Алматы • 16 Қазан, 2023

Ынтымақтастық ықпалы

156 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда «Бір белдеу – бір жол» бастамасының 10 жылдығына орай Қытай-Орталық Азияның жоғары білім беру саласындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция: индустрия мен білім интеграциясы» ынтымақтастық форумы өтті.

Ынтымақтастық ықпалы

Жиынның ашылу салтанатында ел Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Төртінші өнеркәсіптік револю­ция: индустрия мен білім интеграциясы» форумы білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін академиялық әлем мен өн­діріс арасындағы көпірге айна­лады. Қытай мен Орталық Азия­ның жоғары оқу орындары форумы өнеркәсіп пен білім инте­грациясы үшін өзара байла­ныс құруға, университеттер ара­сындағы ынтымақтастықты ны­ғай­туға жол ашады деп сенемін» делінген құттықтау хатта.

– Цифрлық дәуірде универ­си­теттер инновациялар мен тех­но­логияларды дамыту мен қолда­ну­да маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта отан­дық жоғары оқу орындары білім және ғылыми үдеріске инновациялық технологияларды енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Форум Қытай және Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарының тығыз қарым-қатынас орнауына және нығаюына үлкен сеп болаты­­ны сөзсіз. Сонымен қатар университеттер арасында оқытушылар мен студенттер алмасуға, тәжірибемен бөлісуге, ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки.

Өз кезегінде Сиань Цзяотун университетінің президенті Ван Шугуо «Қазір технологияның дамыған уақыты. Ғаламда кейінгі жүз жылда болмаған өзгерістер орын алып жатыр. Соған сәй­кес ғылым саласы күн сайын өзгеріп, жаңа технологиялар қарыштап дамып барады. Қытай және Орталық Азия елдеріндегі жоғары оқу орындары бірлесіп, болып жатқан өзгерістерді тез­ меңгеруді көздейді. Екі ел дос­тық қарым-қатынасын дамыта отырып, ғылым және білім саласы бойынша өзгерістерге бірге бейімделуді мақсат етеді», деп атап өтті.

Сондай-ақ жиында белгілі мемлекет және қоғам қайрат­кері Қайрат Мәми сөз сөйледі. «Қазақстан Қытай және Орта­лық Азия елдерімен ынты­мақтастығын жыл сайын арттырып келеді. Елдеріміздің арасында әртүрлі бағытта бірлесіп жұмыс істеу үшін жасалған келісімдер, қолға алынған страте­гиялық бағдарламалар бар. Қытай халқында Ұлы Жібек жолын жайлап жатқан халықтар жақсы көретін бір тәмсіл бар: «Бай болғың келсе, жол сал» дейді. Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық пен барыс-келіс жолы 2 мың жыл бұрын бас­талды деуге болады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл жол жақындай түсті. Осыдан он жыл бұрын Қытай мен Қазақстан арасында бекітілген «Бір белдеу – бір жол» бастамасы табысты жобаға айналып, экономикалық ынтымақтастықты ғана емес, барлық саланы қамтып келеді. Бұл форум Қытай және Орталық Азия мемлекеттерінің жаңаша дамуына серпін береді деп сенемін», деді Қ.Мәми.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің басшысы Жансейіт Түймебаевтың айтуын­ша, айтулы іс-шара универ­си­теттер арасындағы білім және ғылым саласындағы ынты­мақ­тастықты арттыруға бағыт­тал­ған. Орталық Азия елдерінің Қытаймен ынтымақтастығын дамыту барысында «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының маңызы зор. Жақында Қытай елінің ондаған жоғары оқу орнымен ықпалдастықта жұмыс істеп келе жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайдың Солтүстік-Батыс поли­техникалық университетінің филиалы ашылды. Ендігі кезекте екі ел арасында білім ықпалдастығы дами түсіп, ұлттық университеттің 13 магистранты Қытайда қос дип­ломды жүйемен білім алады.

Форумда «Almaty» консенсу­сы­на қол қойылып, іс-шара Қытай мен Орталық Азия ықпал­дастығын дамытудағы өнер­­кәсіп пен білімнің келешегіне арналған панельдік сессиялармен жалғасын тапты. Сонымен бірге қатысушылар университет ғалымдары өнертабыстарының көрмесімен танысты.

 

АЛМАТЫ