Бұл – екінші жыл өткізіліп отырған сайыс. Былтырғыға қарағанда катысушылар қатары көбірек болғанын атап өткен жөн. Бәйге барысында үміткерлердің сыртқы сұлулығы ғана емес, ұлтының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы мен мәдениеті, әдебиетін білуі және жеке өнерін көрсете алуы жарыстың негізгі шартына айналды. Әрине есту мүмкіндігі шектеулі бойжеткендерге осындай қатал сыннан өту оңай емес. Соған қарамастан арулар алуан түрлі үлгіде аса талғаммен тігілген ұлттық киімдерімен және табиғи сұлулықтарымен қазылар алқасының назарын аударды.
Байқау қорытындысы бойынша «Сәукелелі ару – 2023» жүлдесіне атыраулық бойжеткен Қаракөз Мұрат лайық деп танылды. Жүлделі І орынды Ақтөбенің бойжеткені Гүлден Уәйісова, ІІ орынды Бішкек қаласынан келген Эльзира Мирланқызы, ІІІ орынды астаналық Айзада Жауғаштина иеленді. Бұл жолы Ақтөбеге байқауға келген қыздардың ешқайсысы құр кеткен жоқ. Ұйымдастырушылар қатысқандардың барлығына арнайы сый тағайындады. Айта кету керек, сәнді сәукелемен қоса тал бойларына жарасқан ұлттық киімдердің үлгісін қыздар өздері тіккен.
Ақтөбе