Аймақтар • 16 Қазан, 2023

Жеті ай жалақыға зар қылған зауыт

247 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі бір-екі жылдың бедерінде әулиеаталық әлеу­мет жалақы «жырын» жырлап, бірнеше мәрте бас көтерді. Әлеуметтік теңсіздіктен қажыған жамбылдық жұ­мыс­­шылар жағдайдың жақсарғанын, қарапайым қызмет­керлердің табысының артқанын қалайды.

Жеті ай жалақыға зар қылған зауыт

Жамбыл өңірінің жұрты жарытымды жалақы ала ал­майтынын айтып, қапа бо­лып жүргені рас. Біраз уа­қыт бұрын «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлері, «Тараз энерго орталығының» жұ­мыс­шылары және өзге бір­қатар еңбек ұжымында жұ­мыс істейтін азаматтар еңбекақының аз­дығын, ай­лықтың шайлыққа жетпей­тінін айтып, шағым­данған еді. Дерекке сенсек, Жамбыл өңірі ішкі жалпы өнімнің жан басына шақ­қандағы табысы төмен өңір­лер­дің санатына жатады. Дота­ция­да отырған облыстағы ахуал қашан толықтай түзелетінін кім білсін?

Біраз уақыт бұрын Тараз­дағы байырғы қант зауыты ресейлік кәсіпкердің қарама­ғына өткенде жергілікті жұрт «мұнысы несі?» деп таң­ғалған еді. Бұрынғы Жамбыл қала­сы десе, дәл осы қант зауы­ты­ның аты қатар аталу­шы еді. Енді ол зауытқа ре­сей­лік қо­жайын иелік етіп отыр. Әрине, өкі­нішті. Алай­да қалай десек те уа­қытты кері қайта­ра алмайты­нымыз анық. Көнбеске шара жоқ.

Иесі кім болса да жергілікті азаматтар, анығырақ айтсақ, зауыт жұмысшыларының жағдайы мәз болмай тұр. «Жеті ай бойы еңбекақы алма­дық», деп даурыққан қа­ра­пайым қызметкерлердің айтуынша, қант зауытының басшылығы оларды лайықты жұмыс киімі мен қажетті құрал-сайманға да жарытпапты. Қысқасы, басшылық тарапынан еңбегі лайықты бағаланбай жатқанын айтқан қызметкерлер бас көтерді. Олар адал еңбегінің лайықты бағаланғанын жөн көреді.

«Шайлығымызға керек айлық мәселесі жүйкемізді жұқартты. Сыйақы дегенді ес­ті­генімізбен, қолымызға ол да тиер емес. Қысқасы, жұ­­­мыс­шылардың әлеуметтік жағ­дайы мәз болып, көңіліміз жаз болып тұрған жоқ. Осы бір өткір мәселеге билік ба­сын­­дағы азаматтар назар аударса деген тілегіміз бар. Біз­дің жанайқайымыз соларға жетсе екен, бізді естісе ғой», дейді зауыт қыз­меткерлерінің бірі Нұржан Тамаев мәселенің мәнісін түсіндіріп.

Уақытында дүркіреген зауыттың бүгінгі халі мүш­кіл ме деген ой келеді. Зауыт жұмысшыларының ай­туын­ша, жеті айдың беде­рін­де жалақы ала алмай жүр екен. Ол аз десеңіз, сыпыр­ғыш­ты, жұмыс киімін де өз қар­жы­сына сатып алатын көрі­неді. Қиындықтың бәріне төзіп келген қызметкерлер «Шы­дамның да шегі бар ғой. Шы­дай-шыдай төзіміміз таусылды», деп отыр.

«Өз киімімізбен жүрміз. Жуынатын да мүмкіндігіміз жоқ. Мәселемізді айтсақ, «ма­құл» деген жауаптан бас­қа айтарлары жоқ. Біздегілер Ресей­дегілермен сөйлесеміз дейді де қояды. Бір сөзбен айт­қанда, құрғақ сөзден әбден қажып біттік. Жағдайдың қа­шан оңалатынын кім білсін? Әзірге еш нәтиже жоқ», дейді қант зауытының тағы бір қызметкері Айдос Базарбаев ұжымдағы ахуал туралы үн қатып.

Керек дерекке көз жү­гірт­­сек, қант зауыты біраз уа­­қыт бұрын ресейлік оли­гарх­тардың бірі Павел Де­мидовтің қарамағына өт­кен. Ол уақытында әйгілі «Forbes» журналындағы бай-манаптардың тізімінде болған. Оған тиесілі компания Ресейдегі ірі қант өнді­рушілердің қатарына жатады екен. Қысқасы, Демидов дегеніңіз қатардағы көп­тің бірі емес. Алайда Әу­лие­ата­дағы зауытты өз иелі­гі­не алса да, жергілікті қыз­мет­керлерді жалақыдан қы­сып отырғаны таңдай қақ­тырмай қоймайды. Жамбыл­дағы зауытты билеп-төс­теп отырған олигарх қыз­мет­кер­лердің жағдайын жасауға кел­генде сараңдық танытып отыр ма, әлде жұмыс­шылар­дың жа­най­қайы оның құла­ғына жетпей жатыр ма?

Өндіріс ошағында аянбай еңбек етіп жүрген қызмет­керлер басшылықтың алдында қадірі кеткеніне күйінеді. Зауыттағы ахуал ресейлік қо­жайынның құлағына жетуі екіталай дегенді алға тартып отыр олар. Шайлығын аз ғана айлығымен айырып жүрген қарапайым тұрғындардың талабы орынды. Олар да ел қатарлы еңбекақы алып, жан бағуы керек. Алайда әзірге ондай күннің сәулесі түсер емес.

«Есепшілеріміздің үлгер­мей жатуы себепті осындай түсініспеушілік туындап тұр. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Бір-екі күнде қызметкерлерімізге сыйақы береміз. Жұмыс барысында пайдаланатын қажетті киім-кешекті енді сатып алдық. Қоймамызда тұр. Жақын күн­дері бәріне таратып береміз. Жалақы мәселесі жеті айдан бері неге шешілмеді деген сауалға директордың өзі жауап бере жатар. Зауыт екі айдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жабылды. Зауыттың қашан іске қосылатынын дәл қазір тап басып айту қиын», дей­ді Тараз қант зауыты дирек­торының орынбасары Арман Жотабаев.

Біраз бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елі­мізде өндірілетін қант қызыл­шасының үлесін 7 пайыздан 43 пайызға дейін арттыруды тапсырған еді. Сол арқылы қант мәселесінде импортқа тәуелділікті азайтуды Мемлекет басшысы шегелеп тұрып айтқан.

Осы жылы жамбылдық шаруалар қуаңшылықтың зардабын шегудей шекті. Алқапқа қант қызылшасын орналастырған шаруалар­дың еңбегі еш кетіп, жалпы егіл­ген тәтті түбірдің едәуір бөлі­гі қурап кетті. Әрине, өте өкі­­нішті.

Қант зауытында еңбек ете­тін жұмысшылардың талабы қалай десек те орынды екеніне дау жоқ. Жалақы ала алмай екі көзі төрт, жү­регі өрт болған қарапайым азаматтардың мәселесі то­лық­тай қашан шешілмек? Тү­сіне білгенге жеті ай деген аз уақыт емес. Әрине, сұрақ көп. Алайда бәрі де Ресейдегі қожайынның көңіл күйіне байланысты секілді. Өзекті өртейтін өкініш те осы болса керек.

 

Жамбыл облысы