Бұл іс-шара үшін «KEGOC» АҚ-ға қарасты «Алматы ЖЭТ» филиалының 500 кВ «Алматы» қосалқы стансасының жанындағы оқу-жаттығу полигоны таңдап алынды. Биіктігі 42 метрге дейін жететін бағандарға тартылған әуе электр жеткізу желілеріне қызмет көрсету бойынша шеберліктерін шыңдауға компанияның өңірлердегі филиалдарының электрмонтерлернен жасақталған 9 бригада қатысты.
«Биылғы байқаудың екі ерекшелігін атап өткім келеді. Біріншіден, бәсекелес 9 команданың бәрінің дайындығы өте жоғары деңгейде болды. Екіншіден, байқаудың жалпы жүлде қоры 11 100 000 теңгені құрады, яғни бұл бұрынғы байқауларға қарағанда 4 есе көп. Шын мәнінде электрмонтерлердің жұмысы көзсіз батырлық пен асқан жүректілікті талап етеді. Халықты сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын энергетик мамандарымыз бұдан да жоғары марапаттарға лайық деп есептеймін. Себебі 42 метрлік биіктікте тілсіз жаумен арпалысатын электрмонтерлерді бүгінгі бейбіт заманның батырлары деп айтар едім», дейді «KEGOC» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақытхан Жазықбаев.
Жарыс барысында командалар алты кезеңнен тұратын сынақтан өтті. Атап айтқанда, нормативтік-техникалық құжаттаманы білу деңгейі және теориялық дайындық, зардап шеккен адамды (манекенді) электр тоғының құрсауынан босату, оны 220 кВ әуе желісінің тірегінен түсіру және дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету, түрлі ақауы бар шыны оқшаулағыштарды ауыстыру кезіндегі шеберлік, тірек аралықтарындағы кергілердің қашықтықтан басқарылатын ақауы барларын ауыстыру және арнайы құралдарды қолдана отырып, 220 кВ әуе желісінің анкерлік металл тірегінің сым шлейфін жалғау дағдылары.
«Мұндай кәсіби байқау соңғы рет 2019 жылы өткізілген болатын. Содан бергі төрт жылда электрмонтерлердің кәсіби деңгейлері едәуір артқаны байқалады. Өйткені командалар арасындағы ұпай сандарында айтарлықтай айырмашылық болған жоқ. Яғни олар ұпай жинаудан иық тірестіріп отырды. Бұл электрмонтерлердің жоғары біліктілік деңгейі мен үлкен дайындығын көрсетеді», дейді байқаудың ұйымдастыру жұмыстарына бастан-аяқ қатысқан «Алматы ЖЭТ» филиалы электр жеткізу қызметінің бастығы Бекжан Рауаянов.
Төрт күнге созылған кәсіби жарыстың қорытындысында жүлделі І орынды «Ақмола ЖЭТ» филиалының командасы жеңіп алды. ІІ орынды «Солтүстік ЖЭТ» филиалының электрмонтерлері иемденді. ІІІ орынды «Шығыс ЖЭТ» және «Оңтүстік ЖЭТ» филиалдарының командалары өзара бөлісті. Сондай-ақ жекелеген аталымдар бойынша «Ақтөбе ЖЭТ» филиалының қызметкері Нұржан Қуатов – «Үздік шебер», «Батыс ЖЭТ» филиалының қызметкері Аянбек Қабиев – «Үздік электрмонтер», «Сарыбай ЖЭТ» филиалының қызметкері Мұрат Бармақов – «Еңбек майталманы», «Орталық ЖЭТ» филиалының қызметкері Дидар Майжақанов «Үздік рұқсат беруші» атанды. Ал «Қауіпсіздік техникасы білімі бойынша үздік филиал» командалық аталымы «Алматы ЖЭТ» филиалының командасына берілді.
Осындай кәсіби жарыстар өндірістік персоналдың шеберлігі мен дайындығын бағалау үшін ғана емес, сонымен бірге өңірлік филиалдар энергетиктерінің бір-бірімен іскерлік байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызады.
Жеңімпаз атанған «Ақмола ЖЭТ» командасы биыл ТМД электржелілік компаниялары арасында өтетін халықаралық кәсіби шеберлікті шыңдау біріншілігінде Қазақстанның намысын қорғайтын болады.