Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
734 мың адам жұмысқа орналасты
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биылғы жыл басынан бері барлық облыс әкімі Ұлттық жобалар, «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары, жұмыс берушілер ұсынатын бос жұмыс орны және жұмыс күшінің ұтқырлығы бағдарламалары шеңберінде халықты жұмыспен қамтудың нақты шаралары бекітілгенін хабарлады.
Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 45 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Ал 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша және т.б. жұмыспен қамтылған азаматтардың 45%-ын жастар құрайды. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі 2 мыңға жуық азамат бар.
Еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындары арқылы 228 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Олардың 62%-ы ауыл және балық шаруашылығы, құрылыс және өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Тұрақты жұмысқа жіберілген азаматтардың да 46%-ы – жастар.
Президентінің әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі бастамасы аясында 278 мыңнан астам азамат жұмысқа орналастырылды. Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына шамамен 181 мың адам жіберілді. Сонымен қатар жастарға бизнес-жобаларды іске асыруға шағын несиелер мен гранттар беру үдерісі жалғасын тауып отыр.
Отырыста кейбір өңірлердің басшылары да сөз сөйледі. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жастарға шағын несие беру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру туралы баяндады.
Премьер-министр Үкімет алдында биыл 1 млн-ға жуық адамды жұмысқа орналастыру міндеті тұрғанын айтты. Қазіргі таңда жалпы 734 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың жартысы – жастар.
«Қалған 2,5 айда жоспарлы көрсеткіштердің бәрі орындалуға тиіс», деп атап өтті ол.
Жалпы, әр өңірдің өзінің жұмысқа орналастыру жоспары бар. Онда әрбір өңірдегі еңбек нарығының ерекшеліктері ескерілген. Бұл ретте Премьер-министр жастарды еңбекке тарту ісіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Үкімет басшысы бүгінде экономикаға энергетика, мұнай-газ индустриясы, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, IT-саласының мамандары қажет екенін назарға алды. Осыған байланысты ол Ғылым және жоғарғы білім, Оқу-ағарту министрліктері мемлекеттік білім беру гранттарының тізбесін қалыптастыру кезінде осы бағыттарды ескеруге тиіс екенін ескертті.
Ол бүгінде жұмыспен қамту орталықтары облыстық Еңбек ұтқырлығы орталықтары болып қайта құрылғанын еске салды. Жалпы, аталған орталықтар жұмыстарын біршама жаңғыртып, қайта ұйымдастырды.
«Енді Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы орталықтар арқылы жұмысқа орналастыру жүйесіне мониторинг жүргізу механизмін жетілдіруге тиіс. Міндетті зейнетақы аударымдары бар электрондық еңбек шарттарының жасалуына ерекше назар аудару қажет», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы өңірлерде құрылып жатқан жұмыс орындарының сапасын арттыру қажеттігін, атап айтқанда, мемлекеттік қолдау аясында ғана емес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен жеке инвесторлар арқылы да қамтамасыз ету, бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін жүйелі түрде өткізу және Астанада іске асырылып жатқан «Жолтап» қанатқақты жобасын үлгі ретінде пайдалану, сондай-ақ жұмысқа орналасудың жаңа мүмкіндіктері туралы халықты хабардар ету шараларын күшейтуге тиіс екенін атап өтті.
Отбасылық зорлық-зомбылыққа жол жоқ
Үкімет отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі де қаралды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Мемлекет басшысы кәмелетке толмаған балаларға жасалған қастандықтарды қоса алғанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруды тапсырғанын айтты.
Алдын алу және отбасыларға кешенді көмек көрсету аясында өңірлерде 68 қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша тұратын орын ұсынады. Психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмекпен қатар, ондағы мамандар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетеді.
Жалпы, жыл басынан бері 100 мыңнан астам консультация берілді. Бүгінгі таңда осы орталықтардың қызметін стандарттау және жанұяларды тұрмысы нашар отбасылар қатарынан шығару үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсарту үшін бірыңғай тұжырымдама жобасы әзірленіп жатыр. 2024 жылдан бастап барлық орталықтың жұмысына бірыңғай тәсілдер енгізілетін болады.
Сонымен қатар министр қазіргі уақытта өңірлерде ҮЕҰ дағдарыс орталықтарының жұмысын қаржыландыру, жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, халықтың репродуктивті денсаулығын сақтау және аз қамтылған отбасылармен профилактикалық жұмыс сияқты шараларды қамтитын 156 әлеуметтік жоба іске асырылып жатқанын алға тартты. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу бойынша қанатқақты жобаны іске қосты, оның мақсаты – отбасыларды сақтау және тұрмыстық қылмыстар санын азайту.
Одан бөлек 16 қазаннан бастап республикада отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111 – Amanat» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылды. Ол арқылы жедел режімде құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсетіледі.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха заңнамалық деңгейде қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі жаңа шаралар туралы айтып берді. Өңірлердегі жұмыс туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.
Премьер-министр отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекеттік деңгейде, сондай-ақ қоғамның тарапынан да кешенді тәсілдерді талап ететінін айтты. Атап айтқанда, биылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Тамыз айынан бастап өңірлерде тиісті Жол картасы іске асырылып келеді.
«Жалпы, қазірдің өзінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтың төмендегені байқалады. Дегенмен бұл мәселеде жағдай әлі де күрделі. Жыл басынан бері осындай фактілер бойынша полицияға 74 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Әкімшілік қамауға алынғандардың саны 2 есеге көбейді», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы өңірлерде отбасыға қолдау көрсететін 70-ке жуық орталық құрылғанын еске салды. Онда зардап шеккендерге медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Алайда бұл орталықтардың қатары жеткіліксіз.
«Үш жыл ішінде қосымша осындай 97 орталық ашу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта олардың қызметін жүйеге келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар орталықтарды тиісті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін де шешу қажет», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларға жүйелі түрде психологиялық көмек беру жұмыстары жүргізілмейтінін айтты. Бұл ретте «Жедел желі» мен сенім телефондарының мүмкіндігін кеңейту маңызды.
«Жалпы, отбасылық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді баланың бойына жастайынан қалыптастырудың маңызы зор. Біздің қоғам отбасылық агрессорларға және осыған ұқсас фактілердің кез келген түріне мүлдем төзбеушілік танытуға тиіс. Зардап шеккендерді, әсіресе балаларды мұндай проблемамен бетпе-бет қалдыруға болмайды», деді Ә.Смайылов.
Премьер-министр 2025 жылға дейін әр облыста балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтарын ашу жоспарын әзірлеп, бекітуді, жаңа отбасын қолдау орталықтарын, сондай-ақ наркологиялық мекемелерді ашуды қамтамасыз етуді, психотерапевтер мен наркологтерді даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты ұлғайту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты қабылданған түзетулер бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.