Фото: aqorda_resmi
«Біз барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Сіздің былтыр қыркүйек айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз өзара байланыстардың барынша нығаюына тың серпін берді. Сапар аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталды. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дамып келеді. Айтарлықтай өсім бар. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын», деді Қ.Тоқаев.
Президент ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді келесі жылы елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.