Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
– Төлеген Тұрсынұлы, қазіргі геосаяси жағдайда Батыс пен Шығыс арасын жалғайтын транзиттік бағыт-бағдарлар күрт өзгерді. Яғни Ресей мен Украина елдері арқылы өтетін жолдар біртіндеп шектеліп жатыр. Екі алып құрлықтың арасындағы Еуразия кеңістігінде қолайлы орналасқан Қазақстан ең тиімді халықаралық дәлізге айналып келеді. Осы жағдайға еліміздегі автожолдар қаншалықты дайын болды?
– Еліміздің транзиттік әлеуетінің қазіргі геосаяси жағдай кезінде ғана емес, бұрыннан да маңыздылығы бар. Бұл біздің географиялық орналасуымызға тікелей байланысты. Мәселен, соңғы 15-20 жылда «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізі өзінің өзектілігін көрсетіп үлгерді. Әсіресе Қытайдан Еуропаға жүктердің тасымалы артты. Ол жолдың біздің экономикамызға қосқан біршама үлесі бар деп айтуға болады. Әлі де қарастыру керек, тағы бір бағыт – Каспийдің оңтүстігі мен Иран арқылы шығатын жол. Ол үшін мысалы, Шалқардан Бейнеуге дейін, әрі қарай Ақтауға шығып, порт арқылы, одан Түрікменстанды көктей өтіп, Иранға баратын бағыттарды зерттеп, зерделеуіміз қажет-ақ.
Осы ретте автожолдарымыздың бірталай бөлігі жасалды. Әлі де атқарылатын жобалар бар. Әсіресе ұзындығы 500 шақырымды құрайтын «Шалқар-Бейнеу» учаскесінің реконструкциясын өткізсек, Қытайдан шығатын жүк көлігін Ақтауға жеткізетін әлеуетіміз бар. Сонымен қатар «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» учаскесін I санатқа ауыстыратын болсақ, «Батыс Қытай – Батыс Еуропаның» сапа жағынан көрсеткіші артып, транзиттік жүк көліктерінің одан сайын көбеюіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ақтөбеден Атырауға, одан Астраханға шығатын дәлізіміз бар. Бүгінде бұл жолдардың реконструкциясы жүзеге асырылып жатыр. Олар Еуропа мен Солтүстік Кавказ елдеріне шығуға транзиттік мүмкіндік берді.
– Елімізде халықаралық автомагистралдар салынып жатқаны рас. Олардың сапасы қазіргі заман талаптарына сай ма?
– Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Тек ақпараттық жағынан дұрыс көрсетілмей жатқан шығар. Бірақ жаңағы айтып өткен еліміздегі негізі дәліз «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», сондай-ақ Астанадан Щучинскіге шығатын бағыт, Астана – Қарағанды – Балқаш – Алматы бағыты сияқты үлкен маңызы бар жолдарымыз бар. Бұл учаскелерде реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді сапа жағынан еліміздегі барлық транзиттік автомагистралдар түгел дерлік халықаралық стандарттарға сәйкес келеді деп айта алмаймыз. Бірақ жылдан-жылға жақсарып келе жатқаны анық.
– Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде айтылатын сыни пікірлердің басым бөлігі жергілікті маңызы бар жолдарға қатысты. Биылдан бастап Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ведомстволық сараптама жұмыстарын қалаішілік жолдарда да жүргізе бастады ғой.
– Сонымен қатар қазіргі уақытта автожол саласы үшін нормативтік-техникалық құжаттарды жетілдіру бойынша да нақты жұмыстар қолға алынған. Саланың нормативтік базасын өзектендіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бірінші, жолды жобалау, салу және пайдаланудың ұлттық техникалық стандартын еуропалық талаптарға сәйкестендіруге қатты кірістік. Себебі 10 жылдан бері халықаралық қаржы институттары қаржыландыратын FIDIC қағидаттарымен жұмыс істеп жатырмыз. Ал ол қағидаттардың талаптарымен біздің нормативтердің арасында қарама-қайшы келіп қалатын тұстар болады. Сондықтан стандарттар бір жүйеге келтірілуде.
Мәселен, «Қазақстан Республикасының құрылыс секторының нормативтік құқықтық базасын реформалау тұжырымдамасына» сәйкес еурокодтардың халықаралық талаптары негізінде 394 техникалық құжат әзірленді, оның ішінде 25 құжат автомобиль жолдарына қатысты. Бұдан бөлек, 2015 жылғы 15 ақпаннан бастап «Автомобиль жолдарының қауіпсіздігі» техникалық регламенті күшіне енді. Оның талаптары халықаралық автомобиль жолдары туралы Еуропалық нормалармен үйлестірілді. Осы регламент шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтың 200-ден астам мемлекетаралық стандарты әзірленіп, қолданысқа кірді.
Екіншіден, республикалық желінің 90%-дан астамы геометриялық параметрлерге сәйкес келеді. Өйткені Еуропа мен Қазақстандағы жолдардың жіктелуі іс жүзінде біркелкі. Қазір бізде олардың техникалық жай-күйінің деңгейін арттыру ісі жүргізілуде. Негізі қазір республикалық маңызы бар жолдардың 91%-ы нормативтік жағдайда. Олардың техникалық санаттарын арттыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде 3,6 мың шақырымда жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Қазақстанда I және II санаттағы республикалық маңызы бар жолдар 9 мың шақырым немесе 38%-ы халықаралық талаптарға толығымен сай келеді. Енді 2024 жылға қарай бұл көрсеткішті 42%-ға дейін жеткізу көзделген. Осылайша, біз барлық халықаралық транзиттік дәлізді қамтымақпыз.
– Қазір Қазақстан арқылы өтетін көлік нөпірі артқан кезде, автожолдардың шетелдік инвесторларға тартымдылығы қандай?
– Қазіргі уақытта концессия аясында елімізде «Үлкен Алматы айналма жолы» жобасы бар. Оған инвесторлардың қаражаты тартылды. Өткен айда ҮАААЖ бойынша көлік қозғалысы басталды. Енді Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға берілгеннен кейін Автомобиль жолдары комитеті бір жыл ішінде республикалық бюджетке ақшалай түсімдерге мониторинг жүргізетін болады. Оның негізінде инвестицияларды тарту және болашақ жобалар бойынша шешім қабылданбақ.
Ал жалпы жол мен инвестицияны айту қазір қиындау. Мысалы, шикізат өндіретін болса, инвесторлар шикізатты алып, өңдейтіні белгілі. Ал жолға инвестор тарту үшін жол ақылы болуы керек. Жол ақылы болуы үшін ол барлық халықаралық стандарттың талабына сай болуы ләзім. Қазіргі кезде біздің қойып жатқан тарифтерден түскен қаражат тек сол жолды күтіп-ұстауға ғана жетеді. Сондықтан, жолға инвестор тарту – өте қиын. Әйтсе де, жол бойындағы қызмет көрсету орталықтарына инвестиция құямын деушілер бар. Үлкен кэмпингтер, тамақтану орындары, жанар-жағармай орталықтарын салуға ниет білдірушілер жеткілікті. Осы ретте жергілікті атқарушы органдармен министрлік деңгейінде үлкен жұмыс атқаруымыз керек. Барлық жағдайын жасап, кірме жолдарын, тынығу алаңдарын бөлу жағынан септігімізді тигізуіміз қажет.
– Жолдардың бойындағы сервистік қызмет көрсетудің сапасы көңіл көншіте ме?
– Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 1 634 қызмет көрсету нысаны шоғырланған. Соның 74%-ы немесе 1 204 нысан Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Бұл, негізінен тамақтану объектілері, техникалық қызмет көрсету пункттері, жанармай құю стансалары және күзетілетін тұрақтары бар қонақ үйлер. Бір сөзбен айтқанда, жүргізушілер мен жолаушылардың демалуына барлық жағдай жасалған. Бұл тұрғыда біз жол бойындағы қызмет көрсетуді дамытудың кешенді тәсіліне сүйенеміз.
Осы саланың жобаларына негізінен өңірлік бизнес өкілдерінің қатарынан жеке инвесторлар қатысуда. Оларға жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу, жайластыру үшін жер учаскелері бөлініп отырады. Біздің міндетіміз – оларды қажетті байланыс желілерімен қамтамасыз ету. Жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін дамыту және осы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жер учаскелерін бөлу рәсімдерін оңайлату мақсатында заңнамаға бірқатар түзету енгізу дайындалуда. Бұл құқықтық новеллалар инвесторларға сервис объектілерінің орналасқан жерін таңдау еркіндігіне кепілдік береді.
Биыл республикалық тас жолдардың бойында қызмет көрсетудің тағы да 70-тен астам объектісі тұрғызылмақ. Олардың бәрі Ұлттық стандарт талаптарына сай келетін болады.
– Отандық және шетелдік инвесторлар жақсы жолды салып болып жөніне кетеді. Одан соң жолдың сапасын жақсы күйінде күтіп-баптап ұстайтын мамандар жасағы жеткілікті ме?
– Инвесторлар жолды салып, жөніне кетеді деген жаңсақ пікір. Себебі келісімшартқа байланысты 3-5 жыл аралығында салынған жол кепілдік мерзімінде болады. Осы уақыт аралығында қандай да бір ақау анықталған жағдайда, инвестор оны өз қаражаты есебінен жоюға тиіс. Ал кадр тапшылығы бар. Автожолдарды жоғарғы деңгейде күтіп ұстау үшін білікті мамандар жетіспеушілігі байқалуда. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің жол инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріп, жастарды техникалық салаларға қарай бағыттауымыз керек», деген болатын.
Соған орай Автомобиль жолдары комитетіне қарасты Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы «2000 мектеп» жобасын қолға алып, мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне жолшы мамандығының артықшылықтарын айтып, кәсіби бағдар беруде. Мәселен, былтыр аталған орталық мамандары мектеп түлектерімен 2 565 кездесу өткізген. Бастама жолшы мамандарының қатарын арттырып, оң нәтижесін береді деген ойдамыз.
Бүгінде елімізде арнайы «Жол құрылысшысы» деген мамандық жоқ. Ал «Автомобиль жолдарын, көпірлер мен туннельдерді салу» және «Ғимараттар мен құрылыстарды салу» мамандықтары 2004 жылы біріктіріліп, «Автомобиль жолдары мен аэродромдарды салу» мамандығы өзінің бірегей атауы мен дербестігін жоғалтты. Бұл жол құрылысына қажетті біліктілік деңгейінің төмендеуіне әкелді. Түйткілді шешу үшін Министрлік тарапынан Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне «Сәулет және құрылыс» дайындық бағытына және магистратураға «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы», «Көпірлер мен көлік тоннельдерінің құрылысы» білім беру бағдарламаларының тобын қосу, сондай-ақ «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша докторантураға гранттар бөлу ұсынылды. Автожол саласы үшін даярлықты жүргізетін Жоғары оқу орындарына нысаналы гранттар бөлу мәселесі және жол саласы қызметкерлерінің біліктілігін міндетті арттыруды енгізу сияқты ұсыныстар жіберілді.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен –
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»