Бұл операцияны Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының акушер-гинекологтерімен бірлесіп жасаған. Әуелі мидың сол жақ самай бөлігіндегі ісікті микрохирургиялық әдіспен алып тастаған. Көп кідірмей жүктіліктің 34 аптасындағы әйелді кесар тілігі арқылы босандырған.
Негізі дәрігерлер жас әйелдің маңдай бөлігіндегі көлемді ісікті шілдеде анықтаған. Содан жүктіліктің 29-аптасында науқас Ұлттық нейрохирургия орталығына жатқан. Дәрігерлер шарананы сақтай отырып, науқастың сол жақ маңдай бөлігінің ісігін алып тастау үшін операция жасаған. Кейін әйелдің денсаулығы жақсарып, үйге шығарылыпты. Алайда көп ұзамай пациент денсаулығының қайта нашарлай бастағанын сезеді. Дәрігерлер тағы тексере келе, ісіктің ұлғайғанын байқаған. Операциядан кейін науқастың самайындағы ісік мөлшері ұлғаюымен қоймай, функционалды маңызды аймақтарға тез өсе бастапты. Бұл – пациенттің қозғалыс және сөйлеу орталықтарының бұзылуына әсер еткен.
Мидың сол жақ самай бөлігіндегі ісікті микрохирургиялық әдіспен алып тастау операциясына нейрохирургтер араласқан. Көлемді ісік толығымен жойылған. Мұнда дәрігерлер ана мен балаға зиян келтірмеуді ойлап, хирургиялық тәсілді дұрыс таңдай білгенін айта кеткеніміз жөн. Оның үстіне нейрохирургтер мен акушер-гинекологтер операцияда жиі тізе қоса бермейді. Сонымен операциядан кейін салмағы – 1 350 грамм, бойы 48 см нәресте дүниеге келген. Жаңа туған сәбиге одан әрі медициналық күтім жасау үшін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының Неонатология бөлімшесіне ауыстырған.
Қуанышқа орай, екі операция да сәтті өткен. Қазір баланың жағдайы жақсы, салмақ жинап, өсе бастаған. Ана да өзін жақсы сезінеді. Операцияны Нейрохирургия орталығының үздік дәрігерлері және Ана мен бала орталығының тәжірибелі акушер-гинекологтері жүргізгенін айттық. Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері мұндай операцияны үшінші мәрте жасап отыр екен.