Қоғам • 18 Қазан, 2023

Мағжан мұрасы түркі дүниесінің жадында

265 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі акаде­миясы мен М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдас­ты­руы­мен көрнекті ақын, педа­гог, Алаш қозғалысының қайраткері М.Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына­ орай «Мағжан Жұмабаев мұрасы: түркі дүниесінің рухани тұтастығы мен тарихи сабақтастығы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тә­жі­ри­­белік конференция өтті.

Мағжан мұрасы түркі дүниесінің жадында

Жиынды ашқан М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­ти­ту­тының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов: «Қазақ поэзиясы мен рухани әлемінің жұлдызы болған Мағжан шығармашылығы аза­м­аттық асқақтығымен қазақ дала­сын дүр сілкіндірді. Ақын­ның асқақ рухты поэзиясы хал­қы­ның жадында жатталды. Шығар­ма­шылығы зұлмат жылдарымен тұспа-тұс келсе де, ғасырдан-ғасырға жетіп, артында өшпес мұра қалдырды», деп атап өтті.

Рухани рәуіштегі басқосуда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалым­да­ры әзір­ле­­ген «Мағжан Жұма­баевтың ака­де­­­миялық жина­ғы­ таныстырылды. Инс­­ти­тут­ мамандары бұған дейін А.Құнан­­байұлы, Ж.Жабаев, А.Бай­тұр­­­сынұлының академиялық жи­нақ­­тарын жарыққа шығарған бола­­­тын. Осы орайда Мағжан шығар­­ма­ла­ры­ның академиялық жинағы да маз­мұн­дық жағынан ғылыми орта үшін тың зерттеулермен толығып отыр.

мчи

Түркі академиясының қол­да­­­уымен жарыққа шыққан үш том­дық жинақты тұғырлы тұл­ға­ның 1920-1922 жылдары Қазан­да, Омбы­да­ басылған кітап­­тары негізінде «Сана», «Сәуле», «Жаңа мектепте»,­ «Ақ жол», «Бостандық туы» газе­тін­де жарияланған өлең­дері, аудар­­­­­­малары, қазақ дала­сын­да­ғы­ сауат­­тандыруға зор ықпал ет­к­ен «Педа­го­гика», «Бас­тауыш мек­­тепте ана ті­лін оқыту жөні», «Са­уатты бол» оқу-әдістемелік ең­бек­тері енген. Бұл жинақта ақын­­ның «Қызыл әскер әліп­песі» төте жазудан кирилл қар­піне аударылып, алғаш рет жария­ла­нып отыр.

Конференцияда сөз алған Түр­­кі академиясының вице-пре­зи­­­денті Асхат Кесікбаев академия басшысы Шаһин Мұста­фаев­тың құттықтауын жеткізіп, «Мағжан мұрасы туған елінің бос­тандығы мен еркіндігі, түркі әлемінің тұтастығы мен бірлігіне арналды. Сондықтан Мағжан Жұма­баев шығармаларының түркі руханиятындағы маңызын ашу  – бүгінгі уақыт талабы. Жал­пы, қазақ ақындарының ішінде сол кезде түркі бірлігі тақы­ры­бын алдыңғы лекке шығарған Мағжан болатын», деп өзінің ойларын ортаға салды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді «Алаш партиясы және Мағжан» турасында баяндама жасап, «Алаш ісі. 1920-1930 жж. «ОГПУ-НКВД» жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдары» деректер сериясының екі том­дығын ғалымдар назарына­ ұсынды. Басылымға енген мате­риалдардың да көпшілігі ғылыми айналымға алғаш еніп отыр. Бұл еңбектегі материал­дар сол кездегі республика астанасы Қызылордада басталып, Алматыда жалғасын тауып, Мәскеудің Бутырка түрмесімен аяқталған қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлері үстінен қозғалған сот ісінің дерек­тері келтірілген.

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып «Мағжан поэзиясының кейбір ерекшеліктері» тақырыбындағы баяндамасында алашшыл ақын мұрасының маңызына тоқталды. «Мағжан поэзиясына алғаш баға берген Жүсіпбек Аймауытұлы ақын шығармашылығын терең зерттеу керектігін бір ғасыр бұрын айтып кеткені белгілі. Кеңестік кезеңде Мағжан поэ­зиясы жабық күйінде қалды. Біздер Мағжан қолжазбаларын аудармашы, туыс інісі, ақын Хамза Абдуллин және ақын Жарасқан Әбдірәш ағамыз арқылы танып, біл­дік. Ақынның «Пайғамбар», «Күншығыс», «От» өлеңдерінің, сондай-ақ асқақ романтикалық рухта­ жазылған шығармаларының әсері мықты болды. «Алтын хакім Абайға» деген өлеңіне «мың жыл өтсе де дәмі кетпес жырлар» деп баға берсе, өзінің де жырлары дәл сондай қалыпта еді. Ол қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтіп, жаңа өлең өлшеулерін, өлеңге күй екпінін әкелді. Сондықтан ақын шығармаларына жаңаша көзқараспен қарап, бүгінгі әдебиетке әсері тұрғысынан зерттеуіміз керек», деді Б.Жақып.

Конференцияда Мағжанның ақын­­­дық әлемі, мағжантану және түр­ко­­логия саласы, ағартушылық қыз­меті, қайраткерлік тұлғасы хақында Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры Насимхон Рахмонов, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Суат Бейлур, Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының Қырғыз әде­биеті бөлімінің жетекшісі Келдібек Қой­лубаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің про­фессоры Дандай Ысқақұлы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновациялық орталығының директоры Жұмашай Рақыш, Халықаралық Түркі акаде­мия­­сының ғылыми қыз­меткері, фоль­клор­тану­шы­­ Ақеділ Тойшанұлы, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих­ және этнология институ­ты­ директорының орынбасары Шәмек Тілеубаев сөз сөй­­леді. Алаш қозғалысы, мағ­жан­тану­дың қазіргі заманғы өзекті мәсе­лелері, архив, музей және сирек қолжазба деректеріндегі Мағжан мұрасы сынды зерттеу бағыттары да ғалымдар назарынан тыс қалған жоқ.

Алқалы жиын ары қарай М.Әуезов мұражай-үйінде кинорежис­сер, Халила Омаров түсір­ген­ «Мағжан Жұмабаев» деректі фильмімен жалғасын тауып, Ғылым ордасы Орталық ғылыми кітапханасы мамандары ақын шығармашылығына арналған кітап көрмесін таныс­тырды.

 

АЛМАТЫ