Қазақстан • 16 Қазан, 2023

Қазақстан құтқарушылары Ауғанстаннан оралды

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жер сілкінісі салдарын жоюға жәрдемдесу үшін Ауғанстанға барған Қазақстан ТЖМ күштері мен құралдары елге оралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан құтқарушылары Ауғанстаннан оралды

фото: gov.kz

Қазақстан ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдері комитеті төрағасының міндетін атқарушы генерал-майор Ұларбек Әбікеевтің басшылығымен қойылған міндеттерді абыроймен орындаған Қазақстан құтқарушылар жасағындағы барлық 45 адамның ішінде ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, кинологиялық есептоптары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері – фельдшерлері болды.

Жер сілкінісі аймағынан оралған құтқарушыларды әуежайда әріптестері, туыстары, жақындары қарсы алды. Сонымен қатар құтқарушыларды кезекті рет қарсы алған «Lider.kz» қозғалысының волонтерлері құтқарушы иттер Чарли, Евро, Джейкобқа медальдар дайындаған екен. 

Гуманитарлық миссияға қатысушыларды Қазақстанның ТЖ вице-министрі генерал-майор Ерлан Нұрпейісов құттықтап, бұндай істерден біздің мамандар кәсіби біліктіліктерін арттыратынын және түрлі жағдайда жұмыс істеу дағдысын жетілдіретінін атап өтті.

Ауғанстандағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 83 жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетіп, 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеген, Наиброфи елді мекенінде 700 қираған үйлердің учаскелерін тексерген. Құтқарушылар қайтыс болған 1 баланың денесін тауып, алып шыққан.

Қатты шаңды дауылдан зардап шеккен 9 шатырлы қалашықтың орналасу орындарында тексеру жүргізген Қазақстан құтқарушылары Сияхан елді мекенінде толығымен қираған үйлердің астын да тексеріп, Чолк елді мекенінде үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жүргізді.

Ауғанстан билігі жойқын жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсеткені үшін елге оралар алдында Қазақстан құтқарушыларына алғыс білдірді.