Мәскеу ауылдық округіне үш жылдан бері құны 800 млн теңге болатын су құбыры тартылып жатыр. Мердігер келісім-шарт бойынша жобаны өткен шілде айында аяқтауы керек еді. Алайда қаржылық мәселелер туындап, жұмыс тоқтап қалған.
– Шығыс Қазақстан облысынан келген мердігер компания өз міндетін уақытында орындай алмағандықтан, 10 қазаннан бастап аталған ауылдық округ көлемінде техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болып отырмыз. Өйткені тұрғындардың өмір сүру жағдайына нұқсан келді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының жүріп жатқанына үш жылдан асып кетті. Жұмыс орнында 2 адам қарайып жүргені болмаса, мердігер серіктестік биыл мүлде жұмыс жүргізбеді десек те болады, – деді Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов.
«Qazconstructions» ЖШС компаниясы осы жылға бөлінген 250 млн теңге қаржының 18 млн-ын ғана игерген. Мұның сыртында, жергілікті тұрғындар да өкпе-реніш, шағымдарын айтып, сағыздай созылып кеткен ауыз су мәселесін жедел шешіп беруді талап еткен.
– Мәскеу ауылында 500-ден аса үй түтін түтетіп отыр. Әр аулада құдық бар. Бірақ қыста бұл құдықтар ортайып кетеді де, кейде, тіпті шелекке су ілінбей қалатын жағдайлар болады. Қазір бұл ауылды тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Сондықтан Төтенше жағдай жөніндегі комиссия осындай қадамға барып отыр, – деді әкім.
Қазір су құбырындағы ақауды анықтау және оны техникалық зерттеуден өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Бар мәселе конкурс өткізуге келіп тіреліп тұр. Әкімдік мамандары аталған жоба 2018 жылғы болғандықтан, оған жедел түрде тағы бір конкурс жариялау мүмкін емес дейді.
Соған қарамастан тоқтап қалған ауыз су құбырының құрылысы қайта жанданатын болды. Жобаны қабылдап алған жаңа мердігер Мәскеуге желтоқсан айында ауыз су жеткізуді жоспарлап отыр.
Қостанай облысы