық спорт түрінен - 490 және паралимпиадалық емес спорт түрінен - 74) сарапқа салады.