Фото: parlam.kz
«Биыл шілде айында халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері, бірнеше депутат Жетісу мен Жамбыл облыстарындағы шекара әскери бөлімдерінде болып, қауіпсіздік мәселесін іштей зерделедік.
Бірқатар әскери бөлімдерде қажетті жағдай жасалмаған. Ауызсу, жылу, жарық беру, кадр сондай-ақ әлеуметтік қорғау мәселесі де бар. Сонымен бірге шекараны қорғаудың техникалық және байланыс құралдарының ескіруі, инфрақұрылымның тозуы қатты алаңдатады. Мәселен, бүгінде шекара заставаларының кейбірі апаттық жағдайда тұр. 1950-1960 жылдары салынған, әбден тозығы жеткен ескі ғимаратта орналасқан. Шекара шебін бекемдеу мақсатында 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған еді. Бұл бағдарлама аясында 68 нысанның құрылысы жоспарланып, қажетті қаражат бөлінген. Алайда 15-інің құрылысы аяқсыз қалған. 2017 жылы осы 15 нысанның құрылысына аудиторлық тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде олардың үшеуі апаттық деп танылса, 9 нысанның құрылысы талапқа сай болмай шыққан. Мұндай кемшіліктерді Солтүстік Қазақстан облысындағы заставаларды аралағанда да көрдік. Құрылыс компаниялары жұмысты аяқтамай жатып құрылыс материалдары қымбаттады деген желеумен сметалық құнынан қосымша ақша сұрайды, құрылысты созбалаңға салады. Осындай мердігер компаниялардың кесірінен заставалардағы мәселенің күрмеуі шешілмейді. 2024-2028 жылдарға арналған шекара қаупсіздігінің кешенді жоспары әзірленген. Сонымен қатар мемлекеттік шекара инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша жол картасы бекітілді. Бұл шаруаны тиянақты атқаруға 700 миллиард теңге қажет. Алайда Мәжілісте қаралып жатқан бюджетте шекара мәселесін шешуге тиісті қаражат енгізілмеген», деді Б.Керімбек.
Мәжіліс депутаты әлемдегі геосаяси жағдайды ескере отырып, елдің егемендігін, аумақтың тұтастығын, ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке бірнеше ұсыныс айтты.
Б.Керімбек 2020 жылға дейінгі қарулы күштері тұжырымдамасының орындалуын қамтамасыз ету, атап айтқанда: шекара қызметінде бастапқы сержанттан генералға дейінгі әскери кадрларды даярлау, шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында курстық дайындықтан өту, әскери қызметшілердің әлеуметтік пакетін жетілдіру, шекара инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған арнайы іс-шаралар қабылдау, шекара қызметін және қорғаныс саласын қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің кем дегенде бір пайызына жеткізуді заңмен бекітуді ұсынды.