Қазіргі таңда алыс-жақын шетелдерге танылған киелі қаланың тарихы туралы Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар: «Осыдан бес жыл бұрын Атырау облыстық «Хан Ордалы – Сарайшық» музей-қорығы Мәдениет және спорт министрлігінің «Сарайшық» музей-қорығы республикалық мекемесі болып қайта құрылғаны көпшілікке белгілі. Жаңадан бекітілген кадрлық құрамды қалыптастырып, музей-қорықтың негізгі функциясы тарихи мұрамыз Сарайшықты қорғау міндетіне кірістік. Қарапайым музейлердің міндеті мәдени мұралар – жәдігерлерді сақтаумен, ал музей-қорықтар оларды сақтап қана қоймай, ескерткіштерді қорғаумен айналысады. Біз ғылыми зерттеу жұмыстарын қалыптастыру және дамыту үшін облыстық, республикалық деңгейде өзіндік қолтаңбасы бар тарихшы ғалымдарды, тіпті шетелдік тарихшы ғалымдарды тартқанбыз. Бұл ретте көптеген ғылыми жоба дайындалып, ғылыми конкурстарға қатысып келеміз. Бір жоба аяқталса, екінші жобаны қолға алып жүзеге асырудамыз», дейді.
Тәуелсіздік алғаннан бері зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Зайнолла Самашевтың бірнеше автормен бірлесе жазған 3 монографиясы, басқа да авторлардың көптеген еңбегі жарық көрген. Бірнеше ғылыми еңбек пен баспа өнімдері шығарылып, біраз деректі қорық қызметкерлері өз күшімен брошюра түрінде дайындап, сатылымға шығарған.
Сарайшық – 1982 жылдан республикалық тізімдегі қорғауға алынған ескерткіш. Бірақ еліміз тәуелсіздік алғанға дейін бұл жерде қорғау жұмысы жүргізілді деп айтуға келмейді. 1937 жылғы Н.Арзютовтың, 1950 жылғы Ә.Марғұланның қазбалары бір ғана маусымды қамтып, жалғасын таппай қалған. Л.Галкин 70-80 жылдары шағын қазбалар жүргізген екен. Негізінен Жайықтың тасқынынан кейін жарқабақта ашылып қалған нысандар мен жәдігерлерді ғылыми есебінде белгілеп тіркеп отырған. Ал қаланы өзеннің шаюы үздіксіз созыла берген. 1996 жылдан бастап Сарайшықта тұрақты қазба жүргізген З.Самашев Үкімет алдына аталған мәселенің қаралуына байланысты талап қойғаннан кейін 2016-2018 жылдары Атырау облысы әкімдігі қаланың мәдени қабатын қорғайтын дамбы мен жағаны бетондау жұмысын жүргізді. Осылайша, ескерткішті қорғауда алғашқы нақты жұмыс іске асты.
Сарайшыққа қатысты жұмыстарды соңына дейін жүргізу арқылы ескерткіш үстіндегі көшіруге жататын Ескі Сарайшықауылының аумағы мен көне деректердегі көлдердің орнын, қазақ зираттарын қосып, бұрынғы құжаттарда 50 гектар деп белгілеген ескерткіштің аумағын 99 гектарға дейін ұлғайтылған. Осылайша, республикалық қорғауға жататын мемлекеттік тізілімде тұрғанына 40 жылдан асса да Сарайшық қалашығының заңды шекарасы дәл қазіргі күні айқындалып, құжатталып отыр. Әрине, маңызды құжатты заңдастыруда «Қазқайтажаңарту» мекемесі жәрдемдескен көрінеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Атырау облысындағы жұмыс сапары барысында: «Сарайшықты ел ішінде және шет мемлекеттерде дәріптеуімізге болады. «Ортағасырлық Сарайшық» жобасын соңына дейін жеткізу керек. Сондай-ақ арнайы визит-орталықты уақтылы іске қосу маңызды. Көне қаланың орнын туристік нысан ретінде дамытуға және оның танымалдығын арттыруға арналған тұжырымдама әзірлеу қажет. Бұл – бүкіл еліміздің туризм саласы үшін маңызды», деп жергілікті билік пен Үкіметке тапсырма берген еді.
Сонымен, музей-қорық Туризм және спорт министрлігімен бірлесе 2023-2027 жылдар аралығына арнайы тұжырымдама жасады. Тұжырымдама ортағасырлық Сарайшық қаласының тарихи және мәдени ескерткішін зерттеуге, консервациялауға, сонымен қатар жаңғыртуға байланысты қалыптасқан жағдайға белсендi түрде ықпал ету қажеттiлiгiнен туындап, алдағы 2023-2027 жылдары Сарайшықта ғылыми зерттеу, ізденіс және қалпына келтіру жұмыстарын дамытудың негізгі бағыттарын айқындады деуге болады. Жоспар бойынша ортағасырлық Сарайшықты қорғау аумағын қалпына келтіру жұмыстары ғылыми зерттеу, ізденіс жұмыстарымен қатар жүргізіледі. Зерттеу нәтижесінде ашылған және бұрыннан анықталған нысандарды тарихи нақтылық негізінде ішінара қайта қалпына келтіру көзделіп отыр. Зерттеу тарихи-археологиялық, палеоэкономикалық, тарихи-географиялық және палеоантропологиялық бағыттарын қарастырып, бір сөзбен айтқанда, кешенді жұмыстар енді басталмақ. Қазірдің өзінде «Қазқайтажаңарту» мекемесі министрліктен нақты тапсырма алды.
«2021 жылдан бері өз күшімізбен қазақтың Қасым ханы жерленді деген «Хан моласы» орнын анықтап, сол аумақта археологиялық қазба жұмыстарын жүргіздік. Зерттеуімізді Атырау облысы әкімдігі қолдап, нәтижесінде бұрын Сарайшықта кездеспеген ортағасырлық 2 көрхананы белді ғалымдар мен археологтер З.Самашев, М.Елеуов, М.Қожа, ресейлік археолог сарайшықтанушы В.Плахов және өзге де мамандармен ақылдаса келе ашқанымыз бар. Өкінішке қарай, көрханалар тоналған, адам сүйектері ретсіз үйілген, орындары ауыстырылған. Дегенмен мамандардың күшімен сүйектер жасын анықтадық. Ол ХV-ХVІ ғасырға келіп тұр. Көрханадан табылған бархат матасына зерттеу жүргізген белгілі маман Т.Крупа оның алтын-күміс жалатылғанын және оны ХV-ХVІ ғасырда елдің элитасы кигенін анықтады. Кейін белгілі генетик М.Жабағинмен хабарласып, бірнеше антропологиялық материалдарды зерттеуге жібердік. Алда жаңалықтар болады деп ойлаймыз. Үлкен жетістігіміз – 2021 жылдан бері министрліктің тапсырысы бойынша «Қазақстанның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)» бағдарламасын зерттеуіміз. Жоба жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұлжан Ахметова», дейді профессор Әбілсейт Қапизұлы.
Бүгінде ғылыми жоба аясында Махамбет ауданы мен Атырау қаласы аумағынан жаңа 15 ескерткіш анықталды. Олардың құжаттамасын жасақтап, алдын ала қорғау тізіміне енгізуді ұсынып отыр.
Жоба аясында ғалымдар Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахан қалалары және Өзбекстан елінің мұрағаттары мен кітапханаларына барып, Үргеніш – Сарайшық аралығындағы керуен жолдарына ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген. Олардың басты мақсаты – Сарайшықтың орта ғасырда Жошы ұлысы империясының астанасы мен саяси-экономикалық, рухани орталық екенін дәлелдеу. Өйткені қала отарлау заманында әдейі қиратылып, жер бетінен жойылған.
Әңгіме барысында Әбілсейт Қапизұлы Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялайтын іргелі де қолданбалы зерттеулер байқауына қатысқанын, 2020-2022 жылдар аралығында жарияланған гранттық қаржыландырудан ГУЛАГ жүйесінде Атырау жерінде болған Прорва лагерін зерттеп, тың мұрағаттық деректерді ғылыми айналымға қосқанын, лагерьдің орнын, атқарған қызметін анықтап, ғылыми жинақты оқырманға ұсынғандарын айрықша атап өтті.
Ғылыми жобаның тағы бір тиімділігі – музей-қорықтың материалдық-техникалық жағдайының жақсаруы. Осы арқылы бірнеше компьютер, дрон мен құрал-жабдықтар алынып, халықаралық байланыстарды дамытуда ғылыми экспедициялар да ұйымдастырылған.
Құрылысы бірнеше жылға созылған «Сарайшық» сапар орталығы биыл мамырда салтанатты түрде ашылды. Оған арнайы 2 гектар жер бөлініп, туристер мен келушілер үшін барлық жағдай жасалған.
Әбілсейіт Мұхтардың айтуынша, аталған орталықтың басқаларға қарағанда өзіндік ерекшелігі бар. Құрылыс барысында ортағасырлық стильге сай келетіндей, ХІV-ХV ғасырдағы шығыстық қала сәулетіне тән етіп салынды. Туристер Сапар орталығына келген сәтінен бастап Алтын орда, Ноғай ордасы, Қазақ хандығының астанасы болған ортағасырлық Сарайшықтың тарихын дәлелді тарихи құжаттармен, археологиялық жәдігерлермен толық таныса алады. Тағы бір өзгешелігі – музей экспозициясын жасақтау жұмыстарының қатар жүргізілуі. Алдын ала белгілі ғалымдармен кеңесе отырып, ортағасырлық музей экспозициясының концепциясы дайындалған.
Орталық палеонтология және сақ-сармат заманы, Алтын орда кезеңі, Қазақ хандығы кезеңі, Ноғай ордасы кезеңі, медиа-зал, Сарайшықтың аңыздары құмды шоумен бейнеленген. Сарайшықтың күйреуі мен қайта жаңғыруына арналған алты негізгі көрме залы бар. Экспозициялық залдарда ақпараттардың барлығы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген.
Сарайшық тарихында ерекше із қалдырып, оның дамуына сүбелі үлесін қосқан Әлкей Марғұлан мен Зайнолла Самашевтың жеке заттары сақталған. «Алтын қайық» аңызы желісінде салынған «Секер көл» картинасының 3D маппингте қайта жаңартылған туындыны айтуға болады.
«Сапар орталығы – Сарайшықтың мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерде насихаттау, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталыққа айналуына бағытталған. Бұған қоса «Сарайшық» музей-қорығының базасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Болашақта келушілер үшін жоғары деңгейде қызмет көрсетуге, мәдени-ағарту, ғылыми зерттеу жұмыстарын жандандыруға өз үлесін қосып, мәдени-ағарту және имидждік орталық деңгейіне дейін кеңейтіп, тарих ғылымы, археология, қайта өндеу, өнертану, этнографиямен ұштастыру жоспарда бар», дейді қорық директоры Ә.Қапизұлы.
Бүгінгі таңда қорықта 5 мыңнан аса жәдігер бар. Бұл – археологиялық қазба, барлау-іздестіру жұмыстары барысында табылған және музейге сыйға тартылған жәдігерлер. Биыл бір кездері Сарайшықтан табылып, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына берілген төрт дана құнды жәдігер кері қайтарылған екен. 1909 жылы Сарайшықтан табылған ортағасырлық хұмның ауыз бөлігінде Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанынан «Адам көркі жүз ол, ол жүз көркі – көз, Ауыз көркі тіл ол, ол тіл көркі – сөз» деген үзінді келтірілген.
Әлемге танымал Қытай фарфоры – селадон да ерекше құнды жәдігерлер санатынан, себебі селадон ыдыстардың шығу тарихы тереңде жатыр әрі аңызға бергісіз құбылмалы қасиеті бар. Орта ғасырда жақпа май, дәрі-дәрмек сақтауға пайдаланған альбарелло ыдысы да – сыры мен сынын жоғалтпаған жәдігердің бірі. Музей қоры құнды жәдігерлер қатарына ортағасырлық бедерлі сырлы ыдыстар, штампөрнекті құмыралар, алтын әшекейлер, қаражылтыр қыш бұйымдармен толыққан.
«Сарайшыққа мемлекеттік көзқарас енді ғана өзгерді. Тұжырымдамаға сәйкес келелі жұмыстар қатары басталады. Ортағасырлық қалаға туристер кіретін қақпа, қаланы қоршау, қала орнында ашық аспан астындағы музей мен демалыс орындарының құрылысын жүргізу жоспарда бар. Сарайшық – еліміздегі Алтын орда заманынан қалған жалғыз империялық қала. Кезінде империя билеушілері әлемдік саясатқа ықпал жасады. Қасым хан бабамызда өз аталары Жошы хан, Орыс хан, Барақ хан билеген таққа қол созды. Бұл – тарихи шындық. Оның ойы жүзеге аспаса да, бүгінгі алып аймағымызды мәңгілік бізге мұраттап кетті деп ойлаймын. Бұдан шығатын қорытынды мемлекеттік деңгейде Сарайшыққа қатысты арнайы ғылыми зерттеулер жүргізуді жеке тапсырыс ретінде беру қажет. Түбінде Сарайшықта Алтын орда музейі жұмыс жасаса деген үміт бар», дейді Ә.Мұхтар.